Тау емдейді. Ертегі

Тау емдейді. Ертегі
Фото: Ернар Алмабек

Терезеге телміріп бала тұр. Терезе ашылмайды. Көктен төменге құлдырап қар жауады. Тоғызыншы қабаттан бірінші қабатқа дейін қалай түскенін бала тапжылмай тамашалайды. Қар жай ғана құлдырамайды, шыр айнала құйындап түседі. Бейне бір таудағы қарды біреу бар күшімен үрлеген секілді, барлық қар қалаға қарай ұшып келеді. Жарты күн бойы осы құбылыс тоқтамады.

Бала ауырып жүр. Оған атасы қарайды. Анығында, атасы балаға емес, теледидарға қарайды. Асүйге барып отыруға болар еді, онда іші пысады. Диванға жатайын десе, онда да айналысатын түк жоқ. Мектепке барғысы келді.

Қардан үйлердің жартысы көрінбейді. Қала өзгеріп сала берген, басқа қала сияқты. Бала өзін басқа қалада тұрмын деп елестетіп көрді, Эйфель мұнарасын елестетті. Мұнараның арғы жағында тау тұрса... Ол туған қаласынан ешқайда аттап шығып көрмеді. Бірақ география пәнінен оқығаны бойынша оңай елестете алады.

Бұл ақпан айының басы еді, ең қиын кезең. Барлық қысқы мерекелер артта қалды, сыйлықтар сыйланып қойды, тәттілер желініп бітті. Күн болса өте суық, көктемді көзіңе елестете де алмайсың. Оның қасында Эйфель мұнарасын елестетуге болады.

Бала енді көз алдына мынадай көрініс елесттетті: Қар үш күн бойы жауып, қаланы көміп тастады. Үйлердің бәрі қар астында қалып, қар қалыңдығы тоғызыншы қабатқа дейін жетті. Бір қабаттан екінші қабатқа омьы қардан секіру үшін бар жігеріңді жисаң да, бұл − арман. Одан кейін мамық қар арасынан жүретін жол салғанын елестетті. Жолда Арай әпкені кездестіруге болады. Ол шайнекке қар салып алды, қайнатып ішпек ойы бар. Екінші қабатта тұрып қар салып алу қиын емес қой.

Эскимостардың үйі секілді іші жарық. Себебі оның қабырғасы қардан құралған, ал терезесі жоқ. Екінші қабат тұсында жол салуды қалайтын терезе бар, бірақ бұл жерде қалай адаспауға болады? Атасы ойын бөліп жіберді.

− Бүгін түскі асқа не жейміз? − деп атасы көзілдірігін шешті. Ол теледидарды біресе көзілдірікпен, біресе көзілдіріксіз көреді. Көзілдірігін бір киіп, бір шешеді. Оның көзі жақсы көре ме, көрмей ме − белгісіз.

Бала таң атпастан палауды бір сағат ысытуға қойғанын еске түсірді. Бір сағат өтіп кетті. Біртүрлі қызық күн болды. Үйге ешкім келмеді.

− Түскі асқа палау жейміз, ата. Салат та бар.
− Қане, үстелге әкел, − деді. Атасы қатал ғана емес, кірпияз жан еді. Ол баланың анасының халатын, әкесінің аяқ киімін киіп жүретін. Оның ескі әскери формасынан басқа түгі жоқ. Оны да кейде, тек мейрам кездері киеді. Атасы келмеген, оны әкеліп тастаған. Сонда әскери формадан басқа ештеңесі болмаған.

− Ата, бүгін маған ешкім келмеді ме? Естіген жоқсың ба? − деп сұрады бала, бұлай болуы мүмкін емес екеніне сенімді еді. Оның бегілі күн тәртібі бар. Таңертеңгі сағат онда география мұғалімі келеді, он бірде ән сабағының мұғалімі, сағат он екіде емдік гимнастикадан жаттықтырушы келетін. Сағат бірде түскі ас ішеді де, ұйқыға жатады.

Баланың еш жері ауырмайды, бірақ ол науқас болып үйде жатыр. Үш айдан соң қайтадан мектепке баруына рұқсат берілуі мүмкін.

Ол үстелге нан, шанышқы қойды, тоңазытқыштағы салатты алды. Ысытылған палауды тәрелкелерге бөліп салды. Залда теледидар алдында отырып түстенді. Балаға атасы қонаққа келіп, теледидарды алғаш көргендей сезілді. Атасы өткен жылғы мейрамнан кейін анасының халатын киіп, бозғылт креслоға отырғаннан, тұруы сиреді. Ол көшеге шығуды жақтырмайтын.

Атасы жуынатын бөлмеге кірді. Қолын жуып, суды шулатты.

Сағат түскі бір болды ғой, деп ойлады бала. Әлі бір адам бас сұғар емес. Қар көшкінің себебінен болар. Үйдің бірінші қабатын түгел көміп тастады. Ал мектепте не болып жатыр екен? Онда адам айтқысыз көңілді екені айдан анық.

Бірақ, қалай болғанда да олар уәде берді ғой. Мұғалімдер алдамайды. Оларға баланы алдауға тыйым салынған.

Бала үстелге жайғасты. Етті шанышқымен шаншуға тырысып, күрішті шайнай бастады.

Атасы да дастарқан басына келді. Нанның жартысын бөліп алды, сосын жарты нанның да жартысын бөліп жеді.

− Мен домофон тұтқасын тексердім. Оның тетігі "off" күйінде тұр, − деді атасы көзімен шәйнек пен кесені іздеп отырып, − Сендерде бәрі тетікпен істейді ғой. Сол сенімді.

Бала мектепке қоңырау шалайын деп орнынан қарғып тұрды. Ақыры сылтау табылды-ау!

− Отыр! Тамағыңды тауыспай орныңнан тұрмайсың. Кейін хабарлассаң да болады.
− Ата, демек, олар келіп, кетіп қалған болды ғой?
− Енді ешқандай жолмен анықтай алмайсың. Мүмкін, келіп кеткен шығар. Мүмкін, енді келмейтін шығар, − деді атасы қолына пульт алып. Дауысын ақырындатайын деп ойлады. Өзін патшадай ұстайды.

Тезірек мектепке барсам ғой, үйде отырып жарылатын болдым, − деді бала шанышқыны тәрелкеге тарс еткізіп, сосын тағы да ұрды. Алғашында байқамай ұрып алып еді, дыбысы ұнап қалды да, екінші рет әдейі соқты.

− Әкеңе сені табиғат аясына жиі шығарсын деп айту керек. Таза ауамен тыныстасаң, тез сауығасың. Сосын мектепке де барасың. Сені тау емдейді. Әрдайым солай болып келеді.

@. @assel_assanova