Балқаш көлі туралы ертегі

Балқаш көлі туралы ертегі
Фото: almatyregion-tour.kz

Ерте-ерте ертеде Балқаш көлі жағасында қарама-қарсы қалалар болды. Керемет қалалардың бірі – "Бал" деп аталды, екіншісінің атауы – Қаш еді. Екі қала тұрғындары да дәстүрлі қолөнермен айналысты. Сүңгуіш халық көлдегі бақалшықтардан інжу, меруерт алып, жағаға шығатын еді.

Күндердің күнінде құрлықта тұз таусылып қалды, тұз жетіспеушілігінен қарапайым халық жапа шекті. Сонда Қаш қаласының жұрты көл суынан тұз сүзіп алатын арнайы елек ойлап тапты. Күні-түні тұз сүзумен айналысып, інжу тастар теруге уақыт та қалмады.

Қала көркейіп, байыды. Бірақ, бір қиыны, көлдегі тұз тез таусылып, су тұщы болып қалды. Қаш қаласының тұрғындары Бал қаласы одан да бай, көрікті қалаға айналғанын байқады. Оның құпиясы мынада: меруерт тасын алатын қабыршақтар тек тұзды суда болады, Қаш қаласы жағындағы су тұщы болып кеткендіктен бағалы тастар көлдің келесі жағына жылжып кеткен екен.

Бал қаласының халқы Қаш тұрғындары немен айналысып жүргенін білді де, тұз таусылып қалар деп қорықты, тұз таусылса інжу тастар да болмайды. Сол себепті олар көрші қаламен келісіп, көлді екіге бөліп алды.

Уақыт өте келе көлдің Қаш қаласына тиесілі бөлігі мүлдем тұщы болып қалды, тұз таусылды. Адамдар бұл қаладан үдере көшті. Көпшілігі Бал қаласына қоныс аударды. Ол жақта суды елеп-екшеуге, тұз алуға болмайды. Көшіп барған халық та меруерт іздеуге мәжбүр болды. Бал үлкен қала еді, Қаш қаласының тұрғындары да келіп қоныстанғасын, одан сайын үлкейе түсті. Қаладағы барлық адам меруерт, інжу жинаумен айналысты.

Тұрғындары көшіп, тастап кеткен Қаш қаласы қазір жоқ. Қамалдары қирап, жел ұшырып кетті. Ал Балқаш көлі сол қалпы жартысы ащы, жартысы тұщы болып қалды.

@. @assel_assanova