Барымды бөліскеніме бақыттымын

Барымды бөліскеніме бақыттымын
Фото: namonitore.ru

Бүгін, қазан айының 26 күні ертегі патшасы Ганс Христиан Андерсеннің туған күні. Әдебиетте балаларға базарлықты молынан әкелген тұлғаның құрметіне бір ертегісін тәржімалап ұсынуды жөн санадық.

Ұлу мен раушан

Жаңғақ ағашының бұталарымен қоршалып тұрған бақша. Оның жанында сиыр, қой өсірілетін алаңқай бар. Ал бақша ортасында алқызыл раушан бұтасы өсетін. Бұта түбіне кішкене ғана ұлу қонақтаған. Ұлу өзі кішкентай болғанымен, іші табиғи байлықтармен тұнып тұр.

– Мен бұл әлемге раушан бұтасынан да, жаңғақ ағашынан да асып түсетін, тіпті қой мен сиыр беретін сүттен де маңызды нәрсе беремін! – дейді ұлу.

– Мен сізден көп нәрсе күтемін, - деді раушан бұтағы, - ал бұл қашан болады?

– Уақыт көрсетеді. Сіздер барлығыңыз тез орындалса екен дейсіздер. Асықпаған арбамен қоянға жетеді. Асыққан адам оқиғаны толық сезіне алмайды.

Келесі жылы ұлу бұрынғы орнынан сәл ғана қозғалады. Ал раушан бұтағы түйнектеп, жыл сайын жаңа, хош иісті гүл ашады.

Ұлу бақалшығынан жартылай шығып:

– Бәрі де өткен жылдағы секілді. Түк өзгермеген. Раушан бұтағы сол раушанымен тұр, бір қадам алға жылжымаған, - дейді.

Жаз өтеді, күз өтеді. Раушан гүлі қар жауып, сыз түспейінше гүлденіп тұра береді. Ауа райы салқындай бастағанда ұлу жер астына жорғалап кіріп кетеді.

Күн артынан күн өтіп, қайтадан көктем келеді.

– Енді сіз қартайдыңыз! – деді ұлу раушанға, – Сіз әлемге қолыңыздан келгеннің бәрін бердіңіз. Ал өзіңіздің ішкі күйіңіз жетілуі үшін не істедіңіз? Көп ұзамай жай ғана шыбыққа айналып қала бересіз. Менің не айтқым келгенін түсініп тұрмысыз?

– Мені олай қорқытпаңызшы, - деді раушан бұтағы. – Бұл туралы мүлдем ойланбаппын.

– Бәсе, ішкі ойыңызды дамытпағаныңыз көрініп тұр. Ал сіз бір сәт болса да не себепті гүл жаратыныңызды ойға алып көрдіңіз бе? Бұл қалай жүзеге асады? Гүлдемесеңіз не болады?

– Жоқ, - деді раушан. – Мен жай ғана қуанғаннан гүлденемін, басқаша болуы мүмкін емес. Күн молынан шуақ шашады, тап-таза ауамен тыныстаймын. Мөлдір шық пен берекелі жаңбыр арқылы шөл қандырамын. Маған жерден нәр беріледі. Әрдайым бақытты болдым, жыл сайын жаңа қуанышқа кенеліп тұрдым, сол себепті бақытымды өзгелерге де таратуға тиіспін, әйтпесе болмайды.

– Сөзіңізге қарасам, еш уайымсыз күн кешкенге ұқсайсыз, - деді ұлу.

– Әрине, менде жаныма не керектің бәрі болды. Бірақ сізге менен де көп нәрсе берілген секілді. Терең де сырлы ойыңыз, табиғи дарыныңыз бар. Ол арқылы бүкіл әлемді таңдандыруға болады.

– Мен сіздердің әлемдеріңіз жайлы білгім де келмейді. Онда не шаруам бар? Өзіммен өзім болсам жеткілікті.

– Иә, солайы солай ғой. Бірақ біз жер бетінде бірге өмір сүрген соң өзіміздегі бар жақсыны қоршаған ортамен бөлісуіміз керек. Мен тек қана раушан гүлдеріммен бөлістім. Ал сіздің мүмкіндігіңіз менен де жоғары, бірақ әлемге не бердіңіз?

– Маған айтып тұрмысыз? Әлем күл болмаса, бұл болсын. Мейлі, сиыр сүтін берсін, жаңғақ ағашы азығын берсін, олардың өз қауымы бар. Маған бәрібір.

Осы сөздерді айтты да ұлу қабыршағына кіріп, тасаланып қалды.

– Қандай өкінішіті! – деді раушан бұтасы. – Мен өзіммен өзім бола алмаймын. Ең көрікті қыз мені құшағына қысып, шаттанды, тағы бір мейірбан ана баласынан мені сыйға алғаны үшін оны мейірлене сүйді. Мен үшін осы көріністерге куә болудан артық бақыт жоқ. Өмірім сонысымен құнды, сонысымен қызықты. Барымды бөліскеніме бақыттымын!

@. @assel_assanova