Момышұлына сәлем бере барған төрт шайыр жайлы хикая

Момышұлына сәлем бере барған төрт шайыр жайлы хикая
Фото: everything.kz

ҚазМУ — набыт…
Төрт ақынбыз өр кеуде,
Алатауды қалған шақ ед алып боп.
«Момышұлын көрсетем, — деп, — сендерге», —
Ертіп барды ағайымыз Мамытбек.

Несін бүгін жасырайын, халайық,
Желке шашым көрсететін сес-айбар;
«Бауыржан ба?..
Сәлем бере салайық»…-
Айтпасақ та ішімізде осы ой бар.

Сәл дарылдап,
кірсек керек жалындап,
Кірпігінен «Ұлы Отанның» қаны ұшқан,
Алдымыздан шыға келді арылдап,
Бейне тордан босап кеткен арыстан.

Төрт ақын ек бөрі болып жортатын,
Мысық болдық…
Сондай да бір өтті шақ.
Түк пайдаға аспай қалды төрт ақын,
Танк тапап, талқан қылған доп құсап.

Сәлеміміз су тигендей божырап,
Сауалымыз у тигендей қожырап;
Бас — кеудеден,
тілім жақтан ажырап,
Қарсы алдымда арыстан тұр азынап.

Өз ұямда —
тіреп жатар аспанды
Сыйрағым да.., тырнағым да бар еді.
Баршын бүркіт бас салғанда қашты әлгі,
Қос қанат қып
Үрей менен Зәрені.

Арман болды ал аман қайту енді елге,
Ағай жақтан күтіп едік бір тірек.
«Ұстаздарың мынау болса,
Сендер де
Оңбайсыңдар!» — деп тастады күркіреп.

Түк қайрансыз күле беред далбаса —
Бонапарттың жанындағы Талейран.
Мынадан соң,
Хақтан жәрдем болмаса,
Қайран жоғын байқап қалдық ағайдан.

Шығарға есік, тесік те жоқ кіретін,
Нұр да қашып, жауып қалды бетті күл.
Жайшылықта бұлтты шайқап жүретін
Мүйізіміз киіз болды көк тұқыл…

«Қарақтарым.. —
Сенбейін бе, сенем бе?» —
«Арыстаннан» кенет жылы үн шықты, —
Дастарқанға жақындаңдар», — дегенде,
Шөже-жүрек ұясында тұншықты.

«Меймандардың» байқап көріп әр қырын,
Шешілді-ай бір шемен-шерлі шежіре.
Қан кешуден өткен қазақ тағдырын
Сол күйінде әкеп қойды көзіме.

«Соғыс жайлы сұрамаңдар, ақылым,
Соғыс жайын енді ешкімге үйретпен.
Талай сары генералдың қатынын,
Бар болғаны, жігітпін мен билеткен!

…Атағым да бар адаммын.., шатағым,
Менің жанды жарама көп соқпаңдар.
Бермей жүрген маған «батыр» атағын,
Шамаң жетсе, ЦК-ны анау соттаңдар!

…Қазақ жатыр табанында Тажалдың,
Соңғы демін суырған жоқ Алла әзір.
Жыйырмаға кеп — үйленбесең, ажалдым,
Осы жерден қуып шығам дәл қазір.

Көбейіңдер!
Бос жүрмеңдер ырбаңдап!..
Нешедесің? —
Маған назар бұр, бала!..»
Әлгі жерде қол-аяғым тырбаңдап,
Жаным қалды —
Жасым жетпей жыйырмаға.

Бұлбұл қонған бұтағындай ағаштың
Көкіректен керуен-керуен төкті-ай жыр.
Әсіресе,
Арыстарын Алаштың
Жоқтағанда күңіреніп кетті-ай бір.

«…Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға — қатын, жақынға — жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп!..» —

«Бұл — Шәкәрім!
Ұлы Абайдың тұнбасы,
Құдайды іздеп, бөлек кеткен тобынан.
Құлап түскен оның таудай тұлғасы
Қарасартов-қарақшының оғынан».

«Қайғыдан, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған»! —

«Бұл Ахмет!
Ұлт көсемі — кемеңгер,
Жұтты басын —
өткізбеді аран-шеп…
Академик Қосақбаев дегендер
Орынына өскен соның арам шөп».

«Міржақып — төменгінің аласасы,
Сөзімнің бар ма, жоқ па, тамашасы?
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы!..» —

«Бұл — Міржақып! —
Қызыл тілдің шешені,
Бар қазақты қаңғып жүріп оятқан.
Біздің тұңғыш романның иесі еді,
Өтті өмірден, басы айырылмай таяқтан».

«Сұм өмір абақты ғой саналыға,
Сондықтан жаным менің жаралы да.
Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сүйенеді қаламына!..» —

«Бұл — Мағжан ғой! —
Назым сөздің зергері,
Антына да берік болды, Даңқына.
Айды алқа ғып, жұлдыз-жақұт тергені
Бұйырмаған өзін туған халқына».

«Сыртынан көреміз де, сүйінеміз,
Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз.
Қашан түсіп қалғанша хатшы болмай,
Ақын болып туғанға күйінеміз!..» —

«Бұл — Қасым ғой!
Сом Қасым ғой!
Сол Қасым! —
Алматыда сүрді өмірін қан жұтып.
Сөзі де ерік, өзі бөлек болғасын,
Құл-қазақтар қойған оны қаңғытып!..

Қарақтарым!
Ұлттың ары — осылар,
Намысыңды тұтат Ардың отымен.
Ақтап алар келеді ұрпақ есі бар,
Оттай берсін қазіргі көп көкіген…»

…Төрт ақынды жібергендей түзеп сын,
Алты сағат мазалаған Атасын.
«Ар мен Намыс болғай, — деп, — қос күзетшің», —
Берді батыр бізге сонда батасын.

Қоштасарда: «Затыңда емес, атыңда
Кінәрәт бар… —
маған қарап оқталды, —
Жараспай тұр қазаққа да, ақынға,
«Жарқынғали» атанарсың!» — деп қалды…

Шықтық, сөйтіп, батыр-шалдан бата алып,
Қалашыққа жеттік жаяу демалмай.
«Бауыржаннан бата алғандар» атанып,
Көпке дейін өзімізге келе алмай.

…Батыр жайлы естелік бұл Ең Соңғы,
Бізден кейін кезіккен жоқ ешкіммен.
Жыйырма алты жыл өткеннен соң
Еңсемді
Көтеріп ап, шақта жаздым Ес кірген.

Жасаттырмай жан қуырған Дертіне ем,
Ұлт алдында барлық ісін атқарып;
«Қазақстан Ресейге «еркімен»
Қосылған» күн кетті Еліне аттанып…

Кетпейді естен келе жатқан «ісініп»,
Төрт ақынның шайтандарын шалған күн.
Ұлт Ары үшін шын шайқасқа пісіріп,
Өз қолымен қайран Баукең салған күн.

Ылайықты іс қылмасам да Даңқына,
Марқаямын көргеніме батырды…
…Ия, айтпақшы, осы жырдың артына
«Жарқынғали» деп жазайын атымды…

Светқали Нұржан
everything.kz

@. @assel_assanova