Жүніс Емренің өлеңдері қазақ тілінде жарық көрді

Жүніс Емренің өлеңдері қазақ тілінде жарық көрді
Фото: inform.kz

2021 жылды белгілі ақын, түрік әлеміне ортақ тұлға, түрік әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Жүніс Емренің қайтыс болғанына 700 жыл толуына орай "Жүніс Емре" жылы деп жарияланды. Елімізде де ақынның өлеңдері кеңінен намихатталып, қазақ тіліне аударылған болатын. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Жүніс Емренің төл тілімізге аударылған өлеңдері кітап болып жарыққа шықты.

19 ақын аударған кітаптың басылып шығуына Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтандағы филиалы мен Жүніс Емренің мәдени орталығы атсалысқан.

"Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері" деп аталатын жинаққа ақынның атақты "Диуан" және "Насихаттар кітабы" жинағындағы 72 өлеңі кірген. Оны профессор Эрдоған Боз қазіргі түрік тіліне ыңғайлап мәтін түрінде жазып шыққан. Ал, Юнис Эмре орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина жолма-жол қазақша аудармасын жасаған. Өлең түрінде қазақтың талантты ақындары көркем аудармасын жазған.

Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филианың директоры Дәулеткерей Кәпұлы бұл игі іске жас ақындар тартылғанын айтады.

"2021 жылы Жүніс Емренің өмірден озғанына 700 толуына орай Түркияда "Жүніс Емре" жылы болып жарияланған. Қазақстандағы Жүніс Емре институты өкілдері бізге хабарласып ақынның таңдаулы 72 өлеңін қазақ тіліне аударсақ деп ұсыныс білдірді. Бұған дейін де Жүніс Емре өлеңдері қазақ тіліне жекелеген ақындарымыз тарапынан аударылып, кітап болып жаррыққа шыққан. Қазақ оқырмандарына ақынның өлеңдері таныс. Ұлықбек Есдәулет пен Несіпбек Айтұлы аударған, сонымен қатар былтыр Түрік академиясының ұйымдастыруымен Светқали Нұржанның аудармасымен жеке кітабы шыққан. Біз неге 72 өлеңін аудардық дегенге келетін болсақ, Түркиядағы Жүніс Емрені зерттеуші ғалымдар 72 өлеңді таңдап алған. Бізге ескі және жаңа түрік тіліндегі, сонымен қатар қазақша жолма-жол аудармаларын әкелді. Әр ақынның ойлау, көру жүйесі әр түрлі ғой. Сондықтан, өлеңдерді қазақтың жас ақындарына ұсындық. Оның ішінде Шерхан Талап, Батырхан Сәрсенхан, Олжас Қасым, Айдын Байыс, Біржан Ахмер сынды қазіргі поэзияда өздерінің қолтаңбасы қалыптасып қалған ақындар бар. Кітап 1000 данамен Foliant баспасынан шықты", - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.

Жүніс Емре кім?

Жүніс Емре (Ynus Emre) – 1238 жылы дүниеге келген әйгілі түрік халық ақындарының бірі және түрік мәдениетіне үлкен ықпал еткен танымал адам.

Жүніс Емре әйгілі сопы болды, өйткені оның түрік тілінде жазған өлеңдері көптеген жасырын мағыналар мен ережелерге толы. Ол өлеңдерін көбіне Жүніс әл Ғариб лақаб атымен жазды.

Жүніс жас кезінде анасымен бірге өмір сүрген, кейбір тарихи деректерге сүйенсек, оны адамдар "Белгісіз Жүніс" деп атайтындықтан, өзін жалғыздық пен қоғам арасында бөтен сезінген. Сондықтал ол уақытын көп бөлігін терең ойға шомып, жүзімдіктер мен бау-бақшаларды аралаумен өткізген.

Ақынның өмір сүрген жылдары Анадолыға моңғол шапқыншылығы мен түріктер мен моңғолдар арасындағы үздіксіз шайқастарға тура келеді.  Және сол кезде ашаршылық пен ойран Анадолыға тарады. Кейіннен бұл тарихи оқиғалар Жүністің өлеңдеріне арқау болды.

Жүніс Емре ақындығымен қоса саяхатшы да болған. Оның Кайсери, Тебриз, Сивас, Мерс, Бағдат, Нахчыван және Ширазға саяхаты шығармасылығана әсер етті.  

Бұл кітап Юнустың тынысын барша адамзатқа тағы бір жеткізуге тырысқан еңбектің жемісі. Ақынның өз сөзімен айтсақ, бұл туынды — "Юнустың шыңдалған қазанында" қайнауға тәуекел еткен еңбектердің бірі екенін айтады Юнус Эмре институтының төрағасы Профессор Шереф АТЕШ.

"Юнустың бізге осынау ұлы хикметпен бірге қалдырған керемет түрікше мұрасы уақыттың сан алуан кедергілерін бұзыпжарып, бастапқы қалпында, жан толқытар ерекшелігін сақтай отырып бізге дейін келіп жетті. Юнустың ізін басқан ақынның сөзімен айтсақ: «Юнус сүт тістерімен түрікшенің Қалай ғажап орған екен көк егінін». Өз уақытын көктей өтіп, Анадолы тұрғынының жан дүниесіне сіңіп кеткен Юнус Эмренің өлеңдерінде осы жердің құнарлы топырағы, сылдырай аққан бұлақтары, саф ауасы, асқақ таулары да бар. Осыған орай өлеңдері де алғаш рет оқылған кездегідей әсер етіп, жол көрсетеді. Сондықтан да жан-жағымыздан анталаған әлеуметтік және экологиялық сырқаттар мен апаттарға қарсы тұру үшін әдебиет, сурет өнері, театр, әуен, кино, дизайн сынды мәдениет пен өнердің сан саласындағы туындыларда аты аталып, еске алынатын Юнус Эмреге тағы да бет бұрып, одан қуат алатын сәт туды", - дейді, Шереф АТЕШ.

Жүніс Емренің өлеңдерін аударуда ақын Шерхан Талап түрік тілін білгендіктен және екі елдің ділі һәм дініндегі ұқсастықтар болғандықтан аса қиындық тудырмағанын айтады.

"Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімін жалғастырушы, сопылық поэзияның аса көрнекті өкілі, түріктің ұлы ақыны әрі ойшылы Юнус Эмре шығармашылығы қазақ оқырмандарына бұрыннан таныс. Атап айтқанда, бұған дейін Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан секілді қазақтың белгілі қаламгерлері түрік шайырын қазақ тілінде сөйлеткен-ді. Ал, осы жолы кітап шығарушылар жас ақындарға көбірек сенім артқан екен.

Жалпы мен үшін Юнус Эмре өлеңдерін аудару аса көп қиындық тудырған жоқ. Біріншіден, түрік пен қазақ тіліндегі, діні мен діліндегі үндестіктер астарлы ой мен танымға тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Юнус Эмре орталығының мамандары өлеңдердің екі нұсқасын (оның ішінде ескі түрікшесін) жолма-жол аударуда көп көмек көрсетті. Оның үстіне өзім де түрік тілін білетін болғандықтан, түпкі ойдан ауытқып кетпеуге тырыстым. Аудармалардың сапасы туралы әдебиетшілер айта жатар, дегенмен менің ойымша бұл кітап оқырман қауымды бей-жай қалдырмасы анық. 

Тағы бір айта кетерлігі, қазақ-түрік әдебиетінің байланысы мұнымен шектелмей, жаңа түрік поэзиясы қазақша сөйлеп, қазіргі қазақ ақындарының өлеңдері түрік тіліне аударылып, әдеби-мәдени қарым-қатынас жалғаса берсе деймін"

Жүніс Емренің атақты болуының сыры неде?

Жүніс адами құндылықтарды, махаббат, қоғамдық тыныштықты сөз еткен өлеңдерімен танымал еді. Оның поэзиясы кейінгі түрік сопыларына үлкен әсер етті, сонымен қатар 1910 жылдан кейін түрік ұлттық поэзиясының қайта жандануында ақындарды шабыттандырды. Түркілер Жүніс Емрені  эпикалық қаһарман және әділдіктің ту ұстаушысы санады. Өйткені ол шөлді және қаңырап қалған бос жерлерді шығармашылығы, іс-әрекеті арқылы өмірге толы мекенге айналдырды. Ол түрік тілінен бөлек араб, парсы тілдерін жетік меңгерді.

Жүніс Емренің ең маңызды шығармалары қандай?

Жүніс көптеген көрнекті өлеңдер жазды, олар "Диуан" деп аталды. Ол сондай-ақ "Рисала ан-Насих" кітабын жазды, онда  Мәулана Жалал ад-Дин ар-Руми жазған әйгілі "Мәснави" кітабына ұқсас кеңестер береді. Аталмыш жырлары Әл-Фатих көшірмесі, Осман империясының Нұр көшірмесі, Яхия Эфендидің көшірмесі, Карман көшірмесі, Баликесир көшірмесі, Мысырдың Ниязи көшірмесі, Бурса көшірмесі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды.

Жүніс Емре – түрік мистика әдебиетіндегі ерекше стильдің негізін салушы да саналады.

Жүніс Емре поэзиясының ерекшелігі неде?

Жүніс Емре поэзиясы өз дәуірінің басқа өлеңдер жазған ақындарына ұқсамайтын, жергілікті Анадолы түріктері сөйлейтін танымал түрік тілінде жазылғандықтан, терең мағынасы мен парасаттылығымен, стилінің қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Оның негізінен илаһи махаббат пен адам тағдыры тақырыптарына арналған өлеңдері терең сезіммен, тура мәнерімен бірден көзге түседі. Жүністің өлеңдері де мазмұндық, формалық және тіл жағынан музыкамен ұштасып жатыр. Бір жағынан жаттауға оңай.

Жүніс Емре 1321 жылы 83 жасында қайтыс болып, Ескишехирде жерленген. Оның артында артында үлкен мұра қалды, өйткені ақын өлеңдері қазір көптеген тілдерде кеңінен танымал.

А. Оралқызы