"Мюнхаузеннің басынан кешкендері" қазақ тілінде жарық көрді

Жақында "Қасым" баспасынан Эрих Распэ Рудольфтің Abenteuer des Freiherrn von Munchhausen жинағы Абылай Мауданның тәржімасында "Мюнхаузеннің басынан кешкендері" деген атпен жарық көрді. 

Бұл кітапта Мюнхаузен атты әскери адамның басынан кешкен түрлі ғажайып оқиғалары баяндалады. Мюнхаузеннің Ресейде біраз уақыт соғысып, Германияға оралғасын басынан кешкен оқиғаларын күлкілі етіп әңгімелеп беретін болған. Кітап алғаш рет неміс тілінде, кейін ағылшын тілінде басылды. Ағылшын тіліндегі нұсқасы танымал болып кейіннен әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Қазақ тілінде де бірнеше рет жарық көрген.

Сатирик, аудармашы Абылай Маудан

Аударма авторы Абылай Маудан бұл шығарманыңң қазақ тіліне бұрын да аударылғанын, бірақ өз аудармасы мейлінше түпнұсқаға жақын тәржімаланғанын айтады.

"Оспанхан Әубәкіров аудармасында тұрақты тіркестер көп қолданылынған. Бұл аударма аударма емес, қазақ шығармасы сынды. Оспанхан ағамыз түпнұсқадан да асырып жіберген. Енді уақыт өте келе тіл жаңарды, ұғым жаңарды, сондықтан бұрынғы аудармалар да қазіргі оқырмандарға сай аударылуы керек деп ойлаймын. Мен тілін қарапайым етіп, түпнұсқаны сақтап аударуға тырыстым", - дейді аудармашы.

Оның оқиғасы қазақтағы "Қырық өтірік пен тазша бала" оқиғаларындай. Мюнхаузеннің әңгімелеріндегі сол кездегі барон мен помещиктерге тән мәдениетсіздік, өркеуде, мақтаншақтық бар еді. Сондықтан оның сөзі ел арасына бірден таралған. Қоғам беті бүлк етпейтін өтірікші мен мақтаншақ адамды көргенде "ой, мынау нағыз Мюнхаузеннің өзі ғой" дейтін болған екен. Мюнхаузен осылай кейіпкер ретінде әлемге танылды.

1781 жылы Берлинде шыққан "Көңілді адамдарға арналған нұсқаулық" журналының беттерінде 16 әңгіме алғаш рет жарияланды. Автордың тегі "M-H-G-N" аббревиатурасымен берілді. Бұл аңызға айналған барон Мюнхгаузеннің көркем бейнесін қалыптастырудың бастамасы еді. 1785 жылы Рудольф Эрих Распе Лондонда жасырын түрде ағылшын тілінде "Барон Мюнхгаузеннің Ресейдегі таңғажайып саяхаттары мен жорықтары туралы әңгімелер" атты кітапты ағылшын тілінде жариялады.

Кітап кейіннен бірнеше рет толықтырылды. Басында өтірікші мақтаншақ болған кейіпкер, кейіннен түрлі ғажайып фантастикалық оқиғаларды басынан кешіретін күлдіргі кейіпкерге айналды.

Абылай Маудан бұл кітапты аударуға 1 ай уақыт кеткенін айтады.

"Менің ойымша, осындай әлемге танылған балалар шығармасын, классикалық шығармаларды 50 жыл сайын қайта аударып отыру керек. Өйткені тіл жаңарады. Бұрынғы аудармада қазір қоғамда қолданылмайтын сөздер болады. Мысалы, Оспанхан Әубәкіров керемет аударған, бірақ оны ауылдағылар ғана түсінуі мүмкін. Мен аударма барысында қазіргі тілімізге жаңадан енген сөздерді жаздым. Бұл аударманың тілі жеңіл, оңай оқылады", - дейді аудармашы.

Барон Мюнхаузеннің шытырман оқиғалары фантастикалық және әзіл-оспақ оқиға. Оны оқыған балардың қиялы кеңіп, ойы дамиды. Осы кітаптың аударылуына мұрындық болған жазушы, баспагер Арман Әлменбет шығарма 2 мың данамен басылғанын айтады.

Арман Әлменбет: "Жақсы кітап болса, миллион теңге табу қиын емес"

Жазушы, баспагер Арман Әлменбет

"Бұл кітап қазақшаға төртінші рет аударылып отыр. Біріншісі 1935 жылғы аударма деседі. Ол кездегі тіл мен қазіргі тілде айырмашылық бар екенін ескеруіміз керек. Екіншісі Сатыбалды Даумов деген кісінікі екен. Үшіншісі Оспанхан Әубәкіровтікі. Біз о баста Оспанханның аудармасын алғымыз келген. Бірақ ол кісінің отбасы аударма құқығын басқа баспаға басыбайлы беріп қойыпты. Содан келіп, Абылай Маудановқа аударттық. Солай боланына кейін қуандық та. Өйткені Абылайдың аудармасы ең сәтті аударма болып шықты. Оқыған адам өзі-ақ осыған көз жеткізеді", - дейді баспагер.

Баспагер алдағы уақытта бұл шығарма еліміздің барлық өңіріне таратылатынын айтты.

"Алдыңғы қатарлы кітап дүкендердің бәріне қойылады. Алыс өңірлерге жеткізетін akel.kz бар", - дейді Арман Әлменбет.

"Қасым" баспасынан осы уақытқа дейін 37 кітап басылып шыққан. Оның ішінде балаларға арналған Бердібек Соқпақбаевтың    "Менің атым Қожасы", Антуан де Сент-Экзюперидің "Кішкентай шахзадасы", Даниель Дефоның "Робинзон Крузосы" тағы басқа авторлар бар.

"Мақсатымыз осыған дейінгі қазақ прозасында бар ең жақсы шығармаларды және осыған дейін жасалған ең жақсы аудармаларды басып шығару, одан соң арнайы жаздыруды қолға алу. Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар Қазақстанның кез келген жеріндегі тұрғын оп-оңай ала алатындай болуы керек. Үкімет кітабымызды сатып алып жатса, қуанамыз. Бірақ Сарыөзектегі немесе Жымитыдағы бір бала сатып алса да, солай қуанамыз ғой", - дейді баспагер.

Массагет порталы жаңадан шығып жатқан кітаптан бір әңгіме ұсынады

Дөп атылған оқ

Эрих Распе

Аударған Абылай Маудан

Италияда бір адамдай бай тұрдым, бірақ біртоға, бейбіт тірлік бірден жалықтырды.

Көксегенім – ерлік, серілік, жойқын жорықтар.

Күндердің бір күнінде, Италияның түбінде, ағылшындар мен испандар арасында соғыс басталды дегенді естіп, бөркімді аспанға атып қуандым. Іздегенім жазым ғой, – жарау атымды жайтаңдатып, қанды қырғынға қойып кеттім.

Испан деген итің ағылшындардың апшысын қуырып, Гибралтар қамалын қысып бара жатқанын көріп, жеңілген жаққа болысуды жөн көрдім.

Қамалдың қолбасшы генералы досым еді, құрақ ұшып қарсы алып, жоспарын жайып салды. «Кемшілігім болса айт, керекті кеңесіңді аяма» деген ойын көзінен оқып тұрмын. Талай-талай тар жерде менің ақылыммен жол тапқанын қалай ұмытсын!

Гибралтар бекінісінің қабырғасына шығып, испандар жаққа дүрбі салдым. Зәнталақтар жанталаса зеңбірегін шошайтып, тап біз екеуміз тұрған жерді көздеп жатыр.

Дереу бұйрық беріп, үлкендеу бір зеңбіректі сол орынға орнаттырдым.

– Бұл не үшін, – деді генерал.

– Қазір өзің көресің, – дедім мен.

Зеңбіректі құрып болысымен, ұңғысын испандарға қаратып қойдым. Жау зеңбірегі де бізге қарай зәрлене зәрін шашады. Екеуі сүзісетін қошқардай, бір-біріне қарсы қарап тұр. Олар оқпанына от қоя бергенде мен де:

– Атыңдар, – деп айғай салдым.

Екі зеңбірек те бір сәтте тұтанды.

Есебім дәл келді: екі ұңғыдан ұшқан оқ, тап мен межелеген тұста жойқын күшпен соқтығысты да, жаудың оғы кейін – испандықтардың өзіне қарай зымырады.

Сол екпінмен, жаудың зеңбірекшісімен қосып, он алты жауынгерінің басын допша домалатты.

Одан әрі айлақта тұрған үш кеменің діңгегін жұлып түсіп, ала өгіздей өкіріп, Африка жаққа заулады.

Мұнымен қоймай, екі жүз он төрт шақырым ұшып барып, жарлының жаман лашығының шатырына құлады. Ол лашықта бір кемпір аузы аңқайып, шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Зеңбіректің оғы шатырды тесіп өтіп, кемпірдің соңғы тісін сындырып, көмейіне кептеліп қалды!

Лашыққа шалы жетіп келді. Келе сала қолын кемпірдің өңешіне салып жіберіп, әрі-бері тартқылағанмен, – қозғалта алмады.

Ол өзі пысық, ақкөз адам болса керек, кемпірінің мұрнына ащы насыбай әкеп иіскете қойды. Кемпір келістіріп тұрып түшкіргенде, зеңбірек оғы терезеден көшеге кері ұшты.

Кері ұшқан оқтың да кесірі аз болмады: испандарды ит әуреге салды. Ал біздің оқ та бұл шақта қарап қалмады: әскери кемесінің үстіне түсіп, екі жүз теңіз жауынгерін түгел су түбіне батырып жіберді.

Менің тапқырлығымның арқасында бұл соғыста ағылшынның айбары асты.

– Мың да бір рахмет, аяулы достым, Мюнхаузен, – деді генерал қолымды құшырлана қысып. – Егер сен болмасаң, құриды екенбіз. Осынау жарқын жеңіс үшін біз саған қарыздармыз!

– Өй, сол да сөз боп па? Достарымнан немді аяйын, – дедім мен.

Ерлігім үшін генерал маған полковник дәрежесін бермек болып еді, – бас тарттым. Мен қарапайым адаммын, ондай жоғары мансапқа ас құйып ішем бе, қажеті не оның?