Анаң демалып алсын...

Анаң демалып алсын...
Фото: pixabay.com

АНАҢ ДЕМАЛЫП АЛСЫН... Босанған күннен бастап бұл сөзді күнде еститін болдым.
Жұмыстан кейін үйге келгенде қолын жуа салып, балаға ұмтылатын. Жаюлы дастархан, жаңадан әкелген газетке мән бермейтін. Сол кезде күйеуіме екінші рет шексіз ғашық болдым.
"Анаң демалып алсын" - деп жымиған ол, қолына Филиппті алады да, сосын мұрнының астынан бесік жырын ыңылдап айтып, ұлын ұйықтатқанша маза таппайтын.

"Анаң демалып алсын" - дейтін түн ішінде бала жылағанда ұйқылы-ояу тұрып, жаялығын ауыстырып, бөбегімізді менің қойныма ыңғайлап сап беріп жатып. Бала еміп болғанша ұйықтамай күтетін. Сосын оны ақырын алып бесігіне жатқызатын. "Анаң демалып алсын" - деп екі жеңін түріп жіберіп еркетотай балақайдың тамағын аузына тосатын. "Анаң демалып алсын" - деп бір жасар Филиппті кешкі серуенге киіндіріп, маған бір сағат болса да тынығып алуға мұрсат беруші еді.
"Анаң демалып алсын" - деп сыбырлайтын кітап оқып бер деп үйді басына көтеретін кішкентайымызға, сосын өзі ойлап табатын ертегілерін айтып беретін.

"Анаң демалып алсын" - баланың сабағын тексеріп, түсінбегенін тәптіштеп түсіндіріп беретін. "Анаң демалып алсын" - деп қатаң дауыспен қарсы алды мектеп бітіру кешінен келген ұлын. 
Осы сөзді естісем болды, жаным ерекше елжірейді. Күнделікті күйбең мен қиындықтан зәде болған жүректі мейірімнің ыстық толқыны орап алатын. Көзіме жас үйіріліп, бақыттан басым айналатын. Бүкіл әлемге бақыттымын деп айғайлап айтқым келетін! 

Үшінші рет күйеуіме ғашық еткен жайт болды. Анаң деген сөзді әжеге алмастырғанда. "Әжең демалып алсын" - деп жылап отырған немеремізге саусағын шошайтты, ұлым мен келінім бірінші рет бізге немеремді қалдырып кеткен күні. Ол бәсең дауыспен бесік жырын ыңылдады. "Әжең демалып алсын" - деді Филипптің тұңғышына көзін қысып, көлге ертіп бармақшы боп, қармақтарын жинай бастағанда. "Әжең демалып алсын" - деді дауысын қатайтып, планшеті бүкіл үйге бақырып тұрған немересіне құлаққап беріп жатып. 

Немере қызымызды көруіне аз уақыт қап еді. Көре алмай кетті. Балалар мені жалғыз қалдырғысы келмей, қолдарына көшіріп алды. Немере қызымды бірінші рет қолға алғанда, жылап қалдым. "Әжең демалып алсын" деген таныс дауысты еститіндей көңілім алабұртты.

Тіпті жан-жағыма қарап, сол дауыс шынымен естілетіндей күтіппін.
Кешке таман, ұйқысырап жатып төргі бөлмеден Филипптің "Ұйықта, ботам, ұйықтай ғой. Анаң демалып алсын" - деген дауысын естіп қалдым. Орнымнан тұрып, бөлмемнің есігін аштым. Филипп қызын қолына алып, бесік жырын ыңылдап жүр екен. Сол баяғы бесік жыры. Әкесі айтып беретін жыр.
Ол жанымызда жоқ. Бірақ оның "анаң демалып алсын" дейтін сөздері тірі.

Авторы белгісіз
Аударған Шынар Әбілда

@. @assel_assanova