Мен оның көзіне қарадым да естен тандым

Мен оның көзіне қарадым да естен тандым
Фото: pixabay.com

Ғажайып

Не болды дерің бар ма? Менің көзім оның көзіне түсіп кеткені... Байқаусызда. Сол сәт бар ғалам шартарапқа шашыла салды. Ғаламшарлар шектен шығып, Күн жерді айнала бастады. Қардың бәрі жерден көкке ұшып кетті. Мен оның көзіне қарадым да естен тандым. Ол менің көзіме қарады да, тұңғиығына батып кетті.
Біз бұл ғажайып үшін ешқашан өкінген емеспіз!

Қар жауып тұр
Менімен сөйлескің келеді, білем... Оны білетінім, өзімнің де айтарым көп. Дәл қазір бір-бірімізге не айтсақ болар екен? Мен міндетті түрде әлемдегі ең ақымақ жаңалық саналатын: «Бүгін бізге алғашқы қар жауды» дегенді айтар ем. Суретін де жіберер едім: терезедегі көрініс – ақ қалпақ киген көліктер мен ағаштар. Адамдарға алғашқы қар жауды дегенді айтатын жан керек екен! Етене жақын, ең қымбат жан! Әйтпесе, жақындығының мәнісі не? Ал сен маған жауап қатар ең... Қатты, қатты сағынғаныңды айтар ең... Оны білем. Өзім де сағынып жүрмін. Біз кездессек бүкіл әлем туралы сөйлесер ек. Болмашыны айтып күлер ек! Менің қалай күлетінім есіңде ме? Менің жақсы адамым... Біз кездессек жанымыз жарық, көңіліміз көтеріңкі, айнала шұғылалы боп кетер еді, әттең... Сен үндемейсің. Екеуміз де үндемейміз. Қар жауып тұр... 

Жігіттің монологы
Менің жүрегімнен орын алғысы келгендердің қарасы көп болды. Олар мені жақсы көрді. Қолға түсіргісі, меншіктеп алғысы келді. Бірақ бірде бірі менің көңіліме жақпады. Тағдырымның даңғыл жолында зуылдап келе жатып, жүрегімнің маңдай әйнегіне соғылып, шашылып қалғандарды жәндікке ұқсатушы ем. Олардың соңымнан жүгіргеніне жаным немқұрайлы еді. Мен шын мәнінде сүйе білмейтін шығармын, менде жүрек жоқ болар деп топшылай бастағам. Осы ойға бекіген, анық сенген сәтімде, байқатпай келіп, иығыма сен қондың, көбелегім! Жүрегім қалай елжірегенін білсең, мұндай сезімді басымнан кешпеген екем. Мен даңғыл жолдағы жарыстан шетке шығып, сен ұшып кетеді екен деп дем алуға да қорықтым. Абайламай сені жарақаттап алам ба деп шошыдым. Сен менің жүрегіме енді ғана бүр ашқан гүлден шырын іздеген ара құсап ендің, сол-ақ екен бар құпияның кілтін саған өзім-ақ бере салғаным. Енді қайда барсам да сен жүректесің, сені үркітіп алмасын деп жүрегіме абайлап соқ деп бұйырамын. Жүрегім дір-дір етеді. Жанымның есігін ашық қалдырдым. Саған таза ауаға, еркіндікке ұшып кету қажеттілігі барын түсінемін... Бірақ сен еркіндікті ешқашан аңсамау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын!"

Алина Ермолаева
Аударған: Шынар Әбелда

@. @assel_assanova