Өзің жарқырау арқылы өзгеге жол ашасың

Өзің жарқырау арқылы өзгеге жол ашасың
Фото: pixabay.com

Біздің үрей жаман едік дегендікте емес. Біздің үрей шектен тыс артықтығымызды көрсетуден туады. Өзгеден артықпын деген ой бізді шошытады. Бізді Түнек емес, Жарық қорқытады. Біз өзімізден: осынша жарқырап, ғажап, талантты боларлықтай мен кім едім деп сұраймыз. Ал, неге сондай болмасқа? Сіз де Алланың сыйысыз. Сіздің өзіңізді кемсітуіңіз ғаламға қызмет етпейді. Өзгелердің тыныштығын ұрламайын, олар менің жанымда өздерін қауіпсіз сезінсін деп өзіңізді кемсітіп, кішірейтіп көрсеткенде тұрған ешбір жақсылық жоқ. Біріміз қалмай жарқырауға тиіспіз. Бала сияқты. О баста туа біткен Тәңірлік ғажапты әлемге таратуымыз керек. Бұл ғажап тек таңдаулыларда емес, адам баласының бәрінде бар. Жүрегіңіздегі жарықты жарқыратқан сайын сіз бейсаналы түрде өзгелерге де жарқырауға жол ашасыз. Бойымыздағы үрейден арылған сайын айналамыздағы жандарды да сол үрейден құтқарамыз.

Марианна Уильямсон

Бірде өзім танитын дана адамнан былай деп сұрадым:
- Неге ет жақындарымыз қартайғанда күйгелек боп кетеді? Жанымызды ауыртқанды жақсы көреді. Олар жанды жерімізді жақсы біледі. Кейде жанды ауыртып алып, қалай қиналғанымыздан ләззат ала бақылайды...
Сол дана кісі маған былай деді:
- Адамның өмірінде екі рет өтпелі кезең болады. Сол сәттерде адам ет жақындарына тізесін батырып жібереді. Шамасы, айырылысуды жеңілдеткісі келгенде солай ететін болса керек. Жасөспірім кезде үлкен өмірге қадам жасап, өзін өзі тануды бастағанда. Олар ата-анасына мінез көрсетіп, жүйкесін тоздырады. Ата-анасы амал жоқтан баласын еркін өмірге қоя береді. Кейде баласының бөлек тұратындығына қуана келіседі. Нәзік жіптің бәрі үзіледі. Баласын еркіндікке жіберуге қорықпайды. Ата-анасынан іргесін бөлек салуына жан ауырмайды. Еркелік сонымен бітеді.
Қартайғанда да солай болады. Табиғат өзі бізді мәңгілік қоштасуға солай дайындайтын болса керек. Ең жақын адамың өмірінің соңғы жылдары неғұрлым беймаза болған сайын онымен қоштасу жеңіл болады. Себебі, нәзік жіптің бәрі тірі күнінде үзіліп таусылады. Тек борыш қалады. Ал мейірім суалады.
Бірінші сәтте де, екінші сәтте де нәзік жіпті үзбей қалғандарға қиын тиеді.
Кейде мұндай мейірім өмірді күйретеді.

Юлия Ауг

Бүгін өзгелерге қамқор болу және өзгенің үмітін ақтау деген бір нәрсе еместігін түсіндім.
Өзгенің үмітін ақтаймын десем, ерте ме, кеш пе – ызаланамын, шаршаймын, сынып кетем. Ал өзгемен қарым-қатынасымызға қамқорлық таныту деген мен не сыңарым үміт ақтамай жатсақ та бір-біріміздің еркіндігімізге қол сұқпай, сабыр сақтап, әр қиындықты бірге жеңуге талпынамыз дегенге сену.

Аглая Датешидзе

Аударған: Шынар Әбелда

@. @assel_assanova