Джек Лондон. "Өзім туралы"

Джек Лондон. "Өзім туралы"
Фото: ru.vzglyadriv.kg

Мен 1876 жылы Сан Францискода өмірге келдім. Он бес жасымда өмірдің ащы-тұщысын татып көрдім. Егер қолыма үш-төрт тиын түсіп қалса оны жеміс-жидекке емес, шарап сатып алуға жұмсайтынмын.  Сол кездері жігітке шарап ішкен жарасады деп есептедім. Міне, жасым отыздан асып енді қайтадан сол жастық дәуреніме баруды армандаймын. Себебі мен жастықтың қызықты кезіннен ләззат ала алмадым. Өмірге де бұрынғыдай үмітпен қарай алмаймын. Кім біледі бәлкім алда тағы да сол жастық дәуреннің көктемгі маусымына кездесіп қалармын. Есімді танығаннан-ақ өмірде ең негізгі нәрсе жауапкершілік екенін түсіндім. Сауатым қаншалықты дәрежеде екенін білмеймін. Бірақ 5 жасымда-ақ жазу-сызуды білетінмін.

Алғаш мектеп табалдырығынан қалай аттағым да есімде. Мен 8 жасқа толғанда біздің отбасы ранчоға көшіп өтті. Мен – сегіз жастағы балақай өзімді қара жұмысқа жектім. Тоғыз жасымда мені адамдардың надандық батпағына батқаны таңғалдыратын.

Тоғыз жасымда Вашингтон Ирвиннің "Альгамбра"-сын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Ранчодағы адамдардың бұл кітап туралы білмеуі  қатты таңғалдырды. Уақыт өте келе мұндай надандық біздің ауылда ғана ал, қалада болса бәрі оқымысты деп ойладым. Бір күні аулымызға қаладан қонақ келді. Ақкиіміне қарасаңыз өзіңізді көресіз, үстінде әдемі пальто. Зиялы адаммен сөйлесудің уақыты келді деп ойладым. Қалалық қонақты өзімнің "хансарайыма", жартысы құлап қалған мекеніме шақырдым да одан "Альгамбра" туралы сұрай бастадым. Ол да ауыл адамдарындай түк білмейтін болып шықты. Осыдан соң әлемде екі-ақ ақылды адам бар. Оның бірі – Вашингтон Ирвинг болса екіншісі – Мен дедім.

Сол уақыттарда "Альгамбра"-дан басқа арзан кітаптар мен мақалалар оқитынмын. Апталық газеттерде өздері кедей болса да жүрегі пәк ғажайып адамдар туралы шығармалар басылып тұратын. Осындай оқудан соң ақыл-санам өседі деп ойладым да, қолыма не түссе соны оқи бердім. Мұның бір себебі жалғыздығым шығар бәлкім. Уиданың "Сигна" (Maria Louise Ramé  "Signa") романын екі жыл бойы қайта-қайта оқыдым.

Шығарманың соңын жылдар өте келе ақ-қараны айыра алатын кезде түсіндім. Сол кезде роман кейіпкерлерімен армандар еліне саяхаттайтынмын. Кейіпкер жолында "Немезида" (жауыздық символы) күтіп тұрғаны түсіме де кірмеген. Сол кездері маған араларды қарауылдау тапсырылған. Талдың түбіне жайғасып алып құжынаған арлармен бірге таңның атысынан күннің батысына дейін кітап оқи беретінмін.

Ливермере алқабы соншалықты теп-тегіс болатын да алқапты орап тұрған төбешіктердің өзі менің назарымды аудармайтын.

Есімде "Сигнаның" бірінші тарауы былай басталатын: "Ол кішкентай балақай болса да  ұлы музыкант болуды, мұқым Еуропа өзінің аяғының астында жатуды армандады". Иә...мен де балақай едім. Не үшін сол балақай істеген істі мен жүзеге асыра алмаймын деп ойлайтынмын. Арманға берілетінмін.

Ранчодан Оклендке көшіп өткенімізде 11 жаста едім. Окленд кітапханасында кітапхана жабылып қалғанша оқи бердім. Көп кітап оқу салдарынан көзім ауруға шалдықты. Оқыған сайын әлемді тани бастадым. Өзімнің кейбір ақымақ істерімнен бас тарта бастадым. Күн көру мақсатында көшеде газет саттым. 16 жасыма дейін тіршілік үшін өзімді тауға да тасқа да  да ұрдым.

Сосын шытырман іздеп үйден шығып кеттім. Мен үйден қашып кетпедім, тек жылы орнымды тәрк еттім. Теңіз қарақшыларына қосылдым. Оларға үнемі сәттілік жолдас бола бермейтін. Егер сол кездері қолға түсіп қалсам 500 жылға түрмеге отырғызатын. Кейін шхунаға матрос болып орналастым. Сенбейтін шығарсыз, осыдан соң теңіз патрулінде де  жұмыс істедім. Менің міндедім балық аулау заңдарын бұзған балықшыларды ұстау болатын.

Кейін басқа кемеге матрос болып жалданып жапон теңізін кезіп кеттім. Ол жерден Беринг теңізіне өттік. Жеті ай теңіз мысығын аулаудан соң Калифорнияға қайтып оралдым да табылған түрлі жұмыстарды істей бердім. Көмір түсірдім, кенеп дайындайтын фабрикада жұмысшы болдым. Фабрикада таңғы сағат алтыдан кешкі сағат жетіге дейін істейтінмін. Келесі жыл тағы да теңізге аттануды ниет еткен едім. Бірақ достарым "Мери Томас"-та жүзіп кетіп, үлгере алмай қалдым. Кейін сол кемедегілердің бәрі апатқа ұшырап қайтыс болғанын білдім.

Фабрикада істеп жүріп жазып жаттыға бастадым. Он үш сағаттық ауыр жұмыстан соң, жазуға уақыт өте аз қалатын. Бір күні Сан Францискодағы “Колл” апталық газеті очеркке жарыс жариялады. Анам мені сол сайысқа қатысуға көндірді. Осылай "Жапония жағалауындағы дауыл" атты алғашқы шығармам жазылды. Қанша шаршасам да түнде жазуға отыратынмын. 2 мың сөз жазбай орнымнан тұрмайтынмын. Бір түнде жазып бітіре алмай, келесі түнде де жаздым. Үшінші күні түнде жазғандарымды қайта қарап пысықтадым.

Сайыста бірінші орын маған бұйырды, екінші және үшінші орындарды Стэнфорд пен Беркли университеті студенттері алды. Сайыста жеңіп шыққандығым жазуға дұрыстап қарауыма себепкер болды.  Бірақ, жұмыстан босамадым. Жазушылықты болашаққа қарай біраз итеріп қойдым. Сол кезде "Колл" үшін жазған очеркімді де бірде-бір газет жарияламай қойды.

Кейін штаттарды кезіп кеттім. Тынық мұхиты арқылы Канадаға өту кезінде босқындығым үшін түрмеде отырдым. Кезбелікте арттырған тәжрибем мені социалистке айналдырды. Бейнеттің түбі зейнет екеніне көзім жетті. Еңбек – өмір, еңбек – барлық нәрсе. Өте ауыр жұмыс күнінен соң көңілім мақтаныш сезіміне толып кететін.

Оклендке оралып орта мектепті бітіріп жатқанда он тоғызда едім. Ай сайын мектеп журналы шығатын. Журналға өз шығармаларымды ұсындым. Шығармаларымда теңіздегі, кезбе кезімдегі өзімнің басымнан өткен қызық оқиғаларды жаздым. Оқумен бірге түнде күзетші болдым. Кейін Калифорния университетіне оқуға түстім. Жоғары білімді болу бақытынан айрылып қалуды қаламадым. Сол себепті кірханада, сонымен бірге әдебиетпен айналысып нан таба бастадым. Қаншама оқығым келседе нан табу керек болғасын жарты жыл өтпей университетпен қоштастым.

Осыдан соң кірханада киім үтіктеп қолым қалт еткенде жазуға отырып жүрдім. Түнде көбіне қолыма қалам ұстаған күйі ұйықтап қалатынмын. Кірханадағы жұмыстан қуып жібергеннен кейін өзімді толық әдебиетке арнадым.  Қолжазбаларымды түзетіп 3 ай жүрдім де менен әдебиетші шықпайды деп, алтын іздеп Клондайкке сапар шектім. Бір жыл өтпей ауырып қайтып оралдым. 1900 мил (3057,754 км) қашықтықты теңізде, ескек есіп өтуге тура келді. Клондайк сапарында жүргенде кенеттен әкем қайтыс болды. Енді отбасы міндеті менің мойныма жүктелді. Калифорнияда жұмыссыздық әмірін жүргізіп тұрғанда мен бір тиынсыз қалған едім. Клондайкте жүріп мен өзімді таптым. Ол жерде барлығы аз сөйлеп көп ойлайды, өз орнын білетін. Жұмыс іздеп табанымнан тоздым. Осылай "Төменгі өзен" хикаямды жазып шықтым. Бірақ еш жер шығармамды жарияламай қойды.

Бұл шығармамның тағдыры белгілі болғасын тағы бір 20 мың сөзден тұратын жаңа әңгіме жазып шықтым. Оны бір газет бірнеше санға бөліп жарияламақшы болды да соңынан әңгімемді түкке тұрмайтын, басуға жарамсыз деп тапты. Мен сонда да жазудан тоқтамадым. Нәтижесінде Калифорниядағы бір журнал әңгімемді қабылдады да қаламақыға 5 доллар берді. Осыдан соң "Қара мысық" атты шығармама 40 доллар ұсынды. Міне, осылай жазудағы жұмысым жүре бастады. Енді жанұяны бағу үшін көмір түсірудің қажеті қалмаған еді.

1900 жылы тырнақалды кітабым шықты...

Мен тынбай еңбек етуді қолдаймын және ешқашан шабыт-сұлуды күтіп отырмаймын. Мен спортты сүйемін. Үзбей ат спорты, бокс, қылыштасу өнері, сүзумен айналысамын. Қалада туған болсам да даланы сүйемін.  Ең жақсысы ауылда өмір сүру...

Өзімнің ең жақсы шығармаларым деп "Ақсақалдар лигасы" мен “Кэптон Уэсс хаттарын» атаймын. Айтпақшы, кейбіреулерге "Ақсақалдар лигасы" ұнамайды екен. Олар жарқын да көңілді шығармаларды ұнатады. Бәлкім, қартайғанда мен де олардың санатына қосылып қалармын.

Т. Раушанұлы