Толстойдың күнделігі

Толстойдың күнделігі
Фото: vk.com

Тарихта аты қалған тұлғалардың көбісі көзі тірісінде күнделік жазған. Олардың кейбіреулері өз-өздерімен сырласу үшін жазған шығар, енді біреулері кейінгі ұрпаққа жан сырын айту мақсатында айналысқан болар. Анығын бір Алла біледі. Білетініміз, сол күнделіктер бүгінде аса құнды құжатқа айналып отыр. Сол күнделіктер арқылы автордың өмірбаянын түзе аламыз, болмысын танып, табиғатына үңілуімізге болады. Солардың бірі – орыстың ғана емес, бүкіл әлемнің данышпаны болып есептелетін Лев Толстойдың күнделігі. 

Бұл күнделік қалың бір кітаптың көлеміндей. 1847-1894 жылдарды қамтиды. Яғни, сексен екі жыл ғұмыр кешкен ақылманның қырық жеті жылының куәсі деуге де болады.
Құрметті оқырман, өзіңізге Толстойдың 19-23 жас аралығында жазған жазбаларынан үзінділер беріп отырмыз. Автордың өз-өзіне қойған талаптары мен өзіне берген бағаларын таңдап-таңдап, кейбір жерлерін толығымен ұсындық. Толстойды Толстой еткен нендей қасиет екенін көрсеткіміз келді, әрі Толстойдың да пенде екенін қамти кетуді ойладық. Оқып көріңіз…

1847 жыл
– Күн сайын таңертең күні бойы не істейтініңді айқындап ал. Сосын ойлаған жұмыстарыңды қалай болғанда да істе. Тіпті, оны істегеннен бір зиян келетін болса да.
– Барынша аз ұйықта.
– Сөзіңе берік бол.
– Бір істі бастайтын болсаң, оны соңына жеткізбейінше тастама.
– Өзің туралы жұрттың пікіріне алаңдағаннан гөрі өзіңді өзің тәрбиелеуге көбірек мән бер.
– Мықты бол, бірақ мықты екеніңді жұртқа білдірмеуге тырыс (Атаққұмарлығың өзгелерге тиімді болуы мүмкін, бірақ өзіңе түк те пайдасы болмайды).
– Мүмкіндігіңнен төмендеу(материалдық жағынан) өмір сүр.
– Тіпті он есе байып кетсең де, өмір сүру дағдыларыңды өзгертпе.
– Не істегеніңнің бәрін қысқаша жаз да, соны жатта.
– Күн сайын өзің нашар меңгерген тілде өлең жаттап отыр.
– Қызметші ұстама.
– Өзің істей алатын істе көмекші пайдаланба.
– Адамзатқа деген махаббатыңды күн сайын әлдене арқылы көрсетіп отыр.
– Отаныңа қолыңнан келгенше пайдалы бол.
– Адамдардың бәрін бірдей жақсы көр. Бірақ сол адамдардың тізімінен өзіңді шығарып тастама.
– Жақыныңды өз өзіңді жақсы көргендей жақсы көр. Ал екі жақыныңды өз өзіңді жақсы көргеннен артығырақ жақсы көр.
1850 жыл
– Ойыңа алған істі ұшқалақтығыңнан немесе көңіл көтергің келгендіктен кейінге қалдырма. Сол сәт іске кірісіп кет. Ниетсіз кіріссең де, кіріс.
– Кез келген жағымсыз ойды талқылау керек: біріншіден, одан келер қауып бар ма; егер бар болса, оны қалай алдын алуға болады. Ал егер алдын алуға болмайтын болса, ондай сәт өтіп кеткен болса, жақсылап ойланып, ұмытуға тырысу керек немесе соған көндігу керек.
1851
– Кез келген істің сәтті шығуына себеп болатын бірінші әрі жалғыз шарт – сабырлылық, шыдамдылық. Осыны естен шығармау керек. Қай істе болса да кедергі келтіретін – сабырсыздық, асығыстық, шыдамсыздық. Бұның әсіресе өзім көп зиян көдім.
7 наурыз. Күнделікті тек болашаққа жоспар құру үшін ғана пайдаланбай, тағы бір мақсатта қолдануды жөн көріп отырмын. Бұдан былай бойымдағы құтылғым келетін әлсіздіктерімді көрсете отырып, күн сайын есеп беретін боламын.
8 наурыз. …Жиі-жиі айнаға қараумен болдым. Өз тәніңді өзің жақсы көру – бұл ақымақ адамға тән қылық. Жағымсыз әсер қалдырады немесе күлкі тудырады, басқа ештеңе де емес. Пуаремен сөйлескенде тағы да абдырап қалдым (өз өзімді алдау). Атқорада жұмысты нашар істедім. Голицынға бірінші боп иіліп қойдым, онымен қоймай өзіме керек жаққа қарай жүрмей, басқа жаққа кетіп қалдым. Ұшқалақтық. Гимнастикада мақтанумен болдым (мақтаншақтық). Кобилинге өзімнің шын мәнінде кім екенімді көрсеткім келді (ұсақ атаққұмарлық). Түскі аста тамақты көп іштім (ашқарақтық). Ісімді бітірместен Болконскийге кетіп қалдым (Жүйеліліктің жетіспеуі). Тәттіге тойып алып, отырдым да қойдым. Өтірік сөйледім.
12 наурыз. …Ұйқыдан тұрдым. Фехтованиемен шұғылдандым. Жоспар құрдым. Беерге бардым, бірақ шаруа туралы сөйлескен жоқпын. Қорқақтық. Асықтым. Булгаковпен танысқан жоқпын. Қорқақтық. Беердің үйінен ерекше бірнәрсе күтіп, мақсатсыз шықтым. Содан соң өзімнен үміттеніп, ойнай бастадым. Волконскийдің үйінде ұйықтадым. Әлсіздік. Үйге тонымды кимей кетіп қалдым. Ойланбағандық. Концерттен шығып Шевальеге кеттім. Ерекше бірнәрсе күттім. Концертте Перфельеваға жақын барғым келсе де, барған жоқпын.
13 наурыз. Таңертең Зубковқа хат жазуды ұмытып кетіппін. Жазба жасауға еріндім. Еріншектік. Жданов келді де, басқа шаруаларым бола тұра Исленьвке кетіп қалдым. Қорқақтық және ұшқалақтық. Гимнастикада Бильемен күрестім, онша қатты мақтанған жоқпын, fierte. Дүкенге соқтым. Ашқарақтық. Үйге келген соң жазуға еріндім. Иславинамен сөйлескенде де, Беердің үйінде де өзімді өзім көрсетіп қалуға тырыстым. Онымен қоймай, қорқақтық. Сағат 14.00-де жаттығу. 8-ден 9-ға дейін жоспар құру, жазбаларды оқу, 9-дан 10-ға дейін гимнастика, 10 мен 11-дің арасында Пуареге барып келу, 11-ден 12-ге дейін жазумен айналысу. 12-ден 3-ке дейін Муромцевке, Дьяковқа, атқораға бару. 3-тен 5-ке дейін түскі ас. 5-тен бастап кешке дейін оқумен және жазумен шұғылдану. Зубковқа немесе концертке бару. Фехтование туралы оқу.
23 наурыз. 8:30-да тұрдым. Оқыдым, жазу жаздым. Жазғанымды түзеген жоқпын. Өзімді өзім алдау. Гимнастика жасауға еріндім. Колошиннің үйінде қорқақтық таныттым, Беердің үйінде өз пікірімді ашық айттым. Өзімнің өмір салтымды айттым. Өзімді өзім көрсетуге тырысу. Кешке қарай жүйесіз түрде кітап оқыдым, ойланбағандық. Концертте Закревскаяға жақындаған жоқпын – қорқақтық. Ухтомскиге бас идім – қорқақтық. Львоваға иілдім – қорқақтық. Үйде 12-ге дейін Костенькомен отырдым, табандылықтың аздығы. Ереже. Сөйлеу мәнерін қалыптастыруға тырысу керек: 1) ауыз-екі сөйлегенде, 2) жазғанда.
2 маусым. О, Құдайым-ай, Құдайым-ай. Не деген ауыр да мұңды күндер еді. Не себепті сонша мүңаямын? Жоқ, бұл – мұңаю емес, бұл – ауырсыну. Мұңайып, бірақ не себепті мұңаятынымды түсінбегеннен туған ауырсыну. Бұрын жұмыссыздықтан, той тойлап, думандатып жүргендіктен деп ойлаушы едім. Жоқ, одан емес екен. Енді бұл жағдайымда мен ештеңе істей алмаймын. Бастысы, мені торлап жүрген мұңға ұқсас нәрсені еш жерден: суреттеуден де, тіпті өзімнің қиялымнан да таба алар емеспін. Бір адамды немесе дүниені жоғалтқан шақта, айрылысу кезінде, үмітің ақталмай калған уақытта мұң болатынын жобалаймын. Бәрінен жалығып, ылғи үмітің алдап кете беріп, ешқайдан ештеңе күтпейтін кезде болатын түңілуді түсінемін. Жаныңда әлдене еріп бара жататын кездер болады: сұлулыққа, адамзат баласына, табиғатқа деген махаббатыңды көрсеткің келеді, өзгеден де сондай сезімді күтесің, бірақ қайда барсаң, алдыңнан суықтық пен әжуа шығады, адамдардың жасырын залымдығы кездеседі. Осыдан келіп мұңаясың. Мен бұндай мұңды түсінемін. Қиын жағдайда тұрған, қызғаныштың ауыр да улы сезімі үстінен басып, езіп бара жатқан адамның да мұңын түсінемін. Мен бәрін де түсінемін, бұндай мұңдардың жақсы жақтары да болады. Ал өзімнің мұңымды сеземін, бірақ түсініп, жобалай алмаймын. Өкінетін ештеңем жоқ, қажетсініп, тілейтін де ештеңем жоқ деуге болады. Тағдырыма өкпелейтін жөнім тағы жоқ. Қиялмен өмір сүру қандай жақсы нәрсе екенін түсінемін, бірақ ол болмайды. Қиялым маған ешқандай көрініс бермейді – арман жоқ менде. Адамдарды жазғыру – бұл да өзіндік бір тұманға ұқсас күмәнді рахаты бар іс. Бірақ бұл да менің қолымнан келмейді, өйткені, адамдар туралы мүлде ойламаймын; біреу алдымен адамгершілігі бар, қарапайым адамдай көрінеді, сосын тіпті де олай емес сияқты сезіледі. Дұрысы іздеп әуре болмау. Қателесудің не қажеті бар? Түңілу де жоқ, мені бәрі қызықтырады; қиындық мынада: мен өмірдегі күрделі мәселелерге ерте, жасым жетпей жатып кірістім. Сезіндім, түсіндім. Достыққа, махаббатқа, сұлулыққа деген күшті сезім менде жоқ, өмірдегі маңызды нәрселерден көңілім қалған. Ал ұсақ-түйек нәрселерге келгенде әлі баламын. Қазір енді өмірімдегі миымнан кетпейтін және тек қана қайғы сыйлайтын жағымсыз сәттерді еске алып, ойланып отырмын, – рахат тым аз да, қалау тым көп екен, адам дәйім өзіне ұшы-қиыры жоқ бақыт тілейді, тағдыр болса өмірді жақсы көруіміз үшін көбіне ауыр соққы жасайды екен, нәзік қылдарды аямай тартады екен; тағы бір айта кетері, өмірге бейжай қарауда бір ерекше тәттілік пен ұлылық бар, мен осыған рахаттанамын. Бұл жерден өлімнен басқа ештеңе күтуге болмайды деген нық сеніміммен өзіме өзім мықты болып көрінемін; және сол сәт ертоқымға тапсырыс беріп қойғанымды, ертең сол ертоқымға отырып, черкес шапанымды киіп алып казак қыздарына қалай қырындайтынымды, сосын сол жақ мұртым оң жақ мұртыма қарағанда сұрықсыздау екенін, оны жөндеу үшін екі сағат бойы айнаның алдында тұратынымды есіме алып, көңілім құлазитынын рахаттана ойлаймын. Жазу да қолдан келер емес. Мынандай ойлармен бірдеңе жазу тіпті ақымақтық болар еді. Et puis cette horrible necessite de traduire par des mots et aligner en pattes de mouches des pensees ardentes, vives, mobiles, comme des rayons de soleil teignant les nuages de l’air. Ou fuir le metier. Grand Dieu! (Содан соң қайнап тұрған, жанды, ширақ, аспандағы бұлттарды жарқырататын күннің сәулесіндей жарық ойларды елтіріге орап, сөзбен жарыққа шығаруға деген қажеттілік бар. Кәсібіңнен қашып қайда барасың! Құдыретті Құдай!).

Аударған Арман Әлменбет

А. Оралқызы