Алекс Ла Гума. «Бала, қайда барасың?»

Алекс Ла Гума. «Бала, қайда барасың?»
Фото: n-tv

Өз бетімен еркін жүріп-тұра алмайтын халықтың күні қараң. Тәуелсіздігіміздің қадірін жете ұғына түссін деген ниетпен қара нәсілділер тобынан шыққан Африка жазушысы Алекс Ла Гуманың әңгімесін ұсынамыз.

Музыка киоскілері көшенің екі жағын бірдей алып жатыр. Қаз-қатар тізілген киоскілердің түкпір-түкпірінен музыка әлі сампылдап тұр. Алуан-алуан саздың, неше сан әуеннің мың құбылған ырғағы тұтаса келіп, құлақты тұндырардай болып даң-дұң етеді. Осыншама дыбыстың қайсысы қандай саз екенін айыру мүмкін емес. Киоскілердің иесі – еврей де, үнді де, грек те есік алдында қазықтай қадалып, сатып алушыларға жалбарынады, мұндалап шақырады. Көкөніс пен жеміске лық толы қобдишалар, сандықтар тротуарға сыймайды. Ақ комзол киген сатушылар қолдарындағы сары қағаздан жасалған қалбырды ербеңдетіп жарыса айғайлайды. Күн батқанша тағы бірдеңелерді сатып үлегрсек екен деп бағаны бірінен соң бірі қатарынан төмендетіп жатыр. Аялдамадағы топ-топ халық автобусқа лап қояды. Еріккен сардаңдар екеу-екеуден, үшеу-үшеуден бөлініп алып, магазин алдында, витрина тұсында немесе балкон астында шылымын бұрқыратып, олай-бұлай өткендерді қағытып, келемеждеп күледі.

Осы дабыр-дұбыр, айқай-шуды және жосылған халықтың үстінен салбырап, төніп тұрған ұран-жарнамалар сан құбылады: «Кока-кола», «Бүгін және ертең сауда-саттық жасалады», «Зергер бұйымдары», «Киім-кешек», «Сәнді киім», «Бүгін осында кіріп тамақ татпасаңыз, біздің ертеңгі күніміз қараң болуы ықтимал!», «Ұжмақ алқабындағы мереке», «Тамаша автомобильдер», «Сүт тағамдарын қалайтын болсаңыз бізге кіріңіз!», «Тілегіңіз екі етпей орындалады», «Тігулі көйлек сатылады» деген сияқты жарнамалар көзге ұрып тұр.

Көшеде жан-жаққа тарап кетіп жатқан халықтың ортасында Майкл Адонис тротуармен маң-маң басып келе жатты. Тротуар болса шектей созылып жатыр.

«Қымбаттым, мені еске алмай кете алмайсың» деген ащы әнді музыка киоскісінің бірі қайта-қайта ойнатып, құлақтың етін жеп барады. Бұл ән Атлант мұхитының ар жағынан патефонның табағы күйінде әкелініп тарап кетті. Киоскінің маңдайшысындағы сампылдақ радио джаз музыкасының соңғы ызың-шуын шиқылдатып таратуда. Майкл әшекейлі витринадан көзін ала алмады: банджо, мандолиналарға, патефон бөлшектеріне, шектерге, ысқырыққа, Жапониядан шыққан пластмасса қуыршақтарға, періштелер мен Христосты бейнелейтін литографияларға қарап көп тұрды.

Бетіне майы шыққан жұп-жуан біреу магазин есігінің алдына жағын бұртитып шыға келді.
– Мырза, бірдеңе сатып алғыңыз келе ме?
– Жоқ,– деді де Майкл Адонис қолындағы сигаретін әлі түгел тартып болмаса да лақтырып жіберді.

Көйлектері алба-жұлба, аяқтарының кірі батпандай екі бала бір-бірімен таласып, шылымның тұқылына қарай қатар ұмтылды.
– Мики, сәлем бердік,– деген дауыс естілді.
Майкл жалт қарады.
– Джо, амансың ба?

Джо аласа ғана кісі, ал жас шамасын айыру мүмкін емес. Себебі бет-жүзін қалың кір басып кетіпті. Сондықтан да ескі-құсқы сататын дүкенде көп шүберектің арасында қалған асыл затты айыру қандай қиын болса, кір басқан мұның бетінен оның кәрі-жасын айыру да сондай қиын болатын. Оның көздері иттің көзіндей бағынышты күйді білдіреді, ал тұла бойынан ескі киімнің немесе теңіздің иісі аңқып тұрады.

Джоның шалбары әбден тозып, бой-бой шығып кетіпті. Шалбарының тізесіндегі үңірейген тесіктерді білдірмейтіндей ғып жіппен немесе түйреуішпен іліп қойған болыпты. Бұл шалбардың алғашқы түрі қандай екені, оның қандай матадан тігілгені белгісіз. Джо иығына көне плащты іліп алыпты, асығына дейін түсіп тұр. Плащтың астында кір-кір жилет көрінеді, қарнының тұсында оны үлкен түйреуішпен іліп алыпты. Аяқ киімнің мүлде айтары жоқ.

Джоның қайдан келіп, қайда жоғалып кететінін ешуақытта ешкім білген емес. Едендегі болмашы жарықшақтан шыға келген тарақан сияқты Джо да қалаған бір күні жер астынан шыға келгендей болады да, лезде жоғалады.

Уақытының көбін Джо шығанақ басында, балықшылардың олжасынан қалған тастандыны жинау үстінде өткізеді. Ал кейде теңіздің жағасында жүріп алады, сонда мидияны іздеп жүреді. Оның бір ғажайып мінезі теңізге байланысты дүниенің бәріне ерекше құмартушы еді.

– Джо, жағдай қалай?– деп сұрады Майкл.
– Мики, жағдайым жақсы.
– Бүгін не бітірдің?
– Дәрігердің қасында жүрдім де қойдым. Мана «Йорк-Касльге келіп тоқтады.
– Рас па?
– Майкл, сен мидияларды ұнатасың ба? Мен саған аздап әкеліп берейін.
– Жарайды, Джо, әкелсең, әкеле ғой.
– Кеше жағадан теңіз жұлдызын тауып алдым. Жұлдыз болғанда қандай, керемет үлкен. Бірақ өліп қалған екен және иісі шығып кетіпті. Қатты өкіндім.
– Джо, оны бұл жерге қалаға әкелмегенің дұрыс болған. Оны мұнда алып келетін болсаң, муниципалитеттегі жігіттер көресіні көрсететін еді.
– Бұдан былай бізді жағаға жібере қоймас. Ақ нәсілдің адамдарына ғана рұқсат берілді деп естідім.
– Рас, мен ол туралы газеттерден оқып білдім. Ант атқандар-ай!
– Бара-бара біздің жүретін жеріміз қалмайтын шығар-ау.
– Өзі де соған ұқсайды,– деді Майкл.

Бұлар «Королева Викторияға» қарай көшемен жоғары бойлап келе жатты.
– Джо, бірдеңе тартып жіберуге қалайсың?– деп сұрады Майкл. Ол Джоның арақ-шарап ішпейтінін білсе де әдейі айтты.
– Мики, рақмет, ішпеймін.
– Жарайды, онда қош бол.
– Мики, қош бол!
– Сен бүгін тамақ іштің бе?
– Не деуге болады, әлі тамақ ішкен жоқпын, – деп Джо өзінен өзі ұялғандай жымиып сөйледі және аяғын айқастыра басып, бірдеңеден ыңғайсызданғандай қайта-қайта жерге қарады.
– Джо, мына шиллингті ал. Бірдеңе сатып аларсың, балық аласың ба, болмаса қуырған картоп аласың ба, өзің біл.
– Мики, рақмет.
– Жарайды, Джо, қош сау бол.
– Мики, көріскенше.
– Жаңа өзің айттың ғой, мидияны ұмытпай ала кел, – деді Майкл. Джоның ұмытып кететін білсе де мұны ол әдейі айтты.
– Әкелемін, әкелемін, –  деп Джо жауап қатты. Күлімсіреп, қолын көтеріп қоштасқандай ишарат білдірді.

Майклдың бәрібір ұмытып кетесің ғой деп ойлағанын сезген адамдай, Джо нығыздап былай деді:
– Мики, мен ұмытпаймын. Көрерсің, мен ұмытпаймын!

Джо көшені бойлап, жоғары қарай жүре берді. Оның үстіндегі жыртық плащ асфальтқа дейін салбырап, кескілескен ұрыста бірнеше жерден оқ тескен не қылыш кескен жауынгерлік ту сияқты желбіреп бара жатты.

Майкл Адонис асхаанға келе жатқан бетімен бұрыштан бұрыла бергенде полицияның екі өкілін көрді. Олар сұр шалбары мен курткасын, едірейген фурашкасын, жалт-жұлт еткен белбеуін және салбыраған ауыр кобурасын бетке ұстап, қарама-қарсы келе жатты. Мұздың ортасынан ойып алғандай сұп-суық бейнелерінде қан жоқ. Көздерінде де тіршіліктің бейнесі білінбейді. Ақ шыныдай, бірақ қатулы және өткір көздері көшені жеп барады. Бұлар бағытынан ешбір бұлтармастан қатар келеді. Екеуі селдей жосылған халықтың оратсында бейне бір қос кемедей тартып келеді.

Олар жақындай түсті. Осылағра кездеспей-ақ қояйын деген ниетпен Майкл Адонис бұрылып кетті. Бірақ полицейлер мұны көріп қалды да, оның айласын бірден аңғарды.
– Бала, қайда барасың?

Болат пружинаның сарт ете түскеніндей бұл дауыс қатал және өктем шықты. Жұқа, жарылып-жарылып кеткен ерні және иегінің үстінде сирек ақ түктері бар жақтары шығыңқы бойшаң жігіт қатал еді. Тарбиған иегінің асында кішкентай шиқан білініпті. Ақ сұр жүзінде қызарып сол ғана көрінеді.

– Бала, қайда барасың?
– Үйге бара жатырмын, – деді Майкл Адонис. Ол полицейдің белбеуінің айыл басына көз салды. Себебі полицейдің бетіне қарасаң немесе көзіне тура қабалсаң ол масқаралағанмен бірдей есептеледі. Сондықтан полицейдің формасына, қалтасының аузындағы түймеге, болмаса айылбасқа немесе белбеудің сызықтарына көз салған дұрыс. Аса бір айбатты адам немесе ақылы жоқ дарақы болмаса, полицейдің бетіне тура қарай алмайды. Өйткені полицейдің бетіне қарадым дегенше, оның әрекетінің заңдылығына күмән туғыздым дей бер.

Екінші полицей сәл күлімсіреп, өз бетімен тұрғандай болды. Оның бұл қалпын күлімсіреді деуге болмас та, себебі еріндері әншейін дірілдейді. Белбеудің сыртына тіреген қолдары мейлінше үлкен және тарбиып кеткен, көкпеңбек тамырлары білеуленіп тұр. Жуан саусақтары қып-қызыл буындары, таза, күтімді тырнақтары көзге түседі.

– Сенің даггаң қайда? – деп ол тепсіне сөйледі.
– Мен дагга тартпаймын.
– Кәне, қалтаңды ақтар, –  деп бірінші полицей бұйрық берді.

Майкл Адонис сол тұрған күйі қалтасын асықпай-саспай ақтара бастады. Ол бұларға көзін де салған жоқ. «Оңбаған иттер-ай, оңбаған иттер!» деген сөз ойға сап ете түсті. Өткінші адамдар бқларға көз жіберіп, аялдағандай болады да, полицей көзімен атқан соң, асыға басып кете барады.

Майкл Адонис қалтасында жүріп уқалана бастаған сигаретті, бүгін алған жалақысының қалдығын, кір-кір қол орамалын, сағыз орнына пайдаланып жүрген резинкасын көрсетті.
– Мына ақшаны кімнен ұрлағаныңды жаныңның барында тез айт? – мірдің оғындай айтылған бұл сөз Майклдың бойын тітіретті.
– Мен ешкімнің ақшасын ұрлаған жоқпын (оңбаған ит).
– Осы арадан кет енді. Жоғал! Бізге кездесуші болма! Аулақ жүр, естисің бе?
– Естіп тұрмын (оңбаған ит).
– Қара мұны? Сен кіммен сөйлесіп тұрсың?
– Ұқтым, сеніңіз (оңбаған ит, оңбаған ит).

Полицей Майклды шынтағымен қағып жіберді, сөйтті де полицейлер ешкімге ешқандай қиянат жасамаған адамдай тротуармен кете барды.

Майкл өзінің мүлкін қайтадан қалтасына салып алды да, ашу мен ызаға булығып, осы азаптан құтылар күн бар ма дегендей қатты қапаланып қала берді. 

Аударған: С.Хайдаров

@. @assel_assanova