Лу Синь. Жынды адам жазбалары.

Лу Синь. Жынды адам жазбалары.

Лу Синь (шын аты Чжоу Шужэнь) - 1881-1936 жылдары өмір сүрген қытай жазушысы, ақын, аудармашы, қоғамдық қайраткер. XX ғасырдың бірінші жартысында Қытай әдебиеті  мен қоғамдық – саяси ойының дамуына қомақты үлес қосқан, қазіргі қытай әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.

Ағайынды Х – қазір мен олардың фамилияларын атамаймын, – бұрын біз орта мектепте оқығанда олар менің жақсы достарым еді. Содан кейін біз біраз көз жазып қалдық, көп жылдар өтті, біздің қатынастарымыз бірте-бірте үзіле бастады. Жуырда мен ағайынды бауырлардың біреуі қатты науқастанғанын кездейсоқ естіп, елге барғанда жолда бұрылып оларға соқтым, ағайындылардың біреуін ғана кездестірдім, ағасынан інісінің ауырғанын білдім.

«Сіз осынша ұзақ жол жүріп, біздің халымызды сұраймын деп босқа әурелендіңіз. Ол баяғыда тәуір болып кеткен, қазір қазына қызметіне тағайындалу үшін N кетіп қалды». Содан соң қатты қарқылдап күліп, екі күнделік дәптерді шығарып, інімнің ауырған халдегі күйін ескі достарына таныстыруға болады, - деп маған ұсынды. Мен күнделік жазбаларды  алып,  үйге қайттым, жазбаларды қарап шығып, ауырған адамның «зәреcі ұшқан» деген қорытындыға келдім. Жазғандарында тым шатасқан, жүйелі баяндау жоқ, байланыссыз құрылған сөздер, айлары мен күндері қойылмаған, ақ қағаздағы бояу түстері мен қолтаңбасына қарап күнделіктің бірнеше рет жазылғанын байқадым. Күнделікке байланысты керекті дегендерді дәрігерлерге көрсету үшін іріктеп бір кітапқа жидым. Мен оның жазғандарының бір сөзінде түзеген емеспін, адам фамилияларын ғана өзгерттім, оның бұған  қатысы жоқ, өйткені барлығы да бір деревня тұрғандары, оларды ешкім біле бермейді. Кітаптың атауына қатысты айтайын дегенім, күнделік авторы науқасынан айыққан соң өзі қойды, өзгертілген емес.               

I

Жетінші жылдың төртінші айының екінші күні.

Бүгін кешкі ай керемет жарық.

Мен отыз жылдан астам уақыт жарық ай көрмедім, жарық айды көргенде көңілім көтеріліп қалды. Менің отыз жылғы өмірім қараңғылықта өткенін жаңа ғана түсіндім. Бірақ үнемі сақтану керек. Өйтпесе Чжао ауласындағы ит.... Ит көздері неге маған тесіле қарай береді?

Менің үрейім негізсіз емес …

II

 Бүгін ай тіпті жарық емес, бұл жақсылық емес екенін түсіндім. Таңертең  ауладан  сақтанып шықтым. Чжао Гуй-вэннің маған көзқарасы түсініксіз: ол менен не қорқады, не көзімді құртқысы келеді. Оның қасында тұрған  жеті-сегіз адам да өзара мен туралы сыбырласып тұр. Сонымен бірге олар қорқып тұр, мен естіп қалмасын деп сескенеді. Жолда келе жатып кімді көрсем болды, бәрі өздерін солай ұстайды. Әсіресе, біреуі маған тым ашулы, мені көре салып, езуін айқара ашып, қарқылдай бастады. Менің башпайымнан басыма дейін мұздап кетті, олардың дайындығы аяқталған шығар деп шештім.

Бірақ мен қорыққан жоқпын, өз жөніммен жүре бердім. Алдымда  бара жатқан балаларда мен туралы айтып келе жатты. Олардың көздері  Чжао Гуй-вэн көзі сияқты қара шойындай жылтырайды. Мен балаларды қандай жаман қылығыммен ренжіттім, олар мені не үшін жек көреді екен деп ойладым. Мен әрмен шыдай алмадым: «Сендерге өзі не керек?» деп айқайлап жібердім, олар қаша жөнелді.

Жолда келе жатып: мен Чжао Гуй-вэнді қалай ренжеттім, алдымда кездескен мына адамдарды қандай жат қылығыммен ренжеттім, осыдан жиырма жыл бұрын Гу Цзюдің кірісі мен шығысын тіркейтін ескі кітабын аяғыммен таптағаным үшін бе, сонда Гу Цзю мырза бұл қылығыма өкпелеген-ді. Чжао Гуй-вэнь онымен таныс емес қой, мүмкін сол қылығым туралы оған да өсек  жетіп, содан соң Гу Цзюді қолдап жүрген шығар; сол үшін басқаларды маған қарсы қойып жүр ме? Ал балалар? Олар ол кезде бұл дүниеге келген жоқ еді, олар бүгін маған неге тесіліп қарайды? Әлде менен қорқады ма, не менің көзімді жойғысы келеді ме? Осының бәрі мені шошытады, іштей қынжылтады.

Түсінемін. Бәлкім ата-аналары үйреткен шығар?


III

 Түнімен көзім ілінбеді. Кез келген істі  жан- жақты білгенде түсінеді екенсің!

Уезд бастығы бұл адамдардың мойындарына қамыт кигізгенде, помещиктер оларды беттерінен ұрғанда, уезд басқармасының күзетшілері әйелдерін тартып алғанда, олардың әке - шешелері берешектен  құтыла алмай өліп жатқан кездің өзінде олардың жүзі кешегідей үрейлі, қорқынышты болған емес.

Көшеде жолыққан әйел маған тым ерсі көрінді, ол өзінің ұлын ұрып  жатып: «Мен саған көрсетейін! Сені тістеп алмай  тынышталмаймын!» деп айқай салды. Ал оның көздері маған тесіліп тұрды. Мен әйелден қорыққанымды жасыра алмадым. Ақсиған азу тістерін көрсетіп, маған сықылықтап тұрды. Чэнь бесінші жүгіріп келіп, мені үйге сүйреп кіргізді.

Үйге сүйреп кіргізді…. Үйдегілер болса мені танымайтын сыңай көрсетті; олардың көздері де бөлек, соларға ұқсас.... Бөлмеге кірдім, тауықты, не  үйректі торға қамағандай есікті құлыптап, қамап тастады. Не болғанын түсінбеймін.

Бірнеше күн бұрын Қасқырлар деревнясынан қуаңшылықтан егін шықпағанын жеткізуге жалға жер алушы келді, ол ағама ауыл адамдары жиналып бір залым адамды өлтіріп; оның жүрегі мен бауырын суырып, ержүрек болу үшін  қуырып  жегендерін айтты. Мен әңгімеге араласайын деп едім, жерді жалға алушы мен ағам бірнеше рет маған көз тікті. Бүгін менің  түсінгенім, олардың да көздері дәл көшеде тұрған адамдардың көздеріндей  болатын.

 Мен бұны ойлағанда басымнан башпайыма дейін тітіркеніп кетті.

 Егер олар адам жейтін адамдардан болса, олар меніде жеуі мүмкін.

Ойлап көріңізші! Әйелдің «Сені тістеп аламын» деген айқайы, жүздері қара,  ақсиған тісті адамдардың қарқылдаған күлкілері, жер жалдаушының ағама айтқан әңгімесі – бәрі тектен тек емес. Әйелдің сөзі – у, адамдардың қарқылдап күлгендері – қайралған пышақ, олардың өткір, ақсиған тістері, адамдарды жеуге ыңғайлы құрал.

Мен зұлым емеспін, Гу Цзюдің кірісі мен шығысын тіркейтін ескі кітабын  аяғыммен таптағаннан кейін олай емес деудің өзі қиын шығар. Сірә, олар маған қарсы бірдеңе ойластырып жүр, мен оны білмей әлекпін. Сонымен бірге оларға ренжісең болды, сені дұшпан көріп шыға келеді. Ағамның маған: «ең жақсы адам егер оған қарсы сөз айтсаң жауап қайыратын адам, ал ең жаман адам оның қарсы сөзіне құлақ аспайтын адам, сені әртүрлі: «Қандай ақылды, көп білетін адам, қалғандары оған тең емес» деп мақтай жөнеледі, - деп ақыл айтқаны есімде. Жалпы адам жейтіндер туралы әңгіме қозғағанда олардың шын ниеттерін түсіне алмаймын.         

Кез келген істі оны жан- жақты біле бастағанда түсінесің. Бұрын адамдардың бірін бір жейтіні туралы мен тарихтан аз да болса білетінмін. Бұны білу үшін тарих кітабын аштым, кітапта күндер көрсетілмеген, бірақ әрбір беті «адамгершілік», «әділдік», «мораль» және «ізгілік» [1] деген сөздерге толы болатын. Түнде ұйықтай алмадым, түні бойы кітапты мұқият оқыдым, бір мезгілде сөйлем жолдарының асты «адам жеуші» деген бір сөзбен  айғыздалып жазылғанын көрдім.

Осы сөз мені мұқата күліп, тікелей қарап, көз алдымда тұрып алды.

Мен адаммын, ал олар болса мені жегісі келеді!

IV


Таңертең түнгі ойымнан тынышталып отырғаным сол еді Чэнь Бесінші кірді. Ол қайнатылған балық алып келді, балық көздері ақшиған, балықтың аузы сол адамдардың ауызындай  ашылып, қорқынышты көздері адамды жеуді көздеген адамның көзіне ұқсайды. Бірнеше кесегін алып жедім, түсініксіз быламық, балық емес, адам етіне ұқсайды, мен құсып жібердім.

«Чэнь құрдас, – дедім, – ағаңа айтып бар, мен жалықтым, бақ ішінде жүріп келгім келеді». Чэнь жауап бермеді, кетіп қалды. Бірақ қайтып келіп есік ашты.

Мен орнымнан қозғалмай олардың артынан бағып тұрдым: маған не істемекші екен? Мені босатпайтынын білемін. Мына, қара! Ақырын басып ағам бір қартты маған қарай ертіп келеді. Қарттың көздері ызғарлы, мен байқамасын деп тұнжырап алған,  көзілдірік астынан білдіртпей көз қиығын салады. Ағам менен: «Бүгін сен өзіңді жақсы сезінесің бе?» деп сұрады. Мен: «Иә» деп жауап бердім. Ағам сөзін жалғастырып: «Мен  Хэ докторды сені қарасын деп шақырдым» деді. Киініп алған қарт  - қанішер!- екенін білсем де, мен:  «Жақсы!» дедім.  Менің тамырымды тексеруді сылтауратып, ол қаншалықты менің семіз екенімді анықтайды, сол үшін адам етінен оған да  үлес тиеді. Маған қорқынышты емес. Мен адам етін жемесем де, олардан әлдеқайда ержүрекпін. Мен жұдырығымды қысып, шалға қолымды создым, оның қалай тексеретінін қарадым. Ол көзін жұмып, тамыр соғысымды ұзақ сипап, көп толғанды, содан соң құтырған көздерін ашып: «Ештеңе ойламасын, бірнеше күн тыныштықта ұста, сонда бәрі жақсы болады» деді.

«Ештеңе ойламасын, бірнеше күн тыныштықта ұста». Енді түсінікті: май қашқанша ұста дегені ғой, оларға сонда менің етім көп тиеді; ал «бәрі жақсы болады» дегені не екен. Олар өте арам пиғылдағы адамдар, адамды жегісі келеді, онысын жасырады, міне қызық- бірден іске кірісуге қорқады! Мен де өзімді ұстай аламадым, қарқылдап күліп жібердім. Мен өзіме риза болдым. Оларға тура қарап, қарсы тұрдым. Маған қарсы тұра алмай, олардың түрі өзгеріп сала берді. Мен қарсылық көрсеткен сайын, олар мені жегісі келеді, – оларға да менің батылдығым жұқты. Қарт бөлмеден шығып, есіктен сәл алшақ кетіп, ағама ақырын: «Тез жеп қоялық» деді. Ағам бұған келісіп, басын шұлғыды. «Сен де бірге екенсің ғой!» Бұл тосын жаңалық болғанмен  қисыны бар. Мені жегісі келетін қарақшылар арасында менің  ағам да бар болып шықты! 

Менің ағам – адам жегіш!

Мен – адам жегіштің інісімін!

Мені де  жейді, сөйтіп мен адам жегіштің інісі болып қаламын.


V


Соңғы күндері менің бастапқы ойым біртіндеп өзгере бастады: киініп алған қарт мейлі жендет болмасын, шын мәніндегі дәрігер болсын, бірақ бәрібір адам жегіш. Олардың ғылымы негізін қалаушы Ли Ши-чжэнь [2] «Тамырлар мен шөптер» деген кітабында болса керек, адам етін пісіріп жеуге болады дейді. Бұдан кейін шалдың адамды жемейді дегенге сенуге болады ма?

Сондай-ақ, мен туған ағама бекер жала жаппаймын. Ежелгі мәтіндердің мәнін маған түсіндіре отырып, ағам: «балалармен  алмасу және оларды жеуге» [3] болатыны туралы айтты. Ақымақ адам туралы бір әңгіме айтылғанда ол: «оның етін жеу керек, терісін төсеніш ету керек»  [4] деген сөздері есіме түседі. Ол кезде мен кішкентай едім, зәрем ұшып,  жүрегім қатты соқты.

Ағам Қасқырлар деревнясынан келген жалгердің «адамды өлтіріп жүрегі мен бауырын жегендері туралы» айтқанына ол ешбір таңданбады. Керісінше ағам айтқандармен келісіп, басын изеп тұрды. Ол қазір де бұрынғы қалпында қалды. Егер ол  балаларды алмасып және кімді болса да жеуге болады деп  санайтын болса, онда кімді болса да алмасып, кімді болса да жеуге болады дегені емес пе. Оның әділдік туралы айтқан пікірлеріне бұрын мен сенетінмін, енді ағам адалдық туралы қанша айтса да ағамның еріндері адам етімен майланған, оның жүрегі адам етін жеу туралы ойға толы екенін білемін.

 

VI


Қараңғы түнек, білмеймін: күн бе, әлде түн бе? Чжао ауласында ит тағы да үреді.

Арыстанның айбарындай, қоянның үрейіндей, түлкінің қулығындай.


VII

Мен олардың айласын түсіндім, бірден өлтіргілері келмейді, менің өшіккенімнен қорқып, өлтіре алмайды. Сондықтан да олар өз ара байланыста, барлық жерге қақпандар,торлар құрған, менің оларға өзім келіп түскенім керек. Бірнеше күн бұрын көшеде тұрған еркектер мен әйелдерді еске алыңыз, ағамның жүріс тұрысына қараңыз, олардың мақсатына жүз процентке көзіңіз жетеді. Мен үшін ең дұрысы белбеуімді шешіп, бөренеге лақтырып, оны жақсырақ буып, асылып қалу, сонда олар кінәлі болмайды, өздерінің астыртын мақсатына жеткендеріне қуанып, қарқ - қарқ күлетін болады. Ал одан да жақсысы, оларға: менің  қорқыныштан, қайғыдан өлгенім керек, ол кезде менің етім оларға аса бір семіз бола қоймаса да, бірақ бұл жағдайда да олар бастарын тағы бір изеп, іштерінен қуанатын болады.

Олар адам етін жеуді ғана біледі! Кітапта жазылғандардан білетінім, гиена – деген хайуан бар, жиіркенішті жануар, әсіресе көздері жиіркенішті. Өлімтіктермен қорректенеді: жемтігін уақтап сындырады екен де, содан кейін ірі сүйектерімен қоса бірге жұтады. Ол туралы ойлаудың өзі– қорқынышты. Гиена қасқыр тектес, ал қасқыр ит тұқымдастарға жатады. Үшінші күні  Чжао ауласындағы ит бірнеше рет маған қарады, түсінікті: ит те солармен бірге. Сен мені алдай алмайсың, басын жерге салбыртқан шал.

Әсіресе ағамды аяймын. Олда адам ғой, ол неге кішкене болса қорықпайды? Қарақшыларға қосылғаны аз болғандай: өзінің інісін, мені жегісі келеді. Ол – адам етін жеу бұрынғы ескіден қалған, күнә екенін, адамның саналы түрде адамгершіліктен жұрдай болатынын білмегені ме? Адам жейтіндерді лағынет атсын, мен ағамды адамды жеуден бетін қайырып аламын, ағамнан бастаймын.


VIII

Тегінде айтылған бұл дәлелдерім олар үшін мүлдем түсініксіз болуы керек.

Күтпеген жерден бір адам келді: түріне қарағанда жиырмалар шамасында, одан үлкен емес. Мен оған дұрыс қарай алмадым. Жымиып қалқып тұрған бойы , ол басын изеді. Оның күлкісі де  жымысқы. Мен:

– Адамды жеу – бұл дұрыс па? –деп сұрадым.

Ол  бұрынғы күлген қалпында:

– Биыл аштық жоқ, адам жеудің қажеті не? - деп жауап берді.

 Мен бірден ол да  қарақшылардан екендігін түсіндім, ол да адам жейтін адам. Менің батылдығым жүз еселеніп, сұрақ қойып оны қинай бастадым:

– «Дұрыс па?»

– Бұл туралы сұрап не керегі бар? Өзің қалжыңбас екенсің,.... Бүгін ауа райы қандай жақсы.

   Шынында ауа райы жақсы, күн жарық еді.

– Жоқ, сен жауап бер: «Дұрыс па?»

   Ол жығылды. Сосын кібіртіктеп:

– Жо…деп жауап берді.

– Дұрыс болмаса? Неге олар адам жейді?

– Бұлай болуы мүмкін емес….

– Болуы мүмкін емес? Қасқырлар деревнясында ашық түрде адам жейді, оның үстіне бұл туралы кітапта жазылған.

Оның түрі өзгеріп, тіпті жүзі қара шойындай боп кетті. Маған қадалып тұрып алдым, ол:

– Қайдан білейін, мүмкін солай шығар. Бұрын ғасырлар бойы солай болды емес пе?

– Ғасырлар бойы солай, дұрыс шығар?

– Сенімен дауласқым келмейді. Дұрысы олай айтпағаның жөн, өйтпесең өзің кінәлі боласың!

Мен аң - таң болып атып тұрдым, бірақ әлгі адамнан із де қалмады. Мені таңқалдырғаны, ол менің інімнен әлдеқайда кіші, ол қарақшылармен бірге екені маған мәлім болды. Әрине, оған ата –аналары үйретті, ол өз кезегінде баласын үйретті, иә, сондықтан да балалар маған өшігіп қарайды.

 

IX

Олар адам жейді, енді өздерін жемесе екен деп қорқады, содан бірінен бірі сезіктенеді....

Егер де олар бұл ойларынан қайтса, қандай жақсы болар еді, өздерінің жұмыстарын істесе, қыдырса, ұйықтаса. Ол үшін  олар небәрі кедергіден аттап өту керек. Оның орнына арақшылық ұйымдастырды және бәрі:  әкелері, балалары, ағалары, әйелдері, достары мен тіптен танымайтын адамдар өз- ара қолдап, көңіл көншітеді, тіпті өлім алдында алған беттерінен да қайтқысы келмейді, кедергіден өткілері келмейді.


X


Ертемен ағамды іздеп шықтым: ол табиғатқа сүйсініп, аула ішінде тұр екен; мен оның артына келіп, асықпай, сабырлы күйде:

– Аға, мен саған бірдеңе айтуым керек, -дедім.

– Тілеуің білсін, айта бер, – деп жауап беріп, дереу бұрылды да, басын изеді.

– Аға! Мен небәрі бір ауыз сөз айтқым келеді, бірақ мен ол сөздердің өзін де жеткізе алмаймын! Бұрын жабайы адамдар адам етін жеген шығар. Артынан көзғарастары өзгеріп, адам етін жеуден бас тартқан, өздерінің пиғылдарын түзетіп, адамға айналды, нағыз адамға айналды, ал қайсыбірі осы күнге дейін адам жеумен шұғылданып келеді. Олардың кейбіреуі құрт сияқты:  балыққа, құсқа, маймылға, кейбіреуі адамға айналып дамыды, ал басқалары жетілуге тырыспады, осы күнге дейін құрт күйінде қалды. Құртты маймылмен салыстырғанда зиянды жәндік емес, адам жемейтіндерді адам жейтіндермен салыстырғанда адам жейтіндер жиркенішті.

И Я өзінің ұлын пісірді [5] және Цзе мен Чжоу жеуге берді, өйткені  сонау ежелгі  кезден солай болып келды. Кім білсін, сол кезден бері, Паньга көкті жерден бөлген сәттен батап, И Я ұлын жеген сәтке дейін; И Я ұлының оқиғасынан Сюй Си-лин оқиғасына дейін; [6], Қасқырлар деревнясында адамды жегенге дейін  қанша адамды адам жеді? Былтырғы жылы қалада қылмыскерді жазалаған кезде көкірек ауыруына шалдыққан біреу өлтірілген қылмыскердің  қанына тоқашын батырып [7], оны жалады.

Олар мені де жегісі келеді, әрине, сен жалғызсың, оларға сен қарсы тұра алмайсың, қауқарың жоқ. Сен неге  қарақшыларға  ілестің? Адам жеуден жақсылық күтпе! Егер олар мені жейтін болса, бір күні сені де жеуі мүмкін, содан соң бірін - бірі жейді. Бірақ түзелуге болады, сонда ғана адамдар ортасында тыныштық орнайды. Осы күнге дейін ештеңе істеуге болмаса да,  барлық күшімізді біз жинап, бірге өзгертуіміз керек; айтшы, бұл мүмкін ғой? Аға, сенің ойыңша, бұл мүмкін емес пе; осыдан бірнеше күн бұрын жалға алушы жер құнын төмендетуді сұрағанда сен оған келіспедің ғой....

Басында ағам салқын күлгенмен, мен оған ойымды айтқан  сайын  жүзі уыттана бастады, ал оның жасырын пиғылын  әшекерлегенде жүзі қарайып, тіпті ажары қашты.

Қақпа артында адамдар тобы тұр:  олардың ішінде Чжао Гуй-вэнь өзінің итімен жүр. Олар мойындарын созып, қымтырылып қарап тұр. Кейбіреулерінің бет әлпеті танылмайды, олар жаулық байлап алғандай, ал қалғандары сол күндегідегідей  ақсиған ақ тісті, қара жүзді адамдар. Олар үндемей миықтарынан күледі. Мен олардың бір бөріктің астында жиналғандарын, олардың адам жейтіндер екенін білемін. Бірақ та олардың ішінде әртүрлі ойлайтын адамдар  бар екенін білемін; біреулері, бұрынғыдай адам жеуге болады деп түсінеді, ал енді біреулері адамды жеуге болмайтынын білсе де, адам етін жегісі келеді. Олар жасырын пиғылдарын білмесе екен деп қорқады, менің сөздерімді естіп, іштерінен үндемей күліп тұр,тіпті еріндерін де жыбырлатпайды.

– Жоғалыңдар әрі! Есі ауысқан адамға қарағанның несі қызық!

Мен олардың тағы бір айласын түсіндім. Олар өздерінің түзелгісі келмегендерімен қоймай, есі ауысқан адам ретінде мені бір жерге тығып тастағысы келеді. Мені жегеннен соң бұл істері жапқан күйінде  қалады, уақыт өткен сайын оларды қолдайтындар табылады деп ойлайды. Дәл осындай жағдай туралы жерді жалға алушы да айтқан болатын. Бәрі де жоспар бойынша жасалған.

Чэнь Бесінші ол да ашулы, маған жүгіріп келді. Бұл адамдар менің аузымды қаншама жабамын десе де, мен оларға: «Әлі де кеш емес, тәубаларыңа келіңдер, оданда шын көңілдеріңмен адам жеуден бас тартыңдар! Келешекте жер үстінде адам жегендер қалмайды» деп айқайладым. Егер сендер түзелмесеңдер, өмірлерің аяғында өздеріңде  жем боласыңдар. Сендер қанша ма көбейсеңдер де, нағыз адамдар қасқыр аулайтын аңшылар сияқты сендердің көздеріңді жояды, құрттарды жойғандай  құртып жібереді!

Чэнь Бесінші қарақшыларды қуып жіберді. Ағам да бір жаққа кетті. Чэнь Бесінші бөлмеге қайтуыма көндірді. Бөлме – тас қараңғы. Бөренелер мен тірегіштер басым үстінде тербеле бастады және тербелеліс күшейе  түсті.... Бөренелер  үстіме құлап жатты....

Адам төзгісіз ауыр, қозғала алмаймын: оларға менің өлгенім керек. Мен қиындықтың жеңіл екенін түсіндім, терлеп - тепшіп,  өрмелеп шықтым. Мен оларға: «Дереу тәубәға келіңдер, беттеріңнен қайтыңдар! Келешекте адам жейтіндерге жер үстінде орын жоқ.…» деймін.


XI

Күн шықпады, есік те жабық, ашылмайды: күніне екі мезгіл тамақ береді. Мен тамақ ішу үшін таяқшамды қолыма аламын, бір кезде ағам ойыма түседі: кішкентай қарындасымның өліміне ағам – жалғыз өзі кінәлі екенін білемін. Осы күнге дейін, қарындасымның сүйкімді, мұңды бейнесі  көз алдымда тұрады. Ол небәрі бес жаста еді. Анам дамылсыз, жылай берді, ағам анамды жыламауға көндірді; өйткені қарындасымды ол жеді, ал анамның көз жасы жаны қиналғаннан шығар.  Егер ағамда жан азабын түсінетін болса....

Қарындасымды ағам жеді: анам бұны білді ме мен оны білмеймін?

Білген шығар деп ойлаймын, бірақ ол жұмған аузын ашпады, тек жылай берді, – осылай болуы керек деп санаған шығар. Тағы бір есімде қалғаны, мен бес жаста, мүмкін одан да жас болған шығармын, үй алдында демалып отырғанмын, ағам қасыма келіп: егер де әкесі немесе анасы ауырып қалған кезде ұлы өзінің денесінен етін кесіп, оны қайнатып, әке- шешесіне  беру керек: сонда оны жақсы ұл деп айтуға болады деген болатын. Анам сонда қарсы болмады. Егер адам адам етінен бір үзім жейтін болса, онда тұтас жеуге де болатын да шығар. Осы күнге дейін анамның қалай жылағаны есіме түссе, жүрегім жарылып кете жаздайды. Маған бұл оқиға әлі күнге дейін түсініксіз.

 XII

Ойлауға халім жоқ. Төрт мың жыл бойы адамды адам жеген әлемде өмір сүріп келгенімді бүгін ғана түсіндім; кішкентай қарындасым өлген кезде ағам үй шаруашылығын жүргізді, кім білсін, мүмкін ол білдірмей қарындасым етінен біздерді де тамақтандырған шығар.

Мүмкін, мен мұны білмей қарындасымның бір үзім жапырақ етінен жегенде шығармын, енді кезек менің өзіме келді.…

Мен төрт мың жыл адам етін жеген адамдар ортасында өмір сүріп келгенімді қазір анық түсіндім, нағыз адамдарды кездестіру өте қиын екен.


XIII


Мүмкін, адам етін жемеген балалар әлі де бар шығар?

Балаларды құтқарыңдар!

1918 жылғы сәуір.

 

Ескерту

 Әңгіме тұңғыш рет «Синь циньянь» («Жаңа жастар») журналында 1918 жылғы мамырда басылды; 1949 жылы Шанхайда қаласында жарық көрген «Лу Синь: әңгімелер, мақалалар, хаттар» кітабында С.Л. Тихвинский аудармасында «Дневник сумасшедшего» деген атпен енді.

Лу Синь 1918 жылғы 20 тамызда досы Сюй Шоу –шанға жазған хатында,  «Жынды адам жазбалары» туралы: «Қытайда адамгершілік, мораль және ізгілік туралы ілімдер бұрыннан тамырын терең жайды дейтін, соңғы мезгілде бұндай көзғарастар кең таралып жүр. Тарихты оқысаң болды бұған қарсы көптеген мәселелердің тез шешімін табатынын көресің. Бұдан басқа «Жалпы ортақ айнаны» қарап отырып, қытайлықтар адам жейтін ұлт болып қалып отырғанын түсіндім, сол кезде мен осы әңгімені жаздым.

Тәржімәлаған Салауат Кәрім
А. Оралқызы