Түрік ақыны Назым Хикметтің өлеңдері

Түрік ақыны Назым Хикметтің өлеңдері

Түрік әдебиетінің көрнекті тұлғасы, қоғам қайраткері Назым Хикмет 1902 жылы дүниеге келген. Мәскеудегі Шығыс университетінде оқыған. Алғашқы жинағы "Күн жұтқандар жыры" 1928 жылы Бакуде жарық көрген. Ол түрік өлеңіне соны ырғақ, екпін, ұйқас түрлері мен "еркін өлең" аталатын жаңа үлгіні енгізген. Алғашқы өлеңдері асқақ ой мен сырлы сөздерге құрылса, кейінгі жылдары терең лиризмге бой ұрған. Оның өлеңдері түрік поэзиясына зор ықпал етіп, оның есіміне байланысты әдеби ағымдар пайда болған.

Бүгін біз белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің аудармасында Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты Назым Хикметтің өлеңдерін ұсынамыз.

ӨМІРБАЯН

1902 жылы туыппын,
Қайда тудым – соққаным жоқ мен қайтып,
Қайта оралу – әңгіме ғой болмайтын.
Үш жасымда Алеппода немересі ем
пашаның,
Он тоғызда – Москвада,
Коммунистік университетте оқыдым,
Қырық тоғызда – ЦК-ға
қонақ болып отырдым.
Он төрт жастан бастап өлең жасадым.
Біреулерге жақсы таныс шөп түрі,
Мақтанады: «балық түрін көп білемін»
деп бірі,
Ал, мен болсам...
Білдім құнын ақталмаған үміттің,
Біреу көктің бар жұлдызын басқа соғып
санайды.
Ал мен болсам...
Айрылысуды ғана білген жігітпін.
Мейманхана таңдап қондым,
Шертіп жүріп шекесін,
Түрменің де көрдім не бір көкесін.
Талай-талай ашықтым мен,
Жарияладым аштық та,
Дүниенің таттым бірақ түрлі-түрлі 
тағамын.
Отызымда болды мені дарға аспақ,
Мойныма дар арқанын лақтырды;
Қырық сегізімде мақтады кеп зар қақсап,
Бейбітшілік үшін сыйлық ап тындым.
Жарты жылда тас еденмен төрт-ақ метр
Жер жүргенде – отыз алты жаста едім,
Таң қаласың:
Елу тоғызымда он сегіз-ақ сағатта өттім
Прага мен Гавананың арасын.
Ленинді тірісінде көргем жоқ.
Жиырма төртінші жыл со бір
Құрметті қарауылда тік тұрғам.
1961-де ұқтырғам
Лениннің томдарының мавзолейін аралап,
Партиямнан бөлмек болған жауларымды
ықтырғам.
1951-де жас жолдаспен екеуміз
көк теңізде
қарсы бардық ажалға.
1952-пәре-пәре жүрекпен
Жатып алып шалқадан,
Төрт ай күттім ажалды.
Жырларымды отыз-қырық ел басты,
Түрік елі баспайды,
Рұқсат жоқ,
Болған емен министр,
Қолдамайды, болмаймын,
Есесіне, мені өлең қолдайды.
Болғаным жоқ соғыста,
Ауырғам жоқ ракпен – 
Міндет те емес шығар бұл.
Басқа түссе шыдармын.
Алпыстамын.
Ойланбасқа болмайды:
Ақтадым ба азаматтар үмітін,
Жоқ па әлде? –
Сол қайғы...

Социалистік Қазақстан, 1973, 8 шілде

ДҮНИЕ, ДОСТАР, ЖАУЛАР, ӨЗІМ ЖӘНЕ ЖЕР

Дүниеге жаралғаным үшін де
Мен өзімді бақытты деп санаймын.
Сүйем шексіз топырағын, жарығын,
Күрестердің шоқ-отына нан пісірдім талай күн.
Соңғы метрін білсем де жер радиусының,
Білсем де оның күн қасында ойыншықтай екенін,
Дүние – ұлы, ұлы менің мекенім.
Дүниені келеді ылғи шарлағым:
Халықтарды көргім келед көрмеген,
балықтарды көргім келед көрмеген,
Жұлдыздарды түнгі аспанға бес аяқтап өрлеген.
Европаға сапар шектім кітап жүзінде ғана,
Азиядан көрген емен хат алып.
Кварталдас көршім менің дүкенші –
екеумізді Америкада ешкім білмей жатады.
Қарамастан осыған – 
Қытай менен Испания арасы,
Аляска мен Үміт мүйісінде сол
әр теңіз, әр құрлықта қас, досым бар, -
тілдесем.
Достарым ол көріспеген ғұмыры,
бірақ біздің әрқайсымыз өле аламыз бостандық
пен нан үшін – 
адамзаттың намысы.
Ал, жауларым менің қанымды ішсек десед безеріп,
менің де ернім кетед сонда кезеріп.
Менің күшім – жалғыз емес екенімді сеземін.
Құпия емес мен үшін
Дүние де, оның адамдары да.
Ұлы күрес жолына аттанатын сапта орным.
Сондықтан да мекендеймін қақ төрді.
Күрессіз, жер, қанша көркем бола бер,
ұнамас ед ұсқының,
күресің бар: сүйкімдісің жұмыр жер,
мен сондықтан күштімін.

ХХ ҒАСЫР

– Қазір ұйықтап
Жүз жылдан соң оянса ғой, сүйіктім...
– Жоқ, қорықпан ғасырымнан,
қорқытпайды мені ешкім,
мен... мен – қашқын емеспін.
Менің сорлы, қайырымсыз ғасырым,
қорқақтығы, батылдығы айырусыз ғасырым.
Көрген емен өкініш қып мен бір де
дүниеге тым ертерек келдім деп.
Ғасырымның перзентімін, жат маған
өзге пиғыл
соның үшін мақтанам.
Жаңа тұрмыс, жаңа қадам аттаған
Күрескерлер ортасында мекенім – 
Соның өзі мақтануға жетеді.
– Жүз жылдан соң оянса ғой, сүйіктім... –
– Жо, жоқ, қарамай бұған
туып,
өліп жатқан қайран ғасырым
бәрін түзеп жасырын
құтқарады қайғыдан.
Менің азап-түнім орнын таң алар
Сенің, Ханшам, жанарыңдай жанар түгел,
бір жылар да жаңарар.

ОПТИМИСТ

Бала кезде ол шыбындардың қанатын
қырықпаған болатын.
Қуған емес қалбыр байлап құйрығына мысықты
Сіріңкенің қорабына ойнамаған қоңыз сап,
Құмырсқаның илеуін де бұзбаған – 
Қызғанам!
Өсті солай ержетті,
Өзі ешкімге істемеген
Көп сұмдықты, ойлауға да төзбеген
тапты, татты өзгеден.
...Соңғы сағатында болдым қасында:
«Оқы, - деді, ол – жыр жәйлі»,
Синхрофазотрон жайлы,
теңіз жайлы, күн жайлы,
Жер серігі хақында,
«Жыр оқы, - дейді, сырнайлы».
Шексіз деймін ғалам бұл,
Қарағанда ұлылығына адамның.

КӘРІЛІККЕ ЕТ ҮЙРЕНДІ

Кәрілікке үйреніп келемін – жұмысқа қиын ең.
Қағуым қалды бір есікті соңғы рет,
Қоштасу қалды бір досыммен соңғы рет,
Сағаттар ағады толқын боп үйіле, түйіле...

Нені ұқсам мен – соған көңілім толмады,
Мен саған бір нәрсе айтпақ ем – болмады.
Менің ой әлемім сигарет түтініне ысталған,
ғұмыр бар қысқарған. Бұл қанша жігерлі
Хабаршы ғып өлім жалғыздығын жіберді.
қызығым, қарттығын сезбеген кісіге қызығам,
Басындағы ойына, қолындағы ісіне қызығам!

ТАҒЫ ДА ОТАН ТУРАЛЫ

Елім менің, елім, елім,
Сенде істелген бөркім тозып құтарды,
Сенде істелген бәтіңкем де
ұлтанынан жұқарды.
Сен кигізген бешпентімнің сау-тамтығы қалмады
Қалдың, Елім, көңілімнің желікпесінде,
жүрегімнің демікпесінде,
буырылында самайдың,
әжімінде маңдайдың.
... Елім менің, елім, елім!

Сурет: narsanat.com

Ш. Талап