Фридрих Шиллердің өлеңдері

Фридрих Шиллердің өлеңдері

Фридрих Шиллер (1759-1805) – неміс халқының ақыны, философы, тарихшысы және драматургы. Өмірінің соңғы жылдары (1788-1805) Шиллер сол кездің өзінде атақты және ықпалды Гетемен терең достық орнатып, бұл зор шығармашылық нәтижелерге алып келді: олар эстетика тақырыптарын талқыласып, Шиллер Гетенің бұрын бастаған, бірақ кейін аяқтамай кеткен шығармаларын аяқтауына түрткі болды. Осы арқылы қазір Ваймар классицизмі деп аталатын бір ерекше кезең басталды. Сонымен қатар ол екеуі бірге "Ксениялар" деп аталатын қысқа, бірақ өте уытты сатирикалық өлеңдер жинағын құрастырды. "Ксенияларда" Шиллер мен Гете өздерінің эстетикалық көзқарастарына қарсы шыққандарды өткір әжуаның астына алды.

Өлеңдерді аударған - Сырбай Мәуленов.

ГҮЛДЕР

Шашырап шыққан күннің перзенттері,
Әсем гүл қызыл ала өрнектері,
Махаббат, сұлулықтың белгісі деп,
Сіздерді көп болды әлем тербеткелі.
Сақина өрнегі боп флораның
Көркіндей келесіңдер бұл араның.
Бірақ та ойланыңдар толғаныңдар.
Жайлаған жас сұлулар гүл алаңын.
Жылаңдар: өмірдің сырт сұлулығы
Құя алмас жандарыңа сірә әрін.
Бұлбұлдан, торғайдан соң өрістен үн,
Шығады сіздер жайлы шерлі іштен мұң.
Жапырақтарыңызда тербетіліп,
Ұйықтайды қалғып қызы періштенің,
Сіздердің тәждеріңіз елден ерек,
Диана қызын сиқыр күйге бөлеп,
Жіберді айналдырып көбелектің
Жасаулы кілеміне бір керемет.
Жылаңыз, жас төгіңіз, күн баласы,
Белгілі көңіліңнің мұң–наласы.
Сіздерден алыс кетіп аулақ жаққа,
Алшақтап махаббаттың тұр арасы.
Бірақ та айырылысу, қайғы– мұңды,
Қарсы алам жимай ешбір айылымды...
Қадірлі досым, Наанни! Бұл саусақтар
Сый тоқыр өзіңе арнап қайырымды.
Жырымды, жүрегімді, өмірімді,
Сыр толы, нәзік күлкі көңілімді,
Мен сізге тапсырамын аманат қып,
Өсиет, ең ақырғы сенімімді.
Табасың бұл сөзімнен не керекті,
Осы бір алақандай еле бетті.
Ең күшті тәңіріден ұшыратпас
Көресің құпия бір кереметті.

ТІЛЕК
Ашыл, сайдың тұманы!
Тара, түнек мұнары!
Құшармын қайдан арманды?
Қанар ма жанның құмары?
Жалындап гүлмен лаулайтын
Қызыл төбе көремін.
Қанатым қайда самғайтын
Басына со бір төбенің?
Көңілің қалар жеңілдеп,
Үнімен сырлы шектердің,
Соғады қоңыр жел үрлеп,
Лебі боп нұрлы көктемнің.
Сол жерде жеміс жарқылдап,
Ағашты тұрар алтындап,
Дөңесте, жазық көгалда
Соқпайды боран аңқылдап.
О, сұлулық, мас қылдың!
Керемет көктем сол жерде
Жұтқандай исін жас гүлдің
Тулайды жүрек кеудеңде!
Ұшамын соңда ... қиял нұр!
Өтетін жолым жоқ менің.
Алдымда асу қия тұр,
Арқыратып көк селін.
Қайық тұр... бастар қайда адам?
Жөнелдік... сында билік бұл,
Желкені қанат байлаған
Ескегі найза бір өткір.
Сен жүрекке тәуекел:
Құдайға сенбе не керек.
Керемет болса тәу етер
Жол басшың со бір керемет.

ЖАРЫҚ ПЕН ЖЫЛЫЛЫҚ

Енсе адам құшағына бұл өмірдің
Жалынды үмітімен жүрегінің,
Көреді төңірегінің той-думанын,
Ізгілік игілігін тілегінің,
Ізгілік толы ойға, тауқыметке
Ол қолын созады тек әділетке.
Ол бірақ бәрін біліп ұққанында,
Төңірек тұмайтынын түкке алуға,
Тобырдың толқынынан тайғанақтап
Өз басын әлек болар құтқаруға.
Тәкаппар тыныштыққа ызғары мол,
Құлыптар махаббатын қызғанып ол.
Әрбір нұр бірдей болмас жанып отпен,
Болса да сәулеленген әділетпен,
Армансыз адам білім сыйлығы үшін,
Еш ақы төлемеген ақ жүректен!
Ендеше өр қауымға жаны салқын,
Құя сал арманыңның бар қуатын!

ҮМІТ

Арманмен келеді адам бұл өмірге,
Тағдырды табындырып бір жеңуге,
Алдына қойып алып алтын мақсат,
Бақытты қол созады күндеріне.

Дауылды күндер өтіп бұрқыраған,
Туады бақыттылық бір күн оған.
Жақсы іздеп жақсыдан да жанталасып,
Тоймайды дүниеге, шіркін, адам!

Үмітпен шегер адам сапар күнге,
Нәресте қызығына батар мүлде.
Жігітті жарқылымен еліктіріп,
Қарттармен жатпас жерде қатар бірге:

Қабырға қажып-талып енсек барып,
Тұрады үміт арттан шешек жарып.
Жоқ, жоқ! Тек арындаған арманға біз,
Бесіктен белді буып арналғанбыз
Сәуеге күн айтуы тегін емес,
Келді деп зор мақсатпен жалғанға біз.
Нені айтып тұрса ішкі жан үнсіз,
Сол біздің оттай жанған тағдырымыз.

КӨКТЕМГЕ

Сәлем, саған, сиқырлы
Көтеріп ап гүлді әсем,
Табиғаттың ынтығы,
Келіп жеттің қырға сен.
Тағы отырсың тілдесіп,
Нәзік әрі сұлусың.
Жүгіреміз гулесіп,
Шықса атойлы дыбысың.
Есіңде ме, ару қыз
Сүйіп құшар жайды ұдай.
Жүрме қазір мәлімсіз.
Сол қалпынан айнымай.
Сол қыз үшін бір гүлді
Сұрап шағым мұңымды,
Сен ше? Ұғып бұл сырды
Бересің жас гүліңді.
Сәлем, саған, сиқырлы
Көтеріп ап гүлді әсем,
Табиғаттың ынтығы,
Келіп жеттің қырға сен.

ОЙНАП ЖҮРГЕН БӨБЕК

Күл де, ойна, о бөбек,
Ақ төсінде анаңның.
Ол бір арал керемет
Жуытпайды саған мұң.
Қия үстіне сол ана
Көтеріп тұр ұлым деп.
Мұз жамылған молаға
Қарайсың сен күлімдеп.
Күнәсіз жан! Күл, ойна!
Бақытты әзір пайдалан!
Батпайсың сен мұң ойға
Шаттық –думан айналаң.
Қайрат кетер шақ болар
Қайнай бермес ол мүлде.
Ерлікке де жат болар
Ұлы борыш, зор мүдде.
Күл! Жақында күн келер,
Кетер бойдан әл–қуат.
Өмір сені өңгерер
Жалыныңды тартып ап.

ҚҰПИЯ СЫР

Ұрланып өзі өзінен
Тұрды ол топта жасырын,
Мен де үнсізбін. Көзінен
Ұғамын оның жан сырын.
Кіремін орман ішіне,
Көңілде жоқ қауіпті ой:
Көрсетпей басқа кісіге,
Жапырағыңмен жауып қой!
Естіліп еміс құлаққа
Ағады тірлік арнасы,
Жаңғырыққан жырақта
Өмірдің ауыр балғасы.
Адам мен тағдыр алысып,
Ол жерде күрес басталған,
Ойда-жоқта табысып,
Түсер бір бақыт аспаннан.
Көрмесін бізді ел деген,
Сызданар көрсе мұздап іш.
Кедергі болар көлденең,
Іштерін өртеп қызғаныш!
Келмейды бақыт бекерге,
Қашады аулақ алшақтап,
Жүгір де ұста – бөтенге
Барымта етпей қал сақтап!
Сездірмес бақыт дыбысын,
Сүйеді тыныш түн ішін,
Жауыз көздер ажалдай,
Тарылтады тынысын.
Шусыз тасқын көмкеріп,
Қанатынды жай әлі.
Толқындарды көтеріп,
Сақта біздің саяны!

Сурет: the100.ru

M. Auelkhan