Қазақ бүркітшісі

Қазақ бүркітшісі

Бұл мақала халықаралық «Horse connection» журналында жарияланған болатын. Мақаланың бас кейіпкері – суретші-фотограф Бонни Фолкинс 2007 жылдан бері батыс Моңғолия және Қазақстанның бүркітшілерін таспаға түсірумен айналысып келеді. Мақсаты – бүркітшілер фотосуреттерінің ең үлкен топтамасын әзірлеу. Бұл мақсат жолында Боннидің ат үстінде жасаған ұзақ сапары, қазақ халқы жайлы түйген ой-пікірлері Джеоф Янгтың мақаласында баяндалады.

Қазақ бүркітшісі

Бонни Фолкинс үшін екінші өмірі басталды. Бұл – Бонни ажалды алдап, дүниеге қайтадан «шыр» етіп келді деген сөз емес. Тек ол өз өмірін екі бөлікке бөліп қарайды. Бүркітшілер қауымымен танысқанға дейінгі өмірі өзінше де, қазіргі өмірі мүлде бөлек. 
Канадада дүниеге келген Бонни – АҚШ, Канада, Португалия сынды әлемнің бірқатар елінде 50-ден аса жеке көрмелерін өткізген танымал суретшілердің бірі. Ол әлемнің көптеген елдеріне сапар шегіп, бәрін өзінің қылқаламына арқау еткен. Алайда 2007 жылы қазақ бүркітшілері мекен ететін батыс Моңғолияға жасаған алғашқы сапары Боннидің өмірін де, өнерін де түбегейлі өзгертіп жібереді. 
Бұл сапарға шығуға суретшіні қанаттандырған нәрсе бар. Бонни ғаламтор арқылы қазақ бүркітшілерінің фотосуреттерін тамашалайды. Олардың қызыл түсті бас киімі, қара шапаны және қолдарына қондырған қыран құстары оның қызығушылығын оятады. Бонни дереу өз жоспарына өзгерістер енгізіп, қазақ бүркітшілерінің мекені – Баян Өлгейге аттанады. Баян Өлгей – Моңғолия, Қытай, Ресей және Қазақстанмен шектесетін Алтай тауының баурайында орналасқан. Мұнда Ресей империясының билігі тұсында өз атамекенін тастап, қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ халқының бір тобы мекендейді. Олар өз дәстүрлері мен мәдениетін сол тарихи қалпында сақтап қала білген. Сталиндік репрессия кезінде қазақ халқы мал-мүлкінен, туған жерінен айрылған. Нәтижесінде бірнеше миллиондаған адам жазықсыз ажал құшса, миллионнан астам қазақ халқы Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан, Түркияға қоныс аударуға мәжбүр болған. Бірақ ең зорлығы, сол уақыттағы билік қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінің ұмытылуына себепші болған. Алайда атамекеннен алыс кеткендер өз салт-дәстүрін әлі күнге дейін сақтап, жалғастырып келеді. 
Боннидің Баян Өлгейге жасаған алғашқы сапары оны Бұғат Сам ауылына бастап барады. Мұнда ол Адай есімді бүркітшімен танысып, соның үйіне орналасады. Мейірімді де жомарт Адай Бонниді ауылдағы барлық бүркітшілермен таныстырып, Бонни оларға өзінің әлемде сирек кездесетін бұл өнерді таспаға түсіріп, ұрпаққа мұра етіп қалдырғысы келетінін айтады.

Осылайша, қылқаламын фотокамераға алмастырған суретші бүркітшілер өміріне әбден қызыққаны сондай, олармен бірге ат үстінде ұзақ жорықтарға да шыға бастайды. 2009 жылы Алтай тауы баурайында 1700 шақырымға жуық қашықтықты ат үстінде бағындырып, сол атырапты мекендейтін бүркітшілердің фотопортретін жасап шығарса, 2010-2011 жылдары Моңғолия мен Қазақстанның кең байтақ даласында 2500 шақырымға жуық қашықтықты бағындырған сапар жасайды. 
Бұл сапарлар Боннидің өмірін мүлде басқа арнаға бұрды десек болғандай. Апталап, айлап, күн демей, түн демей, тіпті ат үстінде ұйқтап саяхаттау – екінің бірінің қолынан келер шаруа емес. Бұл уақытта ат пен иесінің арасында тек қана физикалық емес, рухани байланыс та орнайды. Құдды бір жан, бір дене сықылды. Боннидің өзі айтқандай, «желмен жарысып, байтақ даланы бағындырасың. Қазақ халқының арғы бабалары даланың дархандығын тұлпардың тұяғымен өлшеген». 
Бұл ұзақ сапарлар өз мәресіне тақаған сайын Бонни жабырқай бастайтын. Өз Отанына барған кезде жылқыларды, бүркіттерді сағынғанын шынайы сезініп, киелі өнердің технология дамыған жаңа заманда ығысып, жойылып бара жатқаны оны мұңайта түседі. 
Моңғолияға 2010 жылы жасаған сапарында Бонни бүркітші Далайхан Бошайдың үйіне орналасады. Далайхан – мұнда ірі шаруашылықтың иесі. Оның қарауында ірі қара, қой-ешкі, тіпті түйелер де бар. Далайхан күн сайын Амантай, Түгелбай есімді достары және баласы Алпамыспен бірге бүркіттерін аңға салудан жалыққан емес. 
Адамдар Моңғолияда жабайы құстарды аңшылыққа сонау ХІІІ ғасырдан бастап баулыған. Аңыздарға сенсек, Шыңғыс ханның жеке күзетінде 5 мың бүркітші болған екен. Бүркіттер суыр, қоян, тіпті түлкі мен қасқырды да ілетін болған. Өкініштісі, бұл керемет өнердің жаһандануға жұтылып бара жатқандығы. 
Бүркітшілік өнер атадан балаға мирас болып қалып отырады. Ал бүркітті баулуда әр бүркітшінің өзіндік құпиясы бар. Бүркітшілер екеуара рухани байланыс орнатуға үлкен мән береді. Өйткені мұндай тылсым рухани байланыс орнамайынша, бүркіт өз иесін танымайды. Сол үшін де бүркітшілер құстарын баулығанда, күні-түні қасында болып, бүркіттің бар назарын өзіне аударып алуға тырысады. 
Бүркіт пен иесінің арасындағы қарым-қатынасты – адам мен жануар арасындағы әріптестіктің ең бір ерекше түрі деп бағалауға болады. Қазақтың нақыл сөзінде айтылатындай, адам бүркітті баулыған кезде, бүркіт адамды да баулиды. Боннидің түсірген суреттеріне қарап отырып, бүркіттің де, бүркітшінің де паң бейнесін байқауға болады. Олар биікке қарайды. Өйткені өздері де биік. Бұл бүркіт пен иесінің арасындағы қарым-қатынас 8-11 жылға созылады да, одан кейін бүркіттер өз еркіне жіберіледі, табиғатқа оралады. Бүркіттер орта есеппен 30 жылдай өмір сүреді. Кейбірі елу, елуден астам жас жасайды.
Қыран құстар иесі жіпке байлаған теріні іліп үйренеді. Жемтікті ілген бүркіт иесін күтіп отырады. Бүркіттер ат үстінде иесімен бірге сапарға шыққанда, қолға үйретілген тәртіпті құсқа айналып шыға келеді. Иесінің биялайына қонақтаған бүркіттер өз дене салмағын реттеу арқылы иесіне салмақ түсірмейді. Есесіне, көкке ұшқан кезінде бұл алып құстар сағатына 200 шақырым жылдамдықты игереді. Қос қанатын кеңге жайып, жемтігіне шүйліге ұмтылғанда, жаңа ғана иесінің қолында қонақтап отырған құстың ізін де таппай қаласыз. Құдды үй құсынан түз тағысына айналып шыға келгендей. Олардың жанары қиядағыны көреді. Ал тырнақтары кішігірім маралды іліп, көкке көтеріп әкете алатындай қайратты. 

Далайханның үйінде тұру – Бонни үшін жаңа тәжірибе болды. Өйткені Далайханның қыстауы Қытай шекарасынан 15 шақырым ғана қашықтықта, Алтай тауының 4-5 мың метр биігінде орналасқан. Құм, қамыс, малдың қиынан тұрғызылған үйдің еуропалық адам үшін жат екені белгілі. Ал жазда олар киіз үйді пайдаланады. Көшіп-қонуға ыңғайлы бұл үй Бонниді де таңырқатты. Мұнда кран арқылы үй ішінде ағып тұратын салқын, ыстық су жоқ. Электр энергиясының өзі тәуліктің белгілі бір уақытында беріледі. Ал тамақты үй иелері шағын ошақта пісіреді. Отын көзі – малдың кепкен қиы. 
Осындай қалалық өркениеттен мүлде ада мекенде өмір сүретін қазақ халқы – әлемдегі ең қонақжай және жомарт халық. Кез-келген жолаушыны төрге шығарып, жылы-жұмсақтарын алдарына тосады. Тіпті, өздерінің аузынан қақса да, қонаққа деп арнайы сыбаға сақтап отырады. Мұндай кең пейілділікті көргенде әркім-ақ алғыс айтары сөзсіз. 
Қазақ халқы өнерге де бай. Домбыра аталатын қос ішекті музыкалық аспаптарына қосылып, ән айтып, би билегенде оларға Алтай тауының ызғары сезілмейтіндей көрінеді. Бір жағынан осындай рухтарының биіктігі де олардың қысқы суық түндерді аман өткеруіне себепші ме деп те ойлайсың. Әйтеуір, жерге, тауға, далаға, сол даланы мекен ететін жануарларға деген махаббаттары оларды ХХІ ғасырда жұтылып кетпей, ата дәстүрін жалғастыруына мүмкіндік беріп отырғанын түсініп, басыңды иесің. 
Боннидің мақсаты – әрбір бүркітшінің жеке портретін жасап, топтама әзірлеу болатын. Бұған ол 9 сапардан тұратын 5 жыл уақытын сарп етті. Болжам бойынша, Алтай тауының баурайында 300-ден астам бүркітші мекен етеді. Алайда әрбірі Далайхан сынды ең қиын-қыстау деген жерлерді мекендейді. Оған тек жаздыгүні атпен баруға ғана мүмкіндік бар. Ал қыстыгүні ат үшін де жолдар жыбылып қалады. Бонни бүркітшілердің 20 пайызын ғана таспаға түсіре алғанын айтады. Алда әлі жұмыс көп. «Бүгінгі заманға бүркітшілердің қажеті жоқ. Бүгінгі адамдарға техника болса болды. Ал ата дәстүр, киелі өнер бірте-бірте жойылып кете береді. Біз қаласақ та, қаламасақ та осы. Сол үшін де кейінгі ұрпақ ата-бабаларының қандай дәстүр ұстанғанын, қандай өнерді игере білгенін ұмытпауы үшін қазақ бүркітшілерінің барлығының фотопортретін әзірлегім келеді. Өкініштісі, олар өркениетттен, өркениет олардан оқшауланып қалған. Олар өздігімен альбом жасап, ұрпаққа мирас етіп қалдыра алмайды» дейді Бонни. 
Қазақ халқы, оның тарихы Бонниге ерекше әсер еткені байқалады. Мақала басында атап өткеніміздей, қазақ халқы оның өмірі мен өнеріне де елеулі өзгеріс әкелген. «Мен Қазақстанда кеңестік үкімет ықпалының зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатан адамдарды кездестірдім. Олардың көбі өкпесін жасырмайды. Сталинге «ұжымдастыру» арқылы халықты көшпелі тарихынан айырғаны үшін, адамдардың рухын жаншып, мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін, сенім-нанымын – бәрін-бәрін құрбандыққа шалып жібергені үшін лағнет айтудан жалықпайды. Бұл ретте Қазақстанның бүгінгі халқын ата-баба дәстүрін толық сақтай алмай қалды деп айыптау орынсыз. Алайда бабалар өнерін сақтап қалған Моңғолия қазақтарына бас ию керек сияқты. Соған орай, қазақ бүркітшілерін мен «рух қорғандары» деп атар едім» дейді Бонни. 
Алыста, өркениеттен тыс әлемде өз бетінше өмір сүріп жатқан батыс Моңғолия қазақтарының тұрмысына дүрбі салған Боннидің өзі де «рух қорғанына» айналған бүгінде. Моңғол-қазақ даласында жалғыз-жарым 3-4 мың шақырым қашықтықты ат үстінде бағындырып, қазақ бүркітшілерінің тұрмысын таспалаған оның ерлігі зор.

Автор: Джеоф Янг
Аударған: Нұрболат Аманжол

Сурет: facebook.com

A. Mustafina