"Машалла": Діни сөздер тілді дамыта ма, әлде шұбарлай ма?

"Машалла": Діни сөздер тілді дамыта ма, әлде шұбарлай ма?
Фото: Reuters

"Иншалла", "Сұбханалла" және "Машалла" сөздерін көпшіліктен естіп жатамыз. Пәтуа бөлімінің маманы бұл сөздерді арабтың ғана тілі емес, бүкіл мұсылманға ортақ құлшылық сөзі деп қарауға шақырды. Ал олардың тілімізге әсері жайлы филолог маманның пікірі қандай? Діни сөздер тілді дамыта ма, әлде шұбарлай ма?

Филология ғылымдары кандидаты, терминтанушы Шыныбекова Айгүл бұрын "Иншалла" немесе "Машалла" деп емес, көбіне "Құдай бұйырсын " немесе "Құдай жарылқасын" деп айтатын жеткізді.

"Біз бала кезімізде Алла деген сөздің өзін көп естіген жоқпыз. Ол кезде үйге қонақ көп келеді. Ауылда үлкен кісілер көп болатын. Солардың әңгімесін тыңдаймыз. Олар Құдай деген сөзді көп айтатын: Құдай аясын, Құдай есіркесін, Құдай жарылқасын, Құдай бұйыртсын, Құдай берсін деп сөйлейтін. Мысалы, қазір көпшілік қуанышты жағдайда машалла деп айтады. Ал біздің кішкентай кезімізде Құдай жарылқасын, Құдай риза болсын дейтін", - деді Айгүл Шыныбекова.

Маманның ойынша, елімізде бұл сөздер 90-жылдардың басынан бастап жиі қолданыла бастады.

"90-жылдардың басында иншалла, машалла деген сөздер келді. Діндар адамдар өздерінің дін жолында жүргенін көрсету мақсатында осы сөздерді қосып алды деп ойлаймын. Маған бұл Түркиядан басталған секілді көрінеді. Себебі түрік сериалдарының бәрінде кейіпкерлер иншалла, машалла деп отырады", - дейді Айгүл Шыныбекова.

Айгүл Шыныбекова діни сөздер тілімізді шұбарлайтынын айтты.

"Алла, шүкір, риза да кірме сөз. Бірақ сіңіскен. Ал иншалла, машалла, сұбханалла деу тілімізде бар арабизмдерді іштей ығыстыру, транстерминдену болмақ. Арабтық тілдерді  көп кіргізуден біз ештеңе ұтпаймыз. Одан да олардың мағынасын сақтап, өзіміздің тілде қолдану керек. Оларды тілімізде бар сөздермен алмастырған дұрыс. Мысалы: астафиралла - астапыралла немесе Құдай сақтасын; машалла - қандай керемет,  тамаша, бәрекелді; иншалла - Құдай қаласа", - деп қолдануға маман кеңес берді. 

А. Жапатова