"Үмбетәлі  Кәрібаев оқуларының" жеңімпаздары белгілі болды

"Үмбетәлі  Кәрібаев оқуларының" жеңімпаздары белгілі болды

Халық ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбылдан бата алып, өлеңнің "Қара жорғасы" атанған Үмбетәлі Кәрібаевтің туғанына 133 жылдығына орай Алматы облысындағы ақын атымен аталған ауылда кезекті "Үмбетәлі  Кәрібаев оқулары" өтті.

Бұл мүшайраға мектеп директоры Асымханова Оксана, мектеп оқушылары мен ұстаздар, Үмбетәлі Кәрібаевтың ұрпағы Әлия Үмбетәліқызы, Қамқорлық кеңесінің төрағасы Сарманбеков Тлепберген Рахымұлы, Ақсақалдар алқасының төрағасы Молдахметов Серік Қапасұлы және медиаменеджер әрі ақын атындағы мектептің қамқоршылар кеңесінің мүшесі Карабалин Сұңқар қатысты. Аталған іс-шараға қатысқан оқушыларды ынталандыру мақсатында мектеп директоры және келген қонақтар демеушілік көрсетті.

Байқауды ұйымдастыруға атсалысқан мектеп директоры Асымханова Оксана мүшайрадағы мақсатымыз елімізге белгілі тұлғаларды жастарға үлгі ету екенін айтады.

"Үмбетәлі Кәрібаев оқулары бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Пандемияға байланысты тоқтап қалған дәстүрлі оқуларды қайта жалғастырдық. Жылда оқушыларға Үмбетәлі Кәрібаевтің шығармаларын, өмірбаянын насихаттау мақсатында өткіземіз. Келер ұрпақтың елімізге еңбегі сіңген тұлғаларды таныстыру біздің міндетіміз деп ойлаймын", - дейді мектеп директоры.

Аталған іс-шараға 5-11-сыныптар арасында ең үздік 10 оқушы қатысты.

Мүшайра қорытындысы бойынша бірнеше қатысушы марапатталды:

Бас жүлде: 9 "А" сынып оқушысы Әбілқасым Мерей – диплом және Үмбетәлі Кәрібаев атындағы жүлде  (20 000тг);

І орын: 6 "А" сынып оқушысы Бердалы Ерасыл – диплом, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы жүлде  (15 000тг);

ІІ орын: 7 "А" сынып оқушысы Қажымұрат Алтынай – диплом, Искаков Әуелбек Мұсақанұлы атындағы жүлде (10 000тг), 7 "Б" сынып оқушысы Дүйсен Еңлік – диплом, Әсімхан Майлыбаев атындағы жүлде (10 000тг);

ІІІ орын: 6 "А" сынып оқушысы Қасымқұл Фатима, 5 "А" сынып оқушысы Мұқиятқызы Аяжан, 7 "А" сынып оқушысы Дәуренқызы Айзере – дипломмен және Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы атындағы жүлде (5000тг);

Ал қалған 3 оқушыға белсенді қатысқаны үшін мадақтама, Молдахметов Серік Қапасұлының жүлдесі берілді. (3000тг).

Мектеп директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Батырбаева Жамиля:

"Мектеп оқушылары арасында Жырдың Қара жорғасы атанған халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев шығармаларын насихаттап, ақын өмірі мен шығармашылығының тануға деген қызығушылықтарын арттыру, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, дарындылар мен таланттыларды анықтай отыра азаматтық ұстаным, ұлттық ой-санасының қалыптасуына ықпал ету мақсатында Үмбетәлі оқуларын өткізу жылдар бойы дәстүрге айналған. Биылғы оқу жылында да мектеп әкімшілігі және қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері тарапынан жыр мүшайрасы ұйымдастырылды. Мүшайраға биылғы жылы 5-11 сыныптар қатысса,келесі оқу жылында Жамбыл ауданы көлемінде өткізу жоспарланды. Өткізілген іс-шарада барысында оқушылардың поэзияға деген құштарлығын, білімге деген ұмтылыс, тіл мәдениетінің қалыптасуын өнерлері арқылы көрсете білді".

Үмбетәлі Кәрібаев кім?

Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы қазіргі Үмбетәлі Кәрібаев ауылында туған қазақтың халық ақыны.

Жасынан домбыра тартып, өлең-жыр шығарған. Ауылда оқып, хат таныған. Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, "Мың бір түн", "Тотынама" дастандарын жатқа айтып, ел арасына таратқан.

Шығыс әдебиетінің мазмұнында "Үш өнерпаз", "Патша мен ұрылар", тарихи сюжетке құрылған "Кемпірбай мен Қисық батыр", бүгінгі өмірге байланысты "Марқа", "Мәлікбек" дастандарын шығарған.

1916 жылы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оны жырға қосты. Үмбетәлі шығармалары "Өлеңдер мен дастандар" (1938), "Өлеңдер" (1951), "Өлеңдер мен толғаулар" (1958) деген атпен жарияланды, 1962 жылы таңдамалы шығармалары жарық көрді.

Үмбетәліге Алматы облысында ауыл аты берілген және аудан ортасында ақынның мұражай-үйі ашылған.

80 жылдық ғұмырында Үмбетәлі ақын Кенен Әзірбаевпен төс қағыстырып дос болған. Орынбай, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай сынды белгілі халық ақындарымен айтысқан. Қырғыз жыршылары Оспанқұл, Жаманқұлдармен, қазақ зиялылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлиндермен және орыс жазушысы Михайл Шолоховпен шығармашылық байланыста болған.

Үмбетәлі Кәрібаевтің талынуына үлес қосқан, осы мектепте 30 жылдан аса қызмет атқарып, ауданның құрметті азаматы атанған Нөсербаева Жібектің ұлы Сұңқар Қарабалин байқау қайта жалғасын тапқанына қуанышты екенін білдірді.

Суретте Үмбетәлі Кәрібаевтің немересі, Кәрібаев музейінің директоры Әуелбек Ысқақ пен Сұңқар Қарабалин

"Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың танылуына анам Жібек Нөсербаева көп еңбек сіңірді. Алдымен мектепте бұрыш кейіннен музейін ашты. Содан бері Үмбетәлі Кәрібаев мұрасы насихатталып келеді. Қазір дәстүрге айналып кетті. Пандемияға байланысты ортада үзіліс болып қалған еді. Қазір қайта жалғасын тапты. Бұдан бұрын мүшәйра аудан көлемінде өткізілетін. Биыл 10 адам қатысты. Бас жүлде алған қатысушы өзгелерден ерекшеленді. Басқалар 9-10 өлеңнен жаттап келсе, ол Үмбетәлі Кәрібаевтің 27 жырын жаттап келіпті", - деді Сұңқар Қарабалин.

Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының атына берілген "Қазақ тілі мен әдебиеті" кабинеті

Байқау соңында қатысушылар мен қонақтар мектепті аралап, ардагер ұстаз Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының атына берілген "Қазақ тілі мен әдебиеті" кабинетіне арнайы барды.

Ақынның мұрасының халыққа танылуына көп еңбек сіңірген Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі ауылына 1975 жылы көшіп келеді. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ бере жүріп, Үмбетәлі ақынның шығармашылығына терең бойлап, ақын турасында зерттей бастайды. Бастапқыда оның шығармашылығын таныту мақсатында сыныпта бұрыш ашылса, кейін мектеп дәлізінде стенд қойылады. Әр жылдары Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі Кәрібаевтың 90 және 100 жылдығына орай салтанатты шаралар ұйымдастыруға белсенді араласады.

80 жылдары Жібек Нөсербаеваның бастамасымен ақынның музей-үйі ашылып, кейін ол мемлекеттік музейге айналады. Мектепте 40 жылдан аса уақыт жұмыс істеген Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы "Еңбек Қызыл Ту" орденімен, "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі", "Жоғары категориялы мұғалім" атақтарын алады.  40 жылдан астам ауыл мектебінде жұмыс істеп, көптеген ұрпаққа білім мен тәрбие берген ұстаз 2014 жылы "Жамбыл ауданының құрметті азаматы" атанады. 

2015 жылы 40 жылдық ауданның ағарту ісіне сіңірген еңбегі мен Үмбетәлі Кәрібаев шығармаларын болашаққа жеткізуге қосқан үлесі үшін Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының аты берілді. 

Т. Раушанұлы