"Кішкентай ханымдар" кітабын оқуға 5 себеп 

"Кішкентай ханымдар" кітабын оқуға 5 себеп 

Луиза Мэй Олкоттың "Кішкентай ханымдар" романы XIX ғасырдың 60-жылдарындағы америкалық отбасының өмірін сипаттайды. Қанша жыл өткеніне қарамастан, кітаптағы оқиғалар әлі күнге дейін өзекті. Бұл – бақыт іздеген кедей отбасының басынан кешкендері, төрт бірдей қыз өсіріп отырған ата-ананың арманы, тоғысқан тағдырлар мен жауапсыз сезімдер. Оқырман ретінде  "Кішкентай ханымдар" кітабына шолу жасай отырып, оқуға тұрарлық 5 себепті ұсынамыз. 

1. Жоқшылық жанды қысса да бақыттың кілтін жоғалтпаған отбасы
Кітапты оқып отырып, отбасы мүшелері арасындағы сүйіспеншілік пен сенімге сүйсініп аласыз. Ол әрине, тәрбиеден. Үйдің отағасы соғысқа қатысып, кейін денсаулық жағдайына байланысты бала тәрбиесіне қатыса алмайды. Бірақ аналары Марч ханыммен қыздары арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Ана ретінде ол – адалдықтық, мейірімнің үлгісі. 

2. Төрт түрлі кейіпкер — төрт түрлі психология
Отбасыда әр баланың өз рөлі бар. Бір үйдің тәрбиесін алса да, үлкені кішісіне, кішісі ортадағы балаға ұқсамайды. Дәл өмірдегідей. Сол образдар шығармада толығымен ашылады. Үлкені отбасының абыройын бірінші орынға қояды, жылтырға қызығады, екіншісі еркіндікті жаны қалайды, кейінгі қызы талантты, адамдармен араласуы қиын, ұялшақ болса, ал кіші қызы қиялдаудан жасқанбайды. Оған еркелік пен эгоизм тән.

3. Бақыт кілті байлықта емес
Бас кейіпкерлер қарапайым өмір сүруге мәжбүр болады. Бірақ бұл арманнан бас тартуға себеп емес. Тіпті олар өздерінен әлдеқайда нашар тұратын адамдарға көмектесудің жолын табады. Көңіл көтеріп, өмірден ләззат алып біледі. Жастарына қарамастан еңбектен ешқашан қашқан емес және  демалыстың керегін де түсіндіреді.

4. Феминистік көзқарас
Үйдің екіншісі Джо — бүгінгі көп қыздың образы. Ол үйдегі "ұл бала" қызметін атқарады. Тік мінезді және әйелдің міндеті тұрмысқа шығып, балалы болу деген қоғамдағы таптаурынмен келіспейді. Ол жазушы болуды армандайды және соған қол жеткізу үшін бәрін жасайды. Бірақ оны осы болмысымен ұнатқан адам болады. Оның образы арқылы автор қыз баласының жеке тұлға екенін, еркіндікке лайықты екенін жеткізеді. 

5. Жасөспірімдерге арналған туынды
Бұл кітапты 30-40 жаста оқып, таңғалу қиын. Дегенмен балалар үшін бұл кітап құнды сыйлық болатыны сөзсіз. Автор жылатып отырып күлдіреді, ашуландырып отырып ой салады. Кейіпкерлер де 11-16 жастағы қыздар болғандықтан, болмысы әр жасөспірімге жақын болары сөзсіз. Олардың ойын да, пиғылын да түсіну қиын болмайды.

Луиза Мэй Олкоттың "Кішкентай ханымдар" кітабының қазақша нұсқасын "Foliant" баспасы шығарды. Кітаптың тілі жеңіл, жылдам оқылады.

Т. Есқали