Дүйсенәлі Әлімақын: «Нобель саяси келісімдер арқылы шешілетін сыйлық деп ойламаймын»

Дүйсенәлі Әлімақын: «Нобель саяси келісімдер арқылы шешілетін сыйлық деп ойламаймын»

10 қазанға дейін Стокгольм мен Ослода физика, химия, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының, Бейбітшілік сыйлығының, сондай-ақ Швеция Мемлекеттік банкінің экономика саласындағы Альфред Нобель мемориалдық сыйлығының лауреаттары жарияланады. Осыған орай Массагет порталының тілшісі ақын, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақынмен сұхбаттасты.

– Дүйсенәлі, биыл әдебиет бойынша Нобель сыйлығы қай қаламгерге бұйырады деп ойлайсың?

Меніңше, еуропалық бір қаламгерге бұйыруы мүмкін. Әсіресе, Франция он неше қаламгерін осы сыйлыққа ұсыныпты. Бұл үлкен табыс әрі олардың арасынан біреуі лайықты деп танылуы ғажап емес. Жапон текті қаламгерлерге биыл бермейді-ау, себебі, бірнеше жыл бұрын ғана Ишигуро алды ғой. Ал Маргарет Этвудтің мүмкіндігі жоғары деп ойлаймын.

– Неге бұл қаламгердің алу мүмкіндігі жоғары?

Канадалық жазушылар тек ағылшын тілінде жазатындықтан, олардың есімдері, шығармашылық әлемі баяғыда-ақ әлемдік өреге шығып кеткен. Энн Карсонның өзі қазіргі көзі тірі классик ақын ретінде бағаланады.

– Әлеуметтік желілерде соғыс ықпалынан Людмила Улицкая алады деген болжам тарап жатыр. Жалпы, Нобельде, оның ішінде әдебиет саласы  бойынша саясаттың ықпалымен лауреат атанғандар аз болмаған. Биыл да сол жағдай қайталана ма?

– Енді Украинада соғыс болды екен деп әлемдік сыйлықты Улицкаяға бұрмас, Нобель саяси келісімдер арқылы шешілетін сыйлық деп ойламаймын. Шын мәнінде, қазіргі тізімде одан мықты қаламгерлер бар.

– Бірақ, биыл Нобельге лайық деп басты үміткер Мишель Уэльбек аталып жатыр екен. Ол мұсылмандарға теріс көзқарасымен танылған қаламгер. Оның лауреат атануы қоғамда қайшы пікірталас туығзбай ма? Жалпы, ол алса да қаламгерлігі үшін ала ма, әлде, көзқарастары үшін ала ма?

– Мишель Француздарға ғана емес, әлемге танымал ақын. Оның бір-екі теріс көзқарасы үшін сыйлықтан да қақпайды. Бағалау комиссиясы лайықты деп тапса, ала береді. Мынау мұсылманды қолдайды, мынау қолдамайды деген шарттар ол жерде жүрмеуі мүмкін. Ал оның жыр жинақтары үлкен баспалардың бағын жандырғаны шындық.

– Салман Рушдидің мүмкіндігі қалай?

Ағылшын баспасөзінде Салманды қолдаушылар биылғы сыйлықты Салман алу керек деп жазды. Не үшін олай жазғанын түсінбедім, Америкаға барғанда жараланғанын көлденең тартып тұр ма деп те ойладым. Негізі одан да мықты жазушылар бақ сынап жатыр. Әлем оқырмандары одан гөрі Муракамиды жақсы біледі.

–  Болжамдарға сенсек биыл да Мураками сыйлықтан құр қалайын деп тұрған сияқты? Харуки Нобельге лайық деп ойлайсың ба?

Әрине, лайық. Ол – мектеп қалыптастырған жазушы. Өзінен кейінгі толқын тіпті оны басып озуға құлшынып жүр. Бұл деген жақсы үрдіс емес пе?! Ал, Муракамиге келсек, Нобель Муракамиды, Мураками Нобельді жақсы біледі, қашан екеуі табысар екен деп саналы оқырман күтіп жүр. Муракамиды биіктетіп тұрған оның өткен өмір мен қазіргіні байланыстыра жазуы, сосын шығармасына қоғамның бейнесін қосуы. 

– Былтыр, Абдулразак Гурна Нобель алды. Оның бірде-бір шығармасы қазақ тіліне аударылмапты. Былтыр лауреат атанғасын оның танымалдылығы артты. Орыс баспалары осыны пайдаланып шығармаларын тәржімалап, шығарды. Бірақ қазақ баспаларынан ондай әрекет көрген жоқпыз. Биыл да алатын номинанттар арасында шығармасы қазақ тіліне аударылған автор болмайын деп тұр. Жалпы, қазақ аудармасы неге осындай мүмкіндікті пайдаланбайды. Әлде бізде оқырман жағынан сұраныс жоқ па?

– Шынын айтайын, бізде кітап шығару жүйесі нашар. Бірнеше жазушыны қайталап шығара береді, шығара береді. Бізге не керек? Жаңа дүние керек. Мысалы, мен жақында жапон жазушысы Саяка Муратаның бір романын оқыдым, ағылшын тілінде. Екі баспаға осындай керемет роман бар, аударайық деп ем, үнсіз. Ал мен оқыған әлгі жазушы әлдеқашан жиырма-отыз тілге аударылған. Мен соны қазақ тілінде сөйлеткім келді. Өзім оқыған жақсы кітапты басқалар да оқысын деп ойладым. Ал биыл Нобельге түсіп жатқан Нгуги Уатиңгоның «Жылама, балақай», «Өзен ортасында» атты екі керемет романы бар, оны да аударғым келді, баспаларға айттым, тағы үнсіз. Егер баспалар жаңалыққа ұмтылмаса, кітап дүкендерде қазақша кітаптар сол бір бұрышта тұра беруі мүмкін. Жаңа қоғам деп жатырмыз ғой, ал соған лайық жаңа дүниелерді жасасақ деген ойым бар.

– Әңгімеңе рахмет!

Айта кетейік, әдебиет бойынша 2021 жылғы Нобель сыйлығы Танзаниялық жазушы Абдулразак Гурнаға "отаршылдықтың салдары мен босқындардың тағдырын мәдениет пен құрлық арасындағы тұңғиықта ымырасыз және жанашырлықпен бейнелегені" үшін берілді. 73 жастағы жазушы сыйлық ретінде 10 миллион швед кронын (шамамен 1 140 000 доллар) алды.

Т. Раушанұлы