Күрескер ақын Арман Қани дүниеден өтті

Күрескер ақын Арман Қани дүниеден өтті

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Арман Қани дүниеден өтті.

Арман Бақтанұлы Қани – ақын, журналист, қоғам қайраткері. 1954 жылдың   22 ақпанында  Павлодар қаласында дүниеге келген.

Арман Қани жастайынан күрескерлігімен танылған ақын. 1969 жылы КСРО-ның отаршылдық  саясаты қатты қарқын шағында  Арман негізі   № 3 облыстық   мектеп-интернатының оқушыларынан тұратын  «Жас ұлан» ұйымының  құрылуына бастамашылдық танытты. Сол кезде Кремльдің империялық саясатына қарсы өлеңдер  жазып, түрлі саяси іс-әрекеттерді астыртын жүзеге асырды.

1970 жылдың қаңтар айында «Жас ұлан» ұйымын мемлекеттік қауіпсіздік комитеті әшкереледі де, белсенді мүшелерінің үстінен атышулы 58-баппен қылмыстық іс қозғалды. Әйтеуір, ұлтшыл жасөспірімдердің тағдырына Қазақстан компартиясы ОК-нің І хатшысы Д.А. Қонаев араша түсіпті. Содан қылмыстық іс тоқтатылып,  айыптыларға комсомол ұйымы мен мектеп әкімшілігі тарапынан түрлі жазалау шаралары қолданылған. Ұйым жетекшісі Арман Қани «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел идеялық-саяси қателігі үшін» комсомол қатарынан қуылды  және «өз еркімен» оқудан шығарылды. Мектеп әкімшілігі оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген белгі соғып, жағымды   мінездеме беруден бас тартты.  Мұндай құжатпен оқуын жалғастыру мүмкін емес еді.

Кәмелет жасына жетпей  қара жұмысқа жегілген жасөспірім ақынның өлеңдерін аудандық газеттің  редакциясы да қабылдамады. «Компартия саясатына қарсы шығып, КГБ-ның қара тізіміне іліккен  адамның туындыларын аудандық партия ұйымының органына жариялау саяси қателік!» деп танылды. Осылайша, Арманның білім алу және баспасөзге жариялану құқықтарына қол сұғылып, шығармашылығына тосқауыл қойылды.

Есесіне «Жас ұлан» оқиғасынан кейін  Павлодар қаласындағы балабақшалардың бірінде қазақ тобы ашылды. Әлгі мектепке дейінгі балалар мекемесі көп уақыт өтпей «Ақ бұлақ» атты тұңғыш қазақ балабақшасына айналды! Дүкендер мен көшелерге қазақша  атаулар беріле бастады.

1974 жылы әскери міндетін атқарып келген  Арман Қани Май ауданындағы Чапаев кеңшарында (қазіргі Саты) жүргізуші,  құрылысшы болып істейді. Бұл кезде әке-шешесі сол ауылда тұратын. Чапаев орта мектебінің 10 сыныбын өндірістен  қол үзбей сырттай оқып бітірді (1976 ж). Кейін С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін де сырттай оқып тамамдады (1995 ж).

Жас ақынның өлеңдерін кезінде Қазақ әдебиеті газетіне тамгылар атты топтамамен шыққанда шағында Жұмекен Нәжімеденов жоғары бағалаған.

Қазақстан жас ақындарының «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына аққынның 31 өлеңі енген (Алматы, «Жалын» – 1984 ж.). «Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды  тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім» (Павлодар, «Brand print» – 2014), «Баянауыл жырлары» (Павлодар, «Парасат» – 2014), «Қарашығымдағы бейнелер»    (Павлодар, «ЭКО» – 2019 ж), «Кереку жырлары» (Павлодар, «ЭКО» – 2020 ж), «Туған жер төсінде», «Замандастар» (Павлодар, «ЭКО» – 2021 ж) жинақтары жарық көрген.

«Құрмет» ордені (2021 ж.),  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2013 ж), «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен» (2016 ж) марапатталған.

Т. Раушанұлы