Саяси философия дегеніміз не?

Саяси философия дегеніміз не?
Фото: Пабло Пикассо. Герника. 1937 жыл

Саяси философияның мәні

Саяси философия дегеніміз, философияның ажырамас бөлігі, немесе саяси философия – философияның саласы. «Саяси философия» деген сөзде «философия» сөзінің зерттеу әдісін, бір мезгілде мәселенің түпнұсқасына да, сонымен бірге жан-жақты да қарау дегенді білдірсе, ал «саяси» сөзі тақырып пен функциясын ашып тарқату дегенді білдіреді, осылайша саяси философия саяси өмірге нақты қатысы бар мәселелерімен айналысады. Осылайша, саяси философияның зерттеу тақырыптары саяси әрекеттің түпкі мақсатына сәйкес келуі керек. Саяси философия адамзаттың ұлы мақсаттары - бостандық пен үкімет, құқық пен құндылық, заң мен билік, игілік пен меншік т.с. сияқты адам өмірінің күрделі саласы болып келетін феномендердің астарын, мән-мағынасын ұғынуға, өзара байланыста, өзгерісте қарауға мүмкіндік береді. Ол мақсаттар адамды менменшіл тар шеңберінен шығуға итермелеп, әділетті қоғам қалыптастыруға жетелейді. Сондықтан, саясат философиялық білімді қолданудың негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек. Джонатан Вульф өз еңбегін Периклдың сөзімен: “Біз саясатқа қызығушылық танытпайтын адамды өз ісін атқаратын адам деп айтпаймыз, құр сандалумен өмір сүретін адам деп атаймыз” деп, саяси философияның адам мен қоғам өміріндегі орны мен рөлін осылайша сипаттайды. Өйткені, “Саяси философияда «Кім неге қалай қол жеткізеді? ” және “Кім басқарады? ” - деген маңызды екі сұрағы ғана бар. Бұл толығымен шындық емес, алайда ақиқат болуға таяу. Бұл мәселелердің бірі - материалдық тауарларды үлестіру туралы болса, екіншісі- құқық және бостандық” мәселелерін қамтиды – деп Д. Вульф жазды.

Бір адамның басқа адамға қарағанда көбірек билік немесе меншікке ие болуының дәйекті себептері бар ма? Менің еркіндігімді шектейтін қандай да бір заңды шектеулердің болуы мүмкін бе? Неліктен мен оларды дұрыс деп есептемесем де, үкіметтің заңдары мен ережелеріне бағынуым керек? Ақырында, байлық пен билікке қол жеткізудің арасындағы байланыс бар ма? Егер солай болса, ол қандай байланыс? Адам меншікке қол жеткізудің қандай негізі болу керек? Қандай құқықтар мен бостандықтарды адам қанағат тұту керек? Осы мәселелер басқа игілікті үлестірумен байланысты, әңгіме саяси билік туралы.

Саяси билік мәселесі

Джон Локк саяси билікті «өлім жазасы бар заңдарды жасау құқығы” - деп анықтай келе, сондай-ақ, барлық кішігірім айыппұлдарды да бекіту дейді. (Джон Локк, Азаматтық әкімшіліктің екінші трактаты, Питер Ласлетт (Энн, Кэмбридж, Кембридж университеті, 1988) 3, 268) Бұл бізге қажетті мәселелерден әлдеқайда алшақ шығар, дегенмен, біз мәселенің түпнегізін көріп отырмыз. Саяси билік мәжбүрлеу және жазалау құқығын қамтиды, және егер оны мойынсұнбайтындар болса, олар жазаланады. Осындай билік кімнің қолында болуға тиіс?

Осы сұрақтарды ой елегінен өткізсек, жұмбақтар пайда болады. Мысалы, біреудің басқа біреуге қарағанда артық меншікті иеленуінің ауқымды негізі бар ма? Менің еркіндігімнің шектелуін ақтайтын қандай да бір сендірерлік дәлел бар ма? Саяси билік пен экономикалық табыстың арасындағы байланыс қандай болуы керек? Сонда, кейбір елдерде, қалың дәулетке ие азшылық қана саяси билікке қол жеткізе алама? Тағы бір елдерде, саяси билікке қол жеткізгендер, көп ұзамай байып кетіп жатады. Дегенмен байлық пен саяси билік арасында байланыс бар ма?

Байлық пен саяси билік арасында байланыс бар ма?

Билік үнемі құпияға оранған. Кез келген символ сияқты, билік толығымен және толықтай түсіндірілмейді, анықталмайды және ашылмайды. Ол жаратылыстың және өлімнің, шындықтың және шексіздіктің архетипі ретінде түпкі сана түрінде мәңгілік және жасырын қалады. Билікке ұмтыламыз, билік туралы қиялдаймыз, әр сәтте кездесеміз. Егер біреудің үстемдікке легитимді саяси күші бар болса, онда оның, мені өзім қаламайтын нәрсені жасауға мәжбүрлеу мүмкіндігі бар деп айтуға болады. Бірақ жалпы алғанда, неге біреу үстемдік етіп, маған не істеу керегін айтып, бағыттап отыру керек? Өзім үшін не жақсы, не жаман нәрсе екенін жақсы білемін! Оның үстіне, егер оның әміріне немесе бұйрығына құлақ аспасам, бұл біреу мені жазалаумен қорқытады! Әрине, мәселенің басқа жағы да бар. Егер, қоғамда ешқандай шектеу жоқ болса, менің өмірім қандай болмақ? Құқық жоқ болса, менің өмірімді, меншігінімді құтқара алатыныма көз жеткізе аламын ба? Солай болса, мемлекеттен бас тартқан анархистік еркіндікте де, сондай ақ, авторитарлық мемлекттің басым рөлінде де, ерекше логикаларының бар болғаны ғой.

Саяси биліктің өзі таң қалдырар жұмбақ. Мен үшін заңды саяси күшке ие тұлға, мені әртүрлі істер жасауға мәжбүрлеуге құқылы. Бірақ басқа адам, оның үстемдігі артып тұру құқына ие болу туралы талапты, қалай ақтауы мүмкін еді? Бұл басқа біреуді қорлау сияқты көрінуі мүмкін. Мысалы, басқа біреу маған не істеу керектігін бұйырып, алайда, одан бетері мойынсұнбайтын болсам, мені жазалауға құқылы деп санайтындығы.

Бірақ, әрине, бұның екінші жағы да бар. Мысалы, басқалардың қалай әрекет ету мүмкіндігіне назар аударуым керек. Егер олардың іс-әрекеті заңмен шектелмей және жазалау қаупі сақталмаса, менің өмірім қаншалықты жағымсыз болар еді. Мүмкін, саяси биліктің болуы туралы айту жөн. Тұлғаның автономиясына шақырып және мемлекет билігіне авторитарлық билікті талап ете отырып өзімізді анархист адам ретінде де қарастыруға болады. Осылайша, саяси философияның міндеті – бостандық пен билік, автономия мен биліктің арасындағы тепе-теңдікті анықтау немесе саяси биліктің дұрыс реттелуі. 

Сайып келгенде, саяси философияның ерекшеліктерінің бірі - ол ең алдымен нормативтік пән болып табылады, яғни қоғам өмірінің ұйымдастырылуына негізделген нормаларды (ережелерді немесе идеалдарды) құруға тырысады.

Нормативтік және дескриптивтік әдіс

Саяси философтың бір міндеті - автономия мен билік арасындағы дұрыс теңгерімді анықтау, немесе басқа сөзбен айтқанда, саяси күштің тиісті ауқымын және таралуын айқындау. Бұл саяси философияның айрықша ерекшеліктерін көрсетеді. Саяси философия нормативтік пән, яғни нормаларды (ережелерді немесе идеалды стандарттарды) жасауға тырысады. Біз нормативтік зерттеулерді дескриптивтік зерттеулерге қарама-қарсы қоя аламыз. Дескриптивтік зерттеулер заттардың қалай жүретінін анықтауға тырысады. Нормативті зерттеулер барлық нәрсенің қалай болу керектігін анықтауға тырысады: қайсысы дұрыс, шынайы немесе моральдық жағынан дұрыс. Саясатты дескриптивтік және нормативтік тұрғыдан да зерттеуге болады. Әдетте, дескритивтік саяси зерттеулерді саясаттанушы, әлеуметтанушы және тарихшы жүргізеді.

Мысалға, кейбір саяси ғалымдар қоғам ішінде игіліктерді шынайы бөлу туралы мәселе көтереді. Америка Құрама Штаттарында байлық кімнің қолында? Еуропалық Одақта кім билік етеді? Саяси философ, бәріміз сияқты, осы сұрақтарға жауап беруге қызығушылық танытқанымен, оның негізгі назары басқа жерде: қандай ережелер мен қағидаттадың негізінде біз бірлесіп өмір сүре аламыз, соның ішінде меншікті, билікті, құқықтар мен еркіндікті қалай үлестіреміз. Саяси философ: «Меншік қалай таратылады?» - деп сұраймайды, бірақ «Меншікті әділ немесе адал бөлу» деген не?, «Адамдар қандай құқықтар мен бостандықтарға ие?» демейді, бірақ «Адамдар қандай құқықтар мен бостандықтарға ие болуы керек?», немесе «Қоғамдағы игіліктерді бөлудің қандай мінсіз стандарттары немесе нормалары болу керек?- деген сұрақтарды қояды.

Алайда, нормативтік және дескриптивтік зерттеулер арасындағы айырмашылығы айқын көрінетін сияқты болғанымен оның анық көрінуі мүмкін емес. «Кім байлыққа ие?» -деген сұрақты қайта қарастырып көрейік. Неліктен біз осы сипаттама сұрағына қызығушылық танытамыз? Біз бірінші кезекте мүдделіміз, өйткені байлықтың бөлінуі капиталға қатысты реттеу мәселелерімен байланысты. (Салыстырып көрейік «Тізгінді қолға алған кім?» - тізгінді иелену теңсіздігі саяси мүддеден сирек кездеседі. Сонымен қатар, адамның мінез-құлықтары туралы сұрақтар көбіне тек нормативтік немесе дескриптивтік шеңберінен ауқымды болады. Әлеуметтанушы, мысалы, адамдар заңға неге мойынсұнуға мәжбүр болатынын түсіндіруге тырысады, мысалы, неліктен көптеген адамдар өздері мойынсұну керек деп санайды. Сонымен қатар, адам мінез-құлқы туралы нақты сұрақтар нормативтік мәселелерге тікелей тиесілі.

Мысалы, адамның мінез-құлқы мен уәждемесін білмей, әділетті қоғам теориясын алға тартудың ешқандай мәні жоқ. Кейбір әділдік теориялары альтруизмге деген адамдардың әлеуетін (немесе қабілетінің болмауына) байланысты шындыққа жуыспайтын болжамдар жасайды. Қысқаша айтқанда, заттың мән жайін зерттеу, заттың қандай болуын түсінуге көмектеседі, және олардың қалай болатынын зерттеу, олардың қалай болу керектігін бағалау үшін қажет.

Заттар қалай болу керек?

Бірақ, заттар қалай болу керек деген сұраққа қалай жауап бере аламыз? Біз тек сипаттамалық зерттеу сұрақтарына ғана жауап бере аламыз: барып, көру керек екендігін нақтылы білеміз. Бұл саяси ғылым немесе тарих оңай, қарапайым деген емес, өйткені егжей-тегжейіне, бүге-шегесіне толық жетуді талап ететін жұмыс жиі кездеседі. Тіпті біз жиі іздейтін ақпаратты таба алмасақ та, біз негізінен, оны қалай жасауға болатынын білеміз деп ойлаймыз. Бірақ нәрселер қалай болу керек екенін білу үшін не істей аламыз? Қайдан көре аламыз?

Мұндағы қолайсыз ақиқат оңай жауаптың жоқтығы. Бірақ, осыған қарамастан, көптеген философтар нормативтік саяси мәселелерді шешуге тырысты, және олардың айтатындары да аз болған жоқ. Біз осы Вулфтың кітабының ішінде кейбір ең маңызды үлестерін қарастырамыз, және біз философтарды тұтастай алғанда философиялық мәселелер мен қатар саясатқа қатысты ақылға қонымды пікірлерін де көреміз. Олар шешімдердің ішкі қайшылықтары бар-жоғын анықтап зерттейді, немесе, екі я болмаса одан көп ұсыныстарды логикалық тұрғыдан сәйкестігін, дәйектілігін тексереді. Олар таңғажайып тезистерді неғұрлым айқындықтан шығаруға болатынын көрсетуге тырысады. Қысқасы, олар дәлелдер ұсынады. Ал философтар ақылға қонымды себептер бойынша саясат туралы пікірталасқа түсуі бекер емес.

Философияның көптеген басқа салаларынан саяси философияда айырмашылығы құпиялар жоқ . Философияда агностицизм көбінесе беделді ұстаным болып табылады. Мүмкін, мен де, (Вулф) еркін ерік бар ма, жоқ па деген мәселе бойынша қанағаттанарлық ұстаным таба алмайтын шығармын, сондықтан мен ешқандай пікірімді ашық жарияламаймын. Бұл кең ауқымды мәселеде маңызды емес. Бірақ саяси философияда агностицизм сәтсіздікке ұшырайды. Қоғамның еркін ерік-жігер мәселесін шешу үшін ресми саясат жоқтығы маңызды емес, әрбір қоғамда біреу ( немесе бірнешеуі) саяси билік жүргізеді және меншік бір жолмен, я болмаса басқа жолмен таратылады.

Саяси философия мен саяси ғылым

Әрине, кез келген тұлғаның қоғамның шешімдеріне әсері шамалы болуы мүмкін. Бірақ, бәріміздің айтарымыз бар, егер дауыс беру арқылы болмаса да, пікірталастар мен талқылаулар арқылы, пікірімізді жариялау арқылы, ашық қоғамдық алаңда немесе астыртын әдістер арқылы. Қатыспауды қалайтындар өздері үшін жасаған саяси шешімдерін табады, олар ұнайды ма, жоқ па. Шын мәнінде, ештеңе айтпау, немесе ештеңе жасамау, орын алып отырған жағдайды, қаншалықты ол жағымсыз болса да, қолдау болып табылады.. Осы жерде саяси философияның саяси ғылымнан айырмашылығына токталған жөн.

Біріншіден,

1. Саяси философия және саясаттану зерттеу пәні бойынша ерекшеленеді.

2. Саяси философияның маңызы нақты саяси контекстен тыс болады, ол шыныйылықты тану мәселелерімен шұғылданады, және оның тану процесінде ненің дұрыстығын, ақиқаттығын немесе керісінше, ненің дәлелсіз, қателігін айқындаумен де айналысады. 

Олардың бір-бірінен айырмашылығы кең тараған нормативтік және дескрептивтік зерттеу ідәстерінде айқын көрініс табады. Нормативтік зерттеулер дескриптивтікке (сипаттамалық) қарсы болуы мүмкін. Егер нормативтік әдісті басшылыққа алсақ, заттардың моральдық, адамгершелік, әділ, дұрыс болу үшін қалай реттелуі керек екендігі туралы әңгіме қозғаймыз. Ал дескриптивтік әдіс болса заттың ұйғарымдық сипаты емес, заттардың қалай екенін көрсететін, эмпирикалық зерттеулер мен сипаттамаға, затты суреттеп түсіндіруіге бағытталған әдіс.

Дегенмен, қоғамда зерттеудің нақты нормативтік және дескриптивтік (сипаттама) түрлеріне қажеттіліктің бар екендігін бірден ескеруіміз қажет. Саясат нормативтік те, дескриптивтік түрде де зерттелуі мүмкін және сонда ғана қоғамның саяси қызметі туралы толық бейнесін ала аламыз. Дескриптивті саяси зерттеулер көбіне саяси ғылымда, әлеуметтану және тарихта кең таралған. Мысалы саясаттанушы қоғамдағы игиліктерді бөлу туралы, жеңілдіктер қалай таратылатыны туралы мәселені көтере алады. Тағы да бір рет атап өтейік, бұл мәселелер, бірінші кезекте, саяси ғалымға тиесілі. Алайда, адам мінез-құлықтары туралы жиі кездесетін мәселелер, дескриптивті (сипаттамалық) және нормативтік-құқықтық сипаттағы бөлуді еңсереді. Мысалы, егер адамдар заңға неге мойынсұнуға бейім екенін түсінгіміз келсе, онда біздің түсініктемеміздің кейбір жағында адамдар заңға бағыну керек деген ұғымы жатады. Бұл жағдайда адамның мінез-құлқының мәселесі нормативтік және дискрептивтік тұрғыда қатар қарастырылады. Осылайша, кез-келген заманауи зерттеулерде норма мен шындық қандай да бір түрде өзара ұштасқан. Дегенмен, әртүрлі эпистемологиялық дәстүрлер үшін нормалардың немесе шынайылықтың басымдылығы тән. Ал олардың мазмұнында нормалар мен шынайылық әртүрлі деңгейде қарастырылады. Мысалы, англосаксондық саяси ғылымында, ұзақ уақыт бойы санасына сіңген іргелі құндылықтар туралы келісімнің арқасында, құндылықтар мен нормалар бастапқы берілген ретінде қабылданады да, әдетте шынайы өмірге қатысты мәселелер қарастырылады. Өйткені, құндылықтар солай болуға тиісті екенніне күмәнданбайды. Өтпелі қоғамдарда керісінше құндылықтар бірінші кезекте тұрады.

Саяси философияның міндеті және қоғамдағы рөлі

Мәселеге қайта оралайық, Байлық кімнің қолында? Неліктен біз осы сұраққа жауап беруге мүдделіміз? Ең алдымен, игіліктің бөлінуі тікелей нормативтік әділеттілікпен байланысты. Адамның мінез-құлқы мен мотивацияларын зерттемей, әділетті қоғам теориясын тұжырымдау мүмкін емес. Басқаша айтқанда істің мән жайын зерттеу істің қандай болуын түсінуге көмектеседі. (Өйткені, істің жағдайын зерттеу оның қалай болу қажеттігін түсінуге көмектеседі. Және, керісінше. Бірақ заттардың қалай болу керектігі туралы сұрақтарға қалай жауап бере аламыз? Бұл сұраққа кесіп-пішіп айта қою - қолдан келе бермейтін жұмыс, дәлірек айтқанда, бұл мүмкін емес. Егер бір топтың пікірі тоталитарлық жүйелерде сияқты тұтастай қоғамға енгізілсе ғана, орын алуы мүмкін. Бірақ демократиялық, кейде авторитарлық қоғам тәжірибесінде көптеген ой-пікірлер, көзқарастар мен ұстанымдар бір уақытта өмір сүре алады. Кең түсініктер мен жауаптардың алуан түрлерінің болуы әртүрлі саяси ойшылдардың түрлі талқылаулар мен түсіндірмелерінің болуымен байланысты екені сөзсіз. Саяси философия адамның ортақ игілік үшін бір-бірімен өзара әрекеттесетін қарым-қатынастардың болуына байланысты.

Саяси философияның саяси ғылымнан айырмашылығы, қандай да бір идеалға ұмтылуға тырысып, оның әділдікке, ізгілік талаптары білдіретіннің барлығын қарастыратын жалпы қажеттілік туралы бағдарланғаны деп айтуға болады. Бір қарағанда, утопияық идея сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, XVII және XVIII ғасырлар шегіндегі Локктың құқықтық мемлекет идеясы да қазіргі заманның көптеген бөліктерінде әлі де іске аспай қалған, утопиялық идея жақын болған. 

Өткен ғасырлардағы діни дүниетанымдардың саяси утопия жалғасы Зайырлы, болды. Демократиялық революциялар дәуірінің ұлы иделдары - бостандық, ынтымақтастық, әділеттілік, теңдік және т.б. бірінбірі жоққа шығаратын идеялардың тамыры әрменде: марксизм, анархизм, радикалды демократия және т.б. Саяси философтың негізгі қызығушылығы басқа мәселелермен байланысты, Олар игіліктердің қоғамға бөлінуін қандай ережелерге немесе қағидаларға негіздеу керек? Бұл жағдайда игілік тек меншікке ғана емес, сондай-ақ билік, адам құқықтары, еркіндік және т.б. қамтиды. Саяси философ саясаттанушыдан айырмашылығы, меншік қалай таратылғанын сұрамайды, ол меншікті әділ және адал бөлу деген қандай болмақ? - деп сұрайды. Немесе дәлірек айтқанда, қоғамдағы игіліктерді бөлудің қандай стандарттары, қағидаттары мен нормалары болуы керек дейді.

Сайып келгенде, Саяси философия саясаттың рухани өлшемі мәселелерімен айналысады, әдіснамалық, жалпы дүниетанымдық және құндылық негіздерін, зерттейді. Саяси философия пәнін үш түрлі топқа бөлуімізге болады: саяси құндылықтар, шынайы саясатты мораль, ірі қоғамдық топтар мүддесі түрғысынан бағалау; саясаттың терең негіздері, саяси-философиялық білімдер тиімді ізденістерге негізделеді; саясатты танудың құралдары мен тәсілдерін талдау саяси түсініктер мәнін анықтайды.

Кітап: Саяси философияға кіріспе

Дәріс: Саяси философия дегеніміз не?

Дәріс авторы: Есбол Мұханбетқалиев

А. Оралқызы