Балаларға оқуға арналған заманауи 5 кітап

Балаларға оқуға арналған заманауи 5 кітап
Фото: nv.kz

Бала әдебиеті – классикалық әдебиетке жатады. Яғни, баланың дүниетанымына арналып жазылған кез келген шығарма өміршең, ешқашан ескірмейді деген ойдамыз. "Бала Африкада да – бала" дегендей, өткен ғасырларда жазылған бала шығармасы қазіргі ХХІ ғасырдың баласына да заманауи шығарма болмақ.

Сондықтан бұл тізімде ескі және жаңа балалар әдебиетінің үлгілерін араластырып ұсынбақпыз.

Маугли, Редьярд Киплинг

Әлемдік сөз өнерінің, әсіресе бала әдебиетінің жарқын жұлдыздарының бірі Жозеф Редьярд Киплингті (1865-1930) танымайтын жан жоқ шығар. Әсіресе, "Мауглиді" білмейтін жан кемде-кем.

Жас жазушы Үндістанның таңғажайып табиғатын жан-тәнімен жақсы көріп, үнділердің тұрмыс салты мен әдет-ғұрпын жете зерделеп, халық аңыздарын арқау ете отырып, "Жунгли кітабын" жазады. Бөрі асыраған үнді баласының таңқаларлық хикаясын, тағдырын әңгімелейді.

Кітаптың кейіпркерлері – аңдар, адам сияқты сөйлеп, адам сияқты әрекет жасайтын ақылды, мықты аңдар. Балу аю, Багира қабылан, Акела қасқыр, Хатхи піл – мұның бәрі "Ер Төстіктің" мықты достары сияқты Мауглидің де мықты серіктері.

Шығарманы оқыған бала достық пен адалдықтың не екенін түсінеді, қоршаған ортаға аялау керегін, жан-жануарларға қамқор болуды үйренеді.

Кітап қазақ тіліне аударылған.

Томирис, А.Галиева

Бұл көркем суретті туындыда сақ патшасы, әйгілі амазонкалардың ізін басқан жауынгер әйел, туған даласының тәуелсіздігін қорғаған ұлы қолбасшы – Томиристің өмірі суреттелген.

Шығарма балалардың танымына жеңіл қарапайым тілмен жазылған.

Кітап қазақ баласына өзінің тарихын танытады, ата-бабаларының қандай жауынгер болғанын көрсетеді, одан үлгі алуды дәріптейді.

Ата мен немере әңгімесі, Бекбатыр Айменов

Шығарма ата мен немеренің әңгімесі, диалогы түрінде жазылып, сұрақ-жауап үлгісінде түрлі танымдық тақырыпта мәліметтер беріліп жазылған.

Мәселен, "Жеті қазына дегеніміз не?", "Аспан мен жер қалай жаратылған?", "Адамның жарытылысы мен анатомиясы қалай?" деген сынды сауалдарға жауап береді. Ақыл-өсиет айтылады. Жылқы, қазақы ит, қыран, түйе, жылан, көгершін мен құстар жайлы қызықты мағлұматтар беріледі. Квант ғылымы мен биология, астрономия және география жайлы тұщымды ойлар айтылған.

Соңғы тарауына автор дінге арнаған екен.

Андерсонның ертегілері, Ганс Христиан Андерсен

Данияның аты әлемге әйгілі ертекші-жазушы Ханс Кристиан Андерсеннің таңдамалы ертегілер жинаған балаңызға оқытсаңыз, ұтылмайсыз.

Оқиғалары қызықты, балалардың ой-өрісін кеңейтіп, қиялын сан-қияға жетелейді. "Ұсқынсыз үйрек", "Қар ханым", "Бақташы қыз бен пеш тазалаушы", "Түймеқыз", "Жабайы аққулар", "Тебен ине", "Мейірімсіз князь", "Алтын бала" сынды ертегілері баланың қабылдауына жеңіл, тәрбиелік мәні зор шығармалар.

Андерсонның ертегілері түгелге дерлік қазақ тіліне аударылған.

Қазына аралы, Роберт Стивенсон

Шолтандиялық жазушы Роберт Льюис Стивенсонның романы. Автор қазына іздеушілердің қатерлі сапары жайлы аса әсерлі баяндай отырып, алтын мен қазынаға қызыққан адамдардың рухани жағынан азғындап, дүние мен малдың құлына айналып кетер қатерлі дертін де шынайы жазушыға тән гуманизммен суреттейді.

Қ. Слямбек