Ғылымға қызығатындарға арналған 5 кітап
Фото: lifehacker

Ғылымға қызығатындарға арналған 5 кітап

Ғылымның арғы тамыры 3500-3000 жыл бұрынғы ежелгі Мысыр мен Месопотамия өркениеттеріне барып тіреледі. Олар математика, астрономия, медицина секілді ғылымдардың алғашқы кейпін жасап, 2600 жыл бұрын басталған Грек табиғат философиясына, антикалық классикаға арқау болды. Жалпы, ғылым адам танымын кеңейтіп, қиялын ұштайды. Бала кезден ғылым туралы кітап оқып өскен адамның көкжиегі кең болады. Массагет порталы ғылымға қызығатындарға арнап кітаптар тізімін ұсынады.

1. Роберт Сапольский – "Зебраларда неліктен инфаркт болмайды" (Why Zebras Don't Get Ulcers)

Автор көптеген жылдар бойы адамдар мен зебралардың ауру үлгілерін салыстырды. Зебраларда жара болмайды екен. Бұл туралы Р.Сапольскийдің кітабында қызықты сипатталған. Мыңдаған жылдар бойы адамның өмір сүру жағдайлары өзгерді, бірақ денесі сол күйінде қалды. Ежелгі адамның денесінде болған ми заманауи қиындықтарға төтеп беруі керек. Ежелгі адам қауіп төнген жағдайда не істер еді? Күресетін немесе қашатын. Ал, зебра не істейді? Ол да қауіптің исін сезе салып қашып кетеді.

Ал қазіргі адам  күйзелісті жай ғана қабылдап,  оны қорытуға тырысады. Бірақ ағза қауіптен қашуға бейімделген. Дене өмір сүруді қамтамасыз ету, қашуға мүмкіндік беру үшін гормондар мен басқа заттарды шығарады.

Әрі қарай не болады? Бұл кітапта өте анық түсіндіріледі. Кітап психологияға қызығатындардың барлығына арналған.

Оқырмандар күйзелістің не екенін, өмірдегі стресстік жағдайлардың қартаю процесіне қалай әсер ететінін біледі. Кітап сізге күйзеліс пен ұйқының, күйзеліс пен алкоголь мен есірткіге тәуелділіктің арасында байланыс бар-жоғын айтады.

2. Стивен Пинкер "Таза парақ: адам табиғаты"  (The Blank Slate)

Стивен Пинкер – когнитивтік психолог, ол бәрімізді қызықтыратын мәселелер: адам табиғаты, тұқым қуалаушылық, ерік бостандығы, қарым-қатынастағы зорлық-зомбылық, нәсілшілдік және басқа да деструктивті құбылыстарды зерттейді.

Пинкер адам табиғатының мәселелерін талдамау генетикадағы, неврологиядағы және эволюциялық теориядағы заманауи жаңалықтарға қайшы келетінін ғана емес, сонымен бірге өзімізді түсінуімізді бұрмалайтынын нанымды көрсетеді. Ақыл мен талант тұқым қуалай ма? Адамдар мен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста зорлық-зомбылықты жою мүмкін бе? Ерік бостандығы және онымен бірге адамның өз іс-әрекеті үшін жауапкершілігі бар ма? Автор осы сұрақтарды талқылайды.

Және ең бастысы – "Таза парақты" оқығаннан кейін сіз қазіргі заманда адам болмысын тану қажет пе деген сұраққа жауап таба аласыз.

3. Юваль Ной Харари. "Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы" (Sapiens: A Brief History of Humankind)

Ю.Н. Хараридің "Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы" кітабы – алғаш рет 2011 жылы иврит тілінде басылып, 2014 жылы ағылшын тіліне аударылды. Кейіннен әлемнің 45 тілінде 20-дан аса мемлекетте 7 миллион данамен таралды.

Кітап жүз мың жыл бұрын өмір сүрген алты түрдің бірі – Homo sapiens өкілінің пайда болуы тарихынан бастап, бүгінгі кезеңге дейінгі аралықты толық қамтиды. Автор Homo sapiens-тің экожүйеде горилла, жарқырауық қоңыз немесе медузадан артықшылығы жоқ жануар бола тұра ғаламшардың қожасына әрі экожүйенің жауына қалай айналғаны жөнінде баяндайды.

Ал басқа түрлерге не болды? Ақша, мемлекеттер, діндер қашан және не үшін  пайда болды? Империялар қалай құрылды және күйреді? Неліктен әйелдерді еркектерден төмен қойды? Адамдар шынайы бақытқа жете алды ма? Болашақта бізді не күтіп тұр? Кітап өткен кезеңдердің оқиғалары мен қазіргі заман мәселелері арасындағы байланысқа зер салып, оқырманды қоршаған орта туралы түсініктердің бәрін қайта қарауға бағыттайды.

4. Барбара Окли. Математик сияқты ойлаңыз. Кез келген мәселені қалай тез және тиімді шешуге болады (A Mind For Numbers. How to Excel at Math and Science)

Математиктер – бұл бала кезінен дамуды қажет ететін керемет интеллектуалдық қабілеттерге ие адамдар. Ал көпшілік үшін математикалық ойлаудың дәлдігі мен жүйелілігі қол жетімсіз. PhD докторы Барбара Окли бұл кітапта әрбір адам өзінің ойлау тәсілін өзгерте алатынын және нақты және жаратылыстану ғылымдарының барлық мамандары айқын немесе жанама түрде қолданатын әдістерді меңгере алатынын нақты мысалдармен растайды. Бұл кітапты оқығаннан кейін кез келген білім саласындағы мәселелерді тиімді шешуді, негізгі идеяларды жадыңызда сақтау ыңғайлы болу үшін оларды жинауды үйренесіз. Осы арқылы миыңыздың мүмкіндіктері туралы көп нәрсені білесіз!

Астрономия – құрастырған Жүніс Сахиев

Қазақ тілінде тұңғыш жарық көрген бұл кітап осы ғылымның даму тарихы жайлы, аспан денелерінің табиғаты және қозғалыс заңдары, ғалам құпиясы жайлы қызықты да қажетті мағлұмат береді. Кітап 2014 жылы Foliant баспасынан жарық көрген.

Т. Раушанұлы