Дәурен Абаев: "Ұлттың жаны да, жады да – әдебиет"

Дәурен Абаев: "Ұлттың жаны да, жады да – әдебиет"

Жасыратын несі бар, «Қазақ қаламгері қашан Нобель алады?», «Ұлттық әдебиетіміздің қазіргі деңгейі қандай?», «Қазақша аударманың халі нешік?» деген сұрақтар көбіміздің көкейімізде жүргені рас. Қазақ зиялыларының ықпалы қашан артады, олар ұлт санасына, қоғам ойына қалай әсер етеді деп те жиі ойлайтынымыз анық. Әрине, бұл сауалдарды әр қырынан қарастырып, оған түрлі жауап іздей беруге болады. Кейбір сұраққа жауап табармыз, кей тұста үнсіз қалуымыз мүмкін. Бірақ бір айнымас дүние бар – біздің ұлтымыз жалғыз, зиялыларымыз санаулы-ақ. Сол үшін ұлтымызды ұлықтап, зиялыларымызды алақанға салып, құрмет тұтуға тиіспіз.

Самарқау әдебиет ұлттық сананы тежейді. Жанартау әдебиет қана жаңа идеяларды оятады. Әдебиеттің өз тілімен айтсақ, ақын – барлық сыздаған жараның ауызында болуы керек.

Жаһанданудың жаңа дәуірінде, цифрлар цивилизациясында кітаптың оқылу-оқылмауы – үлкен мәселеге айналған. «Бақуатты адамдарда үлкен кітапхана, кедей адамдарда үлкен теледидар болады» деген сөз бар.

Мойындауымыз керек, қысқа күнде қырық түрлі арзан ақпаратқа «тойған» оқырман көркем әдебиеттен кәдімгідей алыстап барады. Әдебиетті тіпті, әлеуметтік желінің деңгейімен өлшейтіндер де жоқ емес. Блоктың жырларын блогерлердің жазбалары алмастыруын жақсылыққа балай алмаймыз. Бұл – қауіпті үдеріс.

Біз қалай десек те, ұлттық идеологияның негізінде салмақты әдебиет жататынын ұмытпауымыз керек. Кез келген халықтың болмысын, мінезін, тілін сол ұлттың әдебиеті қалыптастырады. Ұлт өз кемшілігін де төл әдебиетінен іздейді.

Біз неге әлі күнге дейін Абайға айналып соға береміз? Қанша заман өтсе де не үшін Шекспир шетке шығып қалмайды? Себебі, олар – ұлттың айнасына айналған темірқазық тұлғалар. Өткенімізге көз салып, бағытымызды бағдарлағымыз келсе, қашанда классиктердің шығармаларына үңіліп отыруымыз шарт.

Ал енді қазақ әдебиеті бүгін қалай қанат жайып келе жатыр, оның көркеюіне нендей ықпал ете аламыз деген сұраққа келсек, түйінді түткілдер, толғақты мәселелер алдымыздан аз ұшыраспайды.

Сапасыз аудармадан бастап, кітап дүкендеріндегі қазақша кітаптардың сирек қатары, балалар әдебиетіне қосылып жатқан жаңа туындылардың аздығы, шын таланттардың көлеңкеде қалып, «ширақ қимылдайтындардың» шығармалары оза шауып тұрғаны жасырын емес.

Әрине, бұл сеңді бірден бұзу оңайға соқпайды. Дегенмен біз болашақ жаңа қазақ әдебиетінің қарқынды дамуына барынша қолдау білдіруіміз керек.

Жоғарыдағы жайттарды саралай келе, биыл тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын тағайындап отырмыз. Жеті аталым бойынша берілетін сыйлықтың әр жеңімпазы 5 млн теңгеден еншілейді.

Рас, кейінгі уақытта әдеби сыйлық дегенді қоғам әртүрлі көңіл-күйде қабылдайтынын білеміз.
Бірі – ол жердегі әділетсіздікті сөз етсе, екіншісі – арзанқол дүниелердің алға шығып кеткеніне наразы. Ал енді бірі – салықтан төленетін сыйлықтың, оны жеңіп алған жүлдегердің шығармасы жеңіл болмауын, конкурстың ашық өтуін талап етіп жатады.

Талап-тілектің барлығы орынды, жөн деп есептеуіміз тиіс.

Десек те, арғы тарихқа бармай-ақ, Алаш кезеңінде үздік романдарға бәйге жарияланып, «Қамар сұлу», «Қалың мал» сияқты классикалық шығармалар дүниеге келгенін ұмытпағанымыз дұрыс. Әрине, ол қаржыны заманында атақты атымтай жомарт, ұлтшыл азаматтар бөліп отырды. Біздің бүгінгі бұл қадамдарымыз да сондай жүйені болашақта жүзеге асыруға деген әуелгі баспалдақтар деп қабылдау керек.

«Айбоз» әдеби сыйлығы тың туындылардың өмірге келуіне даңғыл жол ашады деп сенеміз. Жалпы, Еуропада болсын, Американы алайық, дамыған елдердің көбінде көркем шығарма айрықша бағаланады. Кеңес дәуірінде де ақын-жазушыларымыздың ой еңбектеріне қаламақы жақсы төленді. Жалпы шығармашыл қауымды ынталандыру арқылы біз көркем ойлай алатын, рухани діңгегі берік, айтар ойы терең жас ұрпақ қалыптастырамыз. Ұлттық әдебиетке салынған бүгінгі инвестиция – ертеңгі болашақ кепілі.

Адамзат тарихында небір ұлы оқиғалар болды. Әскері жер қайыстырған ұлы империялар салтанат құрды. Өркениеттер қанат жайды, мәдениеттер тоғысты. Бірақ солардың барлығының үні бізге әдебиет арқылы жетті.

Бір сөзбен айтқанда, ұлттың жаны да, жады да – әдебиет.

Ал енді «Айбоз» сыйлығының ерекшелігі дегенге келсек, шығарманың тіліне, қаламгердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды.

Мәселен, Мағжан бабамыздың:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой» деген,
немесе Қасым атамыздың:
«Ей, тәкәппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы» деген бір ғана шумағы біздің бүкіл арғы-бергі тарихымызды айқындап, ұлттық рухымызды әлі күнге дейін оятып келеді.

Біз осындай сүбелі де салмақты, өзекті де өміршең туындылардың, ғасырлардан-ғасырларға жететін ішкі қуаты мол, классикалық шығармалардың жазылуына оң ықпал етуіміз керек.
Сонымен қатар біз әр аталым бойынша жанрға да шектеу қоймадық. Қазақ әдебиетінде фантастикалық шығармалар аз. Үлкен-үлкен романдар да сирек жазылады. Кейінгі уақытта поэма, баллада жанрлары да кенжелеп қалды. Аталған жоба осы мәселелердің өрістеуіне өзек болса дейміз.

Тағы бір айта кетерлігі, «Айбоз» сыйлығын жеңген шығармалар сайтта ашық жарияланатындықтан, ел назарындағы жаңа туындылар әділ бағаланады деп есептейміз.

«Айбоз» сыйлығының басқа да бірқатар ерекшелігі бар. Ұлттық әдеби сыйлыққа бірнеше жаңа аталым қосылып отыр. Айталық,

«Үздік проза»,
«Үздік поэзия»,
«Үздік драматургия» сияқты дәстүрлі аталымдардан бөлек,
«Үздік комикс»,
«Үздік балалар әдебиеті»,
«Үздік әдеби аударма»
«Үздік кітап дизайны»
сынды номинациялар енгізілді.

Бүгінде әлемдік кітап нарығына көз жүгіртер болсақ, мазмұнның тереңдігінен бөлек кітаптың сыртқы көркемдігі, мұқабасының әсемдігі, тіпті, қағазының сапасы да ерекше маңызға ие. «Үздік кітап дизайны» аталымы отандық кітап саудасындағы осы бір олқылықтардың орнын толтырса дейміз. Түсінікті тілмен айтқанда, бірінші кітаптың сыртын сата білуіміз керек. Әрине, мазмұндық сапасының терең болуы талас тудырмайтыны сөзсіз.

«Үздік әдеби аударма» аталымы да көп бәйгелерге қатыстырыла бермейді. Ойлап қарасақ, классик ақын-жазушыларымыз Абайдан бастап барлығы дерлік аудармашылар. Біз солардың сапалы тәржімалары арқылы әлемдік жауһар туындыларды оқып өстік. Кәсіби аударманың орны бөлек. Ондағы қыруар еңбек пен қажыр-қайратты біздің қоғам дұрыс бағалағаны жөн. Болашақта әлемдік бестселлерлердің қазақ тілінде көркем тәржімалануына осы «Айбоз» сыйлығы зор ықпал етеді деп нық сеніммен айта аламыз.
«Үздік комикс» аталымы да – дәл солай. Күн сайын танымалдығы артып келе жатқан әрі балалар мен жасөспірімдердің сүйіп оқитын дүниесіне айналып үлгерген бұл жанрда шетелдік емес, өзіміздің отандық туындылардың көп болуы өте маңызды. Жас ұрпақ қызығып оқитын сапалы, мағынасы бай қазақша комикстер кітап дүкендерінде сұранысқа ие бола бастаса – біздің о бастағы мақсаттарымыздың бірте-бірте орындалып келе жатқандығы деп есептеміз.

Сонымен қатар келесі жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығын тағайындауды көздеп отыр.
Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады.
Одан бөлек биыл «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен кітаптар жарық көргелі отыр. Бұл сериямен бұрын шығармасы еш жерде жарық көрмеген жас авторлардың туындылары іріктеліп, 3 мың тиражбен басылып шығарылады.

Тағы бір жобамыз – danabala.kz порталы. Бұл порталда балаларға арналған барлық шығарма жарияланатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағдарламасын біз әрдайым назарда ұстауға тиіспіз.

Жалпы, шығармашылық адамына көңіл бөлетін, шабыт сыйлайтын, жағдай туғызатын түрлі қадамға барудан мемлекет ұтылмайды.

Бір ғана шығармасымен өз ұлтына, туған халқына еңселі ескерткіш орнатқан ақын-жазушылар тарихта аз емес.

Болашақ қазақ халқын дүниежүзіне танымал ететін тың туынды бүгін жазылмайды деп кім айта алады?

Сол ұлы шығарманы түпнұсқадан оқуға ұмтылған әлемнің қазақ тілін ғұмырлы етпейтініне кім кепіл?

Көбелектің қанатынан туған толқын алып мұхиттарды шайқайды.

Біздің шығармашылыққа беретін бүгінгі серпініміз ертеңгі әлемдік классиканың іргетасы екеніне шын сенуіміз керек.

Ақынының қаламын қадірлеген, сөздің киесіне сенген жұрт озады, жазушысының жағдайын ойлаған ұлттың болашағы кемел.

Әлемді өзгертер әйгілі шығармалар әлі де қазақ топырағында дүниеге келеді.

Жаңа қазақ әдебиетінің жолайрығындағы бүгінгі сапар сәтті болсын!

Талантты жазушыларымыз бен арқалы шайырларымыздың қаламына шабыт тілеймін!

Т. Раушанұлы