Алматыда жас қаламгерлердің кітабы таныстырылды

Алматыда жас қаламгерлердің кітабы таныстырылды

2022 жылы 15 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетіндегі "Көкжиек" ғылыми – шығармашылық клубының ұйымдастыруымен "Жас қаламгер. Жаңа кітап" бағытында факультеттің ақын түлектерімен кездесу өтті.

Жиында жас ақын-жазушылар Қайсар Қауынбек, Ерғанат Қуатбек, Асылан Тілеген, Тұрсынбек Башар, Бағашар Тұрсынбайұлы, Әрібибек өр Алтай, Досхан Жылқыбай, Шерхан Талап, Айбол Исламғали, Бауыржан Майтай, Нұртас Тұрғанбек сынды жас жазушылардың "Тәуелсіздік сөзі" сериясымен шыққан кітаптары таныстырылды.

Кеште факультеттің аға эдвайзері Ш. Шортанбай, деканның орынбасары Ж. Бағашарқызы ұстаздар С.Дәрібай, Е.Карбозов, С.Тілеубай, ақын М.Шаймаран жас қаламгерлер кітаптарының тұсаукесер рәсімін жасады.

"Көкжиек" клубының студенттері дайындаған әдеби бағдарлама ұсынылды. Күйші жігіттер Бауыржанұлы Сағи, Жұмагелді Тоқтарбек, Асқар Мағжан өнерлерін ортаға салып, Айбат Сансызбаев, Ернар Сабыржан гитарамен әсем ән шырқады. Жиын әсерлі әңгіме, сырлы сұхбатқа ұласты. "Поэзия минуттарында" студенттер ақын ағаларымыздың шығармашылығынан өлеңдер оқып, ыстық ықыласына бөленді.

Жастар арасында Dosekesh атымен танымал жас әнші Тұрар Досекешов әндерін орындады. "Ғашықтар күніне" сәйкес келген бұл кеште студенттер дайындаған екі көрініс көрсетілді.

Бірі - ақындардың әсерлі өлеңдерінен махаббат хикаясы, екіншісі - ақындардың студенттік шағынан көрініс. Сондай-ақ, кешке Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұстазы, ҚазҰУ түлегі Алмас Найманбай және "Жас қалам" клубының мүшелері қатысты. Кеш соңында факультеттің студент ақындары өз шығармашылығынан өлеңдер оқыды. Шарамыздың мақсаты - қазіргі әдебиетті насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, жас таланттарды ынталандыру еді.

Л.Мұсалы, Э.Бектұрова , ҚазҰУ

Т. Раушанұлы