Анар Қабдуллина: "Таланттарды қолдай білсек, "Хәрри Поттер" бізден де шығады"

Анар Қабдуллина: "Таланттарды қолдай білсек, "Хәрри Поттер" бізден де шығады"

Жақында белгілі жазушы Сәуле Досжанның балаларға арналған "Біртуар" романы түрік тіліне аударылған болатын. Осы орайда Массагет порталы сыншы, жазушы Анар Қабдуллинамен "Біртуар" романы туралы, жалпы балалар әдебиеті және сын жайлы әңгіме өрбітті.

***

– Анар ханым, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтың өмірінен сыр шертетін "Біртуар" романы несімен құнды?

– Бүгінгі ақпараттық дәуірде көп құндылықтар өзгерді, замандасты ештемемен таң қалдыра алмайсың. Жылдам өзгеріске бейімделген қазіргінің "жасы тез жетіледі, жарлысы тез баиды". Күллі әлем жетістікке жетудің сан түрлі жолын ұсынудан жарысқа түсіп жатқан осындай кезеңде патриоттық рух жайлы айтудың өзі ыңғайсыз сияқты. Десе де, белгілі жазушы Сәуле Досжанның "Біртуар" кітабы, алдымен, жас оқырман бойында патриоттық сезімді оятуға себепкер бола алады дер едім.

Бұл кітап грек-рим күресінен 1980 жылғы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың қиындық пен тартысқа толы өмір жолынан сыр шертеді. Кеңестік кезеңде үлкен спортта орын алған әртүрлі әділетсіздіктер азиялықтарды неғұрлым жеңіс тұғырына шығармау, намысына тиіп төмендету болса, Жақсылық пен басқа қазақ спортшылары осындай моральдық-психологиялық кемсітудің сан түрін басынан кешірген. Жаттығу кезіндегі жігер мен төзім тартысы оның қасында ештеме емес. Жәкеңнің қасында "сынып" кеткен спортшылар да болды. Кітапта даңқты палуанның балалық кезінен бастап, жастық шағы, спортқа келуі, қалыптасуы, жеңіске жету жолындағы жанкештілігі көркем де шұрайлы тілмен шебер суреттелген.

Жақында кітап авторы Түркияның Анкара қаласында түрік тілінде шыққан осы кітаптың тұсаукесерін өткізіп қайтты. Қазақтың абыройын асқақтатқан Олимпиада чемпионы, батыр тұлғаның үлгілі өмірін жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен бұл кітап Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапабекұлының және Еуразия Жазушылар Одағының қолдауымен аударылып, жарық көрді. Түрік тіліне аударған – Уфук Тузман.

 – Кейінгі уақытта балаларға арналған роман, повесть, әңгіме жазылмай кетті деген сөздер айтылып жүр. ХХ ғасырда Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Марат Қабанбай сынды жазушыларымыз балалар әдебиеті үшін құнды мұралар қалдырды. Қазір қазақ жеткіншектері неге аударма кітаптарды ғана оқуы тиіс? Қазақ тілінде балаларға арналған роман немесе "Хәрри Поттер" сияқты  сериялы шығармалар жазылуға не кедергі деп ойлайсыз?

– Балаларға арналған жақсы шығармалар жазылмай жатыр дей алмаймын. Бұған "2021 – Балалар әдебиеті жылында" көзім жетті. Өзім Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп, жыл бойы осы іс-шараның үйлестірушісі болдым.  Бұл балалар әдебиеті өзіндік жаңа бағыт-бағдарын белгілеп алған жыл болды деуге болады. Балаларға арнап жазатын ақын-жазушылар чаты құрылып, қаламгерлердің бір-бірімен ақпарат алмасып, тәжірибесімен бөліскен, жаңа шығармаларын талқыға салған жақсы бір жұмыс жүрді.

Баспагерлер мен демеушілердің белсенділігі артып, кез келген жақсы дүниені қолдауға, жарыққа шығаруға дайын болды. Балалар әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдар да қалыс қалмай, ғылыми еңбектеріне, құрастырылып жатқан жаңа оқулықтарға қазіргі авторлардың есімдерін кіргізгенін білемін. Жыл бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, осы жобаның басы-қасында жүрген сол кездегі кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева, талантты ақын, қайраткер   Ербол Бейілхан есімдерін атап кеткім келеді.

Иә, Бердібек, Сайын, Марат Қабанбайлар өз уақытында жақсы шығармалар тудырғаны сөзсіз. Әдебиет – тарих айнасы. Тарихты бұрмалауға болса да, әдеби шығармада суреттелген шындықты жоққа шығару мүмкін емес. Балалық шағы Ұлы Отан соғысына дөп келген бұл жазушылар өз кезеңінің қиындыққа толы тыныс-тіршілігін боямасыз көрсетіп берді. "Жабайы алма", "Балалық шаққа саяхат", т.б. шығармаларынан көз жасы арасынан ерте көктемгі күн сәулесіндей жылт ете қалатын позитивтің мұңды әсері әр оқырман жүрегінде қалатыны рас. Себебі, бала – қай кезде де бала, күлмей, балалығын жасамай тұрмайды. Марат Қабанбайдың "Жиһангез Тити", "Пысық болдым, мінеки", т.б. шығармалары да балалар әдебиетінің өлмес үлгісі. Бұл тізімге Мәди Айымбетовтың "Бар болғаны он төрт жас" кітабын қосар едім.

Алайда, қазіргі ақпараттық кезеңнің оқырманы мен кеңестік жүйе оқырманының арасы жер мен көктей. Арман да, мақсат та, өмір сүру салты да басқа. Бүгінгі бала қиялы – шек, шекараны білмейтін кибер кеңістік. Көпшілігін алғашқы басылымы 1997 жылы шыққан "Хәрри Поттермен" де қызықтыра алмайсың. Қазіргі балалар жазушысына жылдам өзгерістегі замана тамырын дөп басу оңай емес, үнемі ізденіс керек. Ой-қиялы өз заманынан оқ бойы озық балалар жазушысы, оған қоса, зерттеу мен статистиканы жүйелі жүргізгенде ғана бір кездегі Дж.Роулинг сияқты жетістікке жетуі мүмкін.

Шетелдік баспалар мұқаба мен иллюстрацияларға үлкен мән береді. Ондай деңгейдегі кітаптарды басып шығаруға қазақ баспаларының мүмкіндігі аз. Себебі, біздегі кітап нарығы әлі жетілу үстінде. Қазір қазақстандық бізде аударма құқығымен бірге мұқаба суреті мен ішкі иллюстрацияларын бірге сатып алып жүрген баспалар бар. Бұның өзі арзанға түспейді. "Steppe & World Publishing" баспасы, аудармамен айналысатын "Мазмұндама" компаниясы осы тәсілмен жұмыс істеп отыр. Бұл талғамның қалыптасып, деңгейдің өсуіне жақсы әсері бар шешім. Сериялы кітаптарға келетін болсақ, Р.Сауытбай "Шоко әлем", С.Досжан "Ауылдан шыққан миллионер", З.Наурызбаева, Л.Калаус "Бату мен достарының бастан кешкендері" кітаптары сұраныс болған соң, жалғасы жазылып, баспадан жарық көріп жатыр.

– Қазір кітап бизнесі өте жақсы дамып келеді. Неге осындай кезде шығармашылық ой дағдарысына тап келіп отырмыз?

– Жазушы үшін ой-қиял, жазу шеберлігі, тіл байлығы һәм оны орнымен қолдана білу тәжірибесі, сонымен қатар терең білім де қажет. Жылына төрт жүз кітап оқыған жазушыны білемін. Көп оқыған жазушы әдеби әдіс-тәсілдерді, астар мен тұспалды, аз сөзге көп мағына сыйғызуды меңгереді, керегін алады. Әдебиет – өнер дейтіні сондықтан.

Бұрын Нобель сыйлығын алған шығармалар арқылы шығармашылық ой деңгейін анықтайтынбыз. Соңғы отыз жылда әдебиет саласында бір жүйенің жоқтығынан оқырман көп нәрседен қол үзіп қалды. Роллан Сейсенбаевтың халықаралық "Абай" клубы "Аманат" журналын шығаратын. Онда халықаралық әдеби сыйлық иегерлерінің шығармаларынан үзінді жарияланатын, сол үздік авторларды іздеп жүріп оқитынбыз.

Өткенде талантты ақын Қуаныш Өмірбектің бір өлеңі қаламгерлер чатында талқыланып жатты.

...Аузыма түскенше ақ бұйра сақалым,

Өшкенше, біткенше даңқым мен атағым.

Мен сені сүйемін бейшара қалпыммен,

Мен сені сүйемін, бейшара Отаным! –депті ойлы ақын. Сол кезде: "Отанды бейшара дегенімен келіспеймін", "Отанды бейшара деуге бола ма?" деген пікірлер болды. Мұны қолына қалам ұстап жүрген адамдар айтып отыр. Шығармашылық ой дағдарысының бір көрінісі осы шығар. Баспагер Алмас Шәйкен бір кезде аударма саласының мықты дамығанын, әлемдік ой жауһарлары, үздік әдеби үлгілер оқырманға қолжетімді болғанын айтады. Бұл кейінгі идеология үшін тиімсіз болған соң, жүйесіне балта шабылған. Ал шынайы әдебиет пен оқырман арасының алшақтауы неге әкеліп соқтырғанын қазір көріп отырмыз.

Зира Наурызбаева мен Лиля Калаус жақсы шығармашылық дуэт қалыптастырып, "Бату мен оның достарының басынан кешкендері" кітап сериясын шығарып жүр. Ол кітаптың мұқабасы мен иллюстрацияларына ерекше мән беріп, сапасына да жақсы көңіл бөлген. "Меломан" сауда желісінде жақсы өтеді. Зира Серікбол Қондыбайдың мифологиясын терең зерттеген ғалым адам, ол кісінің базасы мықты. Сондықтан қазақ миф, аңыздарын негізге ала отырып, балалар әдебиетіне көп нәрсе бере алады. Лиля жазушылық шеберлік жағынан басым. Сапалы кітап ұсынуды мақсат еткен автор топтық жұмыстан қорықпауы керек. Сонымен қатар Зира тик-ток желісінде танымал болып кетті. Ол кісінің жалмауыз кемпір туралы айтып отырған сұхбат үзіндісін жас блогерлар қызыға бөліскен кездер болған. 

Баспалар бірге жұмыс істейтін әдеби агенттерді тартса, бір-бірімен бәсекеде болса, кітап бизнесі жақсы дами түседі. Кітап шығарушы қоғам сұранысын дөп басатын сұңғыла маркетолог, мықты менеджер, әдебиетті жақсы түсінетін адам болуы керек.

– Президент Тоқаев "Жаңа Қазақстанды бірге құрайық" деді. Сіздіңше, Жаңа Қазақстанның жазушысы қандай болуы керек?

– Саясат әлемінде біздің билік ұрандатудан алдына жан салмайтынын жақсы білеміз. Нұрландық, рухани жаңғырдық, барысқа мініп, дамыған елдердің арасынан да "көріндік". Сөз жүзінде ауық-ауық "жаңарып" отыратынымызға ет үйренді. Әдебиет асығыс жасалған дүниені ұнатпайды. Жазу процесі сабыр мен тыныштықты сүйеді. Кез келген шығарма бабымен тусын. Сонда ғұмыры мәнді де ұзақ болмақ.

Сонымен бүгінгі жазушы қандай болуы керек?

Үзбей, жүйелі оқитын, уақытымен жазатын; білікті редактормен жұмыс істейтін; баспагер, әдеби агент, тілші һәм блогер қауымымен жақсы байланысы бар; кітап үйлерімен жақсы байланыс орнатқан; әлеуметтік желілерде қарым-қатынасы потенциалды оқырмандарымен дұрыс жолға қойылған;  жылына екі рет фотосессия жасайтын; кітабына қаржы салуды және оны екі еселеудің жолын білетін; әдебиетті қолдау қорларымен байланысы бар, краудфандинг, т.б. тәсілдерді меңгерген; авторлық бренд қалыптастырған және өз танымалдылығын одан әрі арттыруды жоспарлай білетін; аудармаға мән беретін, т.б.

 Осы айтылған дүниелердің барлығы профессор Ү.Д.Мұңалбаевамен бірлесіп жазған менің "Әдеби агент. Әдебиеттің жаңа көкжиектері" кітабымда кеңінен айтылған.

– "Біртуар" романына қайта оралайық, балалар не үшін бұл романды оқуы керек деп есептейсіз?

– Өмірдегі жолыңды адаспай табуда адам өз-өзіне сенімді болуы үшін темірқазық тұлға керек. Жақсылық Үшкемпіров тұлғасы соған әбден лайық. Жазушы Сәуле Досжан соңғы жылдары қоғамға керек кітаптарды жазып жүр. Автордың көздеген мақсаты –  неғұрлым жас ұрпаққа үлгі боларлық дүниелер туғызу.

"Біртуар" кітабы орыс, қазақ тілдерінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен  "Баянжүрек" баспасынан жарық көрді. Ұлт мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтың үлгі болар өмірі туралы жазылған туынды "Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау" жылына орай шығарылды. Көзі тірісінде қатты араласып, жақын сыйласқан автордың отбасы Жақсылық аға мезгілсіз өмірден озған кезде қатты қайғырды. "Жақсылық ағаның өнегелі өмірі әр қазаққа үлгі болуы керек әрі қазақтың спортқа жақын жасөспірім балалары Жақсылық аталарындай табанды, қайсар болсын деген оймен аз уақытта осы романды жазып шықтым", - дейді жазушы Сәуле Досжан.

Бас кейіпкер спорт жолында көп қиындықты басынан кешкенін айттық. КСРО кезінде қазақ спортшылары көп шетқақпай көрген, орыс тілін білмеуінен де зардап шеккен. Шәміл сияқты спортшылар бабында болса да, намысына тигендердің әрекетіне шыдамай, үлкен спорттан кеткен. Қайтсем де елімнің атын шығарамын, мерейін өсіремін деген табандылығы ғана Жәкеңді барлық қиындықтардан алып шыққан. Мәскеудегі Олимпиадада татамиге шыққанда, ата-бабаның әруағына сыйынып, «не осында өлем, не жеңем!» деп тәуекелге бел буып кіріскен соң, алған жарақатын да елемей, қарсыласын жеңген.

Бала Жақсылық бейнесі қолды-аяққа тұрмайтын өте елгезек бала ретінде суреттеледі. Дүниеге келгенде, Жақсылық атану оқиғасы да қызық. Ауыл балаларымен бірге Талас өзенінің бойынан шықпайды екен. Ақыры ауылда суда жүзуден чемпион атанып, сол кездің өзінде спортқа қыры барын көрсеткен. Кейін мектеп бітіріп, сонау Тараздан шығыстағы Семей қаласына арман қуып келеді, мектепте жақсы оқыған алғыр бала зооветеринарлық институтқа түседі. Сол жерде алғаш күрес секциясына жазылып, үлкен спортқа алғашқы қадамын жасайды.

Жақсылық ағамыздың өзі: "КСРО құрамасына кіргенге дейін көп қиындық көрмедім, бар кедергі сол құрамаға қосылғаннан басталды ғой. КСРО құрамасы әр салмақта үш-төрт орын ғана ұстады. Әр республика өз балуанын сол орынға қосуға тырысады. Он бес республикадан келген таңдаулы чемпиондар қайдан осал болсын, кілең арландар. Ол құрамаға кірдің бе, жаныңды сал. Бапкерлердің ойындағысын тап, жаттығуда алда бол. Ешқашан ескерту алма. КСРО құрамасында өз салмағыңда бірінші болғың келсе, қарсыластарыңнан үстем бол. Команда алдында жүзің жарқын, абыройың асқақ болу керек. Қандай қиын жағдайда да адамгершілік, кісілік қабілетіңді жоғалтпа. Өз салмағыңдағы бірінші нөмірлі балуандармен де достасуыңа тура келеді. Олимп шыңын мақсат етсең, КСРО құрамасының темірдей тәртібіне бағынып, қандай қиындыққа да шыдауға тиістісің", - дейді.

Кітап өте қызықты, оқуға кеңес беремін.

– Шығарманы танытатын, жарнамасын асыратын сыншы ғой. Қазақ әдебиеті қазір жақсы сыншыға зәру деп ойламайсыз ба? Шыны керек бізде сыншы аз.

– Қазіргі әдебиеттің бойында қаны айналмай жатқан соң, сын да аз. Жазылған рецензиялар шығарма жарнамасы үшін жазылады, сондықтан шығарманың басым тұстарын көбірек айтады. Оның мақсаты, қайтсе де оқырманды қызықтырып, оқуға ықыласын ояту керек. Сын мықты авторлар арасында бәсеке болған кезде оянады. Ал ондай бәсеке оқырман сұранысы артқан кезде туындайды. Мұндай процесс жүру үшін баспалар мен әдеби агенттіктер жанкешті жұмыс жасауы керек. Бізде мемлекеттен жыл сайын бөлінетін тендерге дәндеп алған баспалар бар. Олардың саны жиырмадан асады. Жақсы кітаптарды жарнамалауға, жаңа авторды шығаруға олар құлықсыз. Баяғы заманда аты қалыптасқан авторлардың тізімін беріп қойып отырса, жаны тыныш. Шыққан кітап республиканың төрт мыңға жуық кітапханаларына кетеді.

2021 жылдың соңында мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар тізіміне қарасақ, ішінде ең көбі –Олжас Сүлейменов кітабын шығаруға 21 млн. бөлінген екен. Біздің кітапханаларда Олжас кітабы жеткіліксіз бе, әлде Олжас ақынға оқырман сұранысы жоғары ма? Әрине, олай емес.  Мен бұл жерде Олжас ақынды мысал ретінде алып отырмын, ол тізімде кітабы жиі шығатын басқа да авторлар жүргенін өзіңіз де көрген шығарсыз. Сонда тәуелсіз әдебиетті жасап жүрген қазіргі авторлардың уақыты қашан туады? Меніңше, Мәдениет министрлігі кітап өндірісіне жауапкершілікпен қарап, бұл іске әдебиетші мамандарды тартуы керек. Сыншылар сол мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды іріктеу кезінде аса қажет. Әсіресе жыл сайын Кітап палатасы қоржынына келіп түсетін кітаптарға рецензия жазылатын кезде қажеттігі қатты сезіледі. Бірінші кезеңде "ешкімге бұра тартылмасын" деген оймен рецензентке кітаптың авторы көрсетілмей беріледі. Алайда, авторды шығарманың атын теру арқылы "гуглдан" тауып алу оп-оңай. Осындай жағдайлар биылғы жылы ескерілсе деген оймен айтып отырмын. Бұл іріктеуден өткен кітаптар комиссияға жіберіледі, әрі қарай тағдыры шешіледі. Жыл сайын мемлекеттен әдебиетті дамытуға бөлінетін қыруар қаражат мақсатпен жұмсалу үшін сапа және стратегия керек. Бұл жердегі сыншылардың рөлі зор, рецензияға бөлінген ақшаны сыншылар алсын, бәлкім, сонда көш жүре түзелер? Әдебиетті дамытуға бөлінетін мемлекттік бағдарламаларды мәдениет министрлігі әдебиетші мамандарды тарту арқылы жүзеге асырса, бөлінген қыруар қаржы мақсатсыз жұмсалмас еді, уақыт өте нәтиже болар еді.

– Кейінгі уақытта балаларға арнап жазып жүрген кімдер бар?

– Балаларға арнап жазып жүрген ақын-жазушылар көп, шындаса, кез келген қаламы жүйрік қаламгер балаларға арналған шығарма туғыза алады. Серікбол Хасан, Мейіржан Жылқыбай, Олжас Қасым сынды ақын-жазушылар кішкентайлы болып, әке ретінде бала тәрбиесіне араласқан кезде, балаларға арналған дүниелердің сын көтермейтініне көздері жеткен соң, өздері жаза бастаған. Ертегіші, аудармашы Мира Сембайқызы да көп балалы ана, ертегілерінің алғашқы тыңдарманы – өз балалары екенін айтады. Әдина Жүсіп, Балнұр Қызырбекқызы да қазір ертегі жазып жүр. Қазақтың маңдайалды ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Көкәләй" жыр жинағы былтырғы балалар әдебиеті жылында қоржынымызға келіп түскен еді. Ағамыздың тұңғыш немересі Айбүбіге деген аталық мейірімі анық көрінген бұл жинақ егер жарық көріп жатса, балаға деген мейірімі бөлек қазақы болмыстың ғажап ерекшелігі көрінген керемет дүние болмақ.

Балалар әдебиеті жылына орай өткізілген "Ер Төстік" балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар байқауында Поэзия бойынша бірінші орын алған Шәмшия Жұбатованың "Гүлге қонды көбелек"» өлеңдер топтамасын автор немересіне арнағанын айтқан еді. Түркі елдерінде үлкен сұранысқа ие болып жатқан "Біртуардың" авторы Сәуле Досжанның "Ауылдан шыққан миллионері" 2021 жылы ең көп оқылған кітап рейтингісінің басынан көрінді. "Ауылдан шыққан миллионер. Мақсатқа барар жолда" екінші кітабында белгілі кәсіпкер Исламбек Салжановтың балалық шағы мен бизнес әлемінде жетістікке жетуінің шиырлы жолдары баяндалған.          

Жалпы, қазақ кәсіпкерлері әдебиетті дамыту саласына қолдан келген көмектерін аяған емес. Атап айтқанда, Самат Мұсабаев, Ғабит Маматраимов, Исламбек Салжанов, Ерлан Әшім, Дулат Тастекей, Бауыржан Оспанов, Қыдырәлі Болманов, басқа да меценаттарды атар едім. Бұл кісілер шығармашылық грант тағайындап, әдеби конкурстарға демеуші болып жүргенін білеміз. Былтырғы жылы "Ер Төстік" әдеби байқауында он екі негізгі жүлдегерден бөлек, 27 қатысушы ынталандыру сыйлығын алды. Біз демеуші болуды ұсынғанда, көмектен бас тартқан бір де бір кәсіпкер болмады, соның арқасында ынталандыру сыйлығын алғандар саны осындай жоғары болды. Соңғы бір-екі жылда кітаптары ең көп сатылып жүрген "Біртуар" авторы Сәуле Досжанның өзі осы кезге дейін жас таланттарды қолдап, демеушілік жасаудан ешқашан бас тартқан емес. Осы Түркияға барған сапарында Сәуле апайымыз ол жақта кәсіпкер қазақтардың бірігіп, әдебиетті дамыту қорын құрғанын айтып келді. Мақсаттары – қазақтың мықты авторларын аудартып, шет елдерде таныту екен.

"Ер Төстік" әдеби байқауында Проза бойынша бірінші орын алған жас талант Нұрбек Нұржанұлының үлкен потенциалы байқалды. Сол жолы оған "Кітап патшалығына саяхат" жиырма беттік шығармасын хикаятқа айналдыруды ұсынған болатынмын. Жақында поштама сол хикаят келіп түсті. Жас жазушы сөзінде тұрып, шығарманы кеңейтіп жазып шыққан екен.  Осындай авторлар қолдауға тұрарлық. Егер де таланттарды қолдай білсек, "Хәрри Поттер" бізден де шығады.

– Балалар оқуы керек деп есептейтін 5 шығарманы атасаңыз?

1. Сәуле Досжан – "Ауылдан шыққан миллионер";

2. Рүстем Сауытбай –"Шокоәлем";

3. Лилия Калаус. Зира Наурызбаева – "Алтын тостағанды іздеу";

4. Кеңес Оразбекұлы – "Тұран баһадүрлері";

5. Серікбол Хасан –  "Әкесінің қызы".

Т. Раушанұлы