Әбіш Кекілбаев хикаялары

Әбіш Кекілбаев хикаялары
Фото: wikipedia

Бүгін – Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтің туған күні. Осы орайда Массагет порталы көрнекті жазушының хикаяларын ұсынады.

Бір шөкім бұлт

"Бір шөкім бұлт" – Әбіш Кекілбаевтің 1965 жылы жарық көрген шығармасы.

Аға-жеңгелерінің көз алдында өскен ұл оларға деген сағынышын, сүйіспеншілігін білдіре жазған бұл шығармасы есейген Әбіштің шын көңілін көрсетеді. Оқиға желісі бойынша сұм соғыс "сыйлаған" сайқал дерт Аққаймақтың жан дүниесін жеп, сарқып тастайды. Өмірдің еш қызығын көре алмаған, он екісінде бір гүлі ашылмаған талдырмаш арудың әкесі соғыста жан тапсырады, тағдырдың "жесір" атауын иемденген анасы құсалықтың кесірінен өмірден баз кешеді, сүйіп қосылған ері майданда қаза табады.

Шығарма тұтастай бір кейіпкердің ащы тағдырына арналған. Бірақ повестің аясында бір ғана адамның өмірі ғана баяндалмайды, ауылдың тыныс-тіршілігі, өмірдің ащылығы, сұм соғыстың зобалаңы, әйелдің қайсарлығы, ананың жүрегі, мейірімділігі де көрініс табады. Аққаймақ тағдырдың жазғанына берілмей, өмірден  түңілмей, өмірдің суығына еңбекпен жауап береді. Аянбай тер төгіп, адал жар атанып, сәбилі болады. Сүйінішінен айрылған кезде, қолдау көрсеткен адамдардың арқасында ол – "Аққаймақ" атанады.

Қорыта айтқанда, "Бір шөкім бұлт" қаламгердің соғыс кезіндегі тылдағы еңбек адамдарына, «балалығын соғыс ұрлаған балаларға  қойған ескерткіші . "Анау бір жылдары маңдайымыздан сипаған мейірбан жеңгелер, бұны сіздерге еншіледім. Әлі күнге көңілімнің бір түпкірінен сығалап тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да, айрықша аяулы балалық шағым, бұл – саған ескерткіш", - дейді автор.

Шыңырау

"Шығарма" – ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында қалыптасқан әлеуметтік проблемаларды қозғайды. Шыңырау повесі арқылы автор Еңсеп есімді құдықшының өмірін, сондай-ақ күнделікті өмірде жиі кездесетін қиындықтар туралы, атап айтсақ, бақталастық, менмендік, махаббат, достық пен сатқындық туралы баяндайды.

Жартылай отырықшы және көшпелі тұрмыс кешетін қазақтардың арасын жалғастырып жүрген басты кейіпкер Еңсеп шыңыраудан құдық қазып, Үстіртте аты шығады. Еңсеп бай, ауқатты адамдардың құдығын қазып, кедей кепшіктердің тапсырыстарына ат үсті қарайды. Осы тәкаппарлығы өзіне кесір болып, ол ақыры жұмыссыз қалады. Ауылға Бұхара жақтан көшіп келген қалпақ деген біреу, Еңсептің орнын басып, Үстіртте ең терең құдық қазады. Бұл Еңсептің қызғанышын оятады. Ол одан да терең құдық қазам деп, ақыры бәсеке түбіне жетеді.

2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ "Шыңырау" повесі бойынша фильм түсірді. Режиссері – Жаңабек Жетіруов.

Күй

"Күй" – "Дала балладалары" жинағына енген күйші тағдырын арқау еткен Әбіш Кекілбаев повестерінің бірі.

"Күй" – реалистік-психологиялық мектептің жаңа сатылы биігін, деңгейін танытар интеллектуалды прозаның қазақ топырағындағы алғашқы нышандарының бірі.

"Күй" – сөзбен сурет салудың, сөзбен өмірлік қақтығыстарды айнытпай көркем өрудің, сөзбен адам жанының нәзік те сырлы, сұлу да нұрлы қатыгез де қайсар, қаһарлы да қан құмар, тәкаппар да текті, аяр да арсыз мінездерге, қарекеттерге толы ішкі әлемін жан-жақты жарқыратып ашудың өзгеше, өрісі кең, ажарлы үлгісі.

Шығармада суреттелетін оқиға – ертедегі қазақ пен түрікменнің арасындағы алауыздық, жауласушылық.

Повестің басты кейіпкерлері – Жөнейіт пен Көкбөрі – түркімен ауылының айтулы батырлары. Мәмбетсана болса сирек көрінсе де найза байламас қулығымен, арамдығымен танылатын кейіпкер. Көкбөрі жападан жалғыз Дүйімқараға соқтығып, опат болған. Інісінің өлімі Жөнейітке ауыр тиеді. Екі ұлыда жаугершілікте опат болған. Кенже ұлы Дәулет дутаршы. Дүйімқараға деген кек ашындырған Жөнейіт енді осы ұлын жауына қарсы аттандырады. Дәулет те қаза болған. Қасындағы нөкерлері Дәулеттің құны деп, күйші қазақ жігітті тұтқындап әкеледі. Жөнейіт қара жолдың бойына басын қылқитып, күйшіні тірідей көміп кеткен. Повесть Жөнейіттің өлімімен аяқталған.

Қорыта айтқанда, адам жанының қалың қалтарыс-бұлтарысын көркем сөздің қуатымен қапысыз аша отырып, оның айтып тіл жетпес әлем-тапырақ ішкі халін Жөнейт хан трагедиясы мен тәубасы арқылы беру, оқиға өзегін нанымды өру жазушының ғана емес, күллі қазақ көркем прозасының жетістігі екені күмәнсіз.

Ханша-дария хикаясы

"Ханша-дария хикаясы" – жарты әлемді жаулап алып, талай жұртты қан қақсатқан Шыңғыс ханның өмірінің соңы немен біткені жайлы аңыздардың бірі өзек болған шығарма.

Шығармада Шыңғыс хан  таңғұт тайпасы қолбасшысының ұлы Шыдұрғының сүйгені Гүрбелжің сынды айдай аруға есі кетіп, ақырында сол бір текті әйелдің қолынан мерт болады. Повесте бұл жайды Шыңғыс хан түсінде көреді.

Күллі әлемді моңғол қылышының астында қайқаңдатқан, барша елді  дегеніне жүргізген  ұлы әміршінің өзі — сезім алдында дәрменсіз.  Жазушы кейіпкерінің жан дүниесіндегі астан-кестен әлемді әдемі жеткізе біледі. Адамның ішінде болып жататын неше түрлі ағыстарды шебер бейнелеу арқылы ол  тіпті ұлы тұлғаның да іштей қарапайым пендеге айналатындығына  иландырады.

"Ханша – дария хикаясы" повесін оқып отырып, жарты әлемді қылыштың жүзі, най­заның ұшы, аттың тұяғы, білектің күші­мен бағындырған, көшпелілердің қуатты ұлы империясын құрған Шыңғыс хан өмі­ріне қатысты бір аңыздың суреткер приз­ма­сы арқылы қалай өткенін, тарағанын көреміз.

Көп уақыт бойы қаһарлы да қаты­гез ұлы әмірші бейнесі әдебиеттерде бұр­ма­лана кескінделіп, адамнан гөрі, құбы­жық­қа ұқсаңқырап келгені белгілі. Ұлы Әміршіден адамды көру, адам бейнесін жасауға ұмтылу, сол арқылы шығарманың көркемдік тұтастығын біражола бекіту – аталмыш повестің басты мұраты.

Бәйгеторы

"Бәйгеторы" повесі қазақтың атбегілік өнеріне арналған ескерткіш. Қазақ жазушылары ішінде тұлпарлар тарихын жазбаған жазушы немесе ақын жоқ десе де болғандай. Әсіресе осы алпысыншы жылы әдебиетке келген қаламгерлер арасында. "Бәйгеторы" сол циклді толықтырған туынды.

Қазақ халқының ұлттық психологиялық ерекшеліктерін айқындау барысында екі өнер түрін жан-жақты білу аса қажетті. Бірі - күйшілік, екіншісі – атбегілік. Осы екі өнердің қазақ қоғамының ажырамас бөлігі болғаны ақиқат. Эстетикалық құндылығы жағынан жоғары сатыда тұрғаны да осы екі өнер. Бәйгеге қосатын атты баптау, оны құлын кезінен тани білу өз ісінің маманы, нағыз атбегінің қолынан ғана келетін дүние. Атбегінің қолынан келген барша қазақтың қолынан келмесі анық. Атқа ықыласы ауған халықтың ішінде бұл өте қастерлі іс.

Егер күтімі болмаса кез-келген жануардың азып-тозары анық. Ал тұлпарды дұрыс бағалай білмеген, бабын таба білмеген адамның тұлпар бағын қайтарары тағы анық. Мұндай тарихты бастан кешірген тұлпарлар жайлы баяндар қазақ әдебиетінде молшылық. Дегенмен Әбіш Кекілбаевтың "Бәйгеторы" повесінің орны ерекше.

Бәсеке

Әбіш Кекілбаев шығармашылығындағы ұлттық әдет-ғұрыптардың кең көрініс тауып, қызықты суреттелген тағы бір хикаясы бұл – "Бәсеке" повесі. "Бәсеке" хикаяты қазақ халқының бір кездері кең етек жайған, кейін ұмытыла жаздап, бұл күндері қайтадан жаңғырып дәстүрге енген қазақ отбасындағы қыз тәрбиесі, қызы бар үйге құда түсу, қыз айттыра бару дәстүрін қызық та, тартымды бейнелеген.

"Бәсеке" шығармасы Балпан байдың жалғыз қызы Ажарды тұрмысқа ұзату үшін ұйымдастырған бәсеке кезіндегі оқиғаларды қамтиды. Балпан байдың сұлу қызына барлық сынақтан өткен таз Есеннің қолы жетеді.

Жазушы өз шығармасында қыз айттыра келген құдаларды күтіп алу салтынан бастап, ертедегі ел ақсүйектерінің қызды тәрбиелеп өсіргенінен бастап қалай ұзататынына дейін керемет әңгімелеп берген.

Т. Раушанұлы