Алматыда Ақберен Елгезектің “Қолтаңба кеші” өтті

Алматыда Ақберен Елгезектің “Қолтаңба кеші” өтті

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің “Болмаған балалық шақ” атты проза жанрындағы тұңғыш кітабының жарық көруіне орай  Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында “Қолтаңба кеші” өтті.

Аталмыш кешке белгілі ақын-жазушылар, оқырмандар мен журналистер қатысты.

А.Елгезектің “Көлеңкелер күбірі”, “Ғаршы”, “Шексіздік сыртындағы шам”, “Fantasmagoria” (түрік тілінде) атты жыр жинақтары жарық көрген. Өлеңдері ағылшын, француз, испан, араб, қытай, түрік, әзербайжан, қырғыз тілдеріне аударылып, көптеген антологияларға енген. Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының, Қазақстан жастар Одағының “Серпер” және  “Алтын қалам”, “Семсер” ұлттық сыйлықтарының иегері. Көптеген республикалық мүшәйралардың жүлдегері.

Оқырмандардың сұрауы бойынша кітап болып басылып шыққан “Болмаған балалық шақ” повесті 2008 жылы жазылып, ғаламтор арқылы кеңінен тарап, бестселлерге айналған бірегей шығарма. Интернет желісінде жүргізілген сауалнама нәтижесінде “ХХІ ғасыр басындағы үздік 20 прозалық туынды” тізіміне енген.

Көпшілік оқырманға жете таныс шығарманың бұл толықтырылған, әрі ең алғашқы басылым нұсқасы.

Басынан өткен оқиғаларды арқау еткен кітап арқылы автор еліміздегі меценаттар мен кәсіпкерлерді қайырымдылық жасауға шақырады. Яғни, кітап сатудан түскен қаржы әдебиетке бейімі бар жетім балаларды оқытуға жұмсалады.

Кішкентай жүректің үлкен өмірмен арпалысын суреттейтін, эмоциялық күрделі тебіреніске толы табиғаты оқырманды баурап алады.

 Кеш барысында қаламгер оқырмандар сұрағына жауап берді

Автор аталмыш шығарма алғашқы рет интернетте таралғанда оқырмандар жылы қабылдағанын айтады.

“Бұл кітап желіде жарияланғаннан соң өте көп таяқ жедім. Оқырмандар жылы қабылдағанымен, туыстар тарапынан қарсылыққа тап болдым. “Бізді бүкіл Қазақстанға масқараладың” деген сияқты сөз болды. Үлкен стрессті бастан кешірдім. Жазып жатқан кезде сол балалық шақтағы сәттерім қайтадан көз алдымнан өтті. Ішіндегі кейіпкерлер 100 пайыз өз атымен аталған. Мен – ақынмын. Таңғы он бірден кешкі сегізге дейін жазып шықтым алғашқы нұсқасын. Осында отырған жазушы замандастарым біледі. Проза олай жазылмайды екен. Прозаның өз заңдылықтары болады екен. Оны алғашында білмедім. Содан, Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз шығарманы бір жерден оқып, ұнатып "Ақжелкен" журналына “Ол күндер оралмайды” деген атпен жариялады. Бұл кейіннен ауыл-ауылға таралды. Бүкіл туысқандар оқыды. Одан Үржарға тарады, анама жетті дегендей… Әкемнің қарындасы хабарласып әбден ұрысты. Өзі қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін. Ұрсып алып артынан "жақсы шығар ма, жақсы жазылған" деп лебізін білдірді”, - дейді Ақберен Елгезек.  

Қаламгер бұл шығарманы  бүкіл кітапханалардан қайтарып алғысы келген кездері де болғанын тілге тиек етті.

“Былтыр анам қайтыс болды. Ана деген мәңгілік өмір сүретіндей сезінеміз. Шығармада анамды жағымсыз көрсеткендей өзімді кінәлі сезіндім. Сол кезде бүкіл кітапханалардан, кітапты алған адамдардан қайтарып алғым келді. Өртеймін деп шештім. Бірақ кейіннен ойландым, не үшін жазғаным есіме түсті. Бұл кітапты екі мақсатта жаздым. Біріншіден, жетім балалар оқыса ауыр күндер өтеді, уақыт өте келе ол да өз тағдырының қожасы болады деген іспетте, мотивация болсын деп жаздым. Екіншіден, жетім балалар асырап отырған ададар сол баланың жан-дүниесін сезінсін деген мақсатта  хатқа түсірдім. Менде осындай миссия болды. Құдай маған осындай кітап жазуға шырғалаң тағдыр берген шығар. Шығарма жазуға икем берген шығар. Демек, бұл кітап арқылы жетімтік проблемасына назар аудартқысы келген шығар. Сондықтан, анам қайтыс болғанда өртеймін деген ой болды. Бірақ кейіннен райымнан қайттым. Жалпы, жетімдік проблемасы барлық жерде, барлық ұлтта бар”, - дейді Ақберен Елгезек.

“Болмаған балалық шақ” жазылғаннан кейін әдебиетте осы жанрда шығармалар жазыла бастаған.

Автор “Болмаған балалық шақтың” жалғасы жазылмайтынын айтады.

“Осы сұрақ маған көп қойылады. Оқырмандар “одан кейін не болды?” деп сұрап жатады. Одан кейін  мен де тіршілік ағымына түсіп кеттім. Университтетте тәлім алдым. Жұмысқа тұрдық, үйлендік дегендей...Қайта-қайта өз тағдырыңды жаза берген де ыңғайсыз”, - дейді автор.

Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген әншілер ғана емес, кітап авторлары да гастролдік сапарға шығу керек деп санайды.

“Бүгінгі шараның форматы қолтаңба беру ғана. Ешқандай таныстырылым, кеш те емес. Авторды таныстырмаймыз. Бқл кітап оқырман арасына тарап кетті. Бізде де бұл шығарманың оқырманы көбейді. Кітапханада бір ғана данасы бар. Оқырмандар кезекке тұрып оқығасын, авторға қолқа салдық. Кеш үдеден шыққан сияқты. Жаңа авторға да айттым. Әншілер гастролдік сапарға шыққаны сияқты, авторларда да осындай сапарға шыққаны жөн. Ақберен соны бастап берсе деген ойдамыз. Бізде негізі кітап кеші Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентпен тоқтап қалады ғой. Ал, басқа жерлерде сусап отырған оқырман өте көп. Оқырман – санымен емес сапасымен шектеледі. Бұл кітап біраз адамға қозғау салды. Біздің менталитет үшін балалық шақ деген өміріне мән беретін ұғым. Сонымен, бұл қолтаңба кеші АНұр-Сұлтан, Семей, Қызылорда, Батыс өңіріне жылдың соңына дейін жалғасады. Біздің кітапхана сол гастролдік сапардың беташары”, - дейді кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайберген.

Жазушы, ақын Ырыбек Дәбей бұл шығарманың осыған дейін жазылған балалар әдебиетіндегі шығармалармен деңгейлес екенін айтады.

“Жалпы, адамның жастық шағы ең аяулы шағы. Мұндай шығармалар қашанда оқырманы көп болады. Мысалы, Мұстай Кәрімнің “Көкейден кетпес балалық шағы” немесе Сайын Мұратбектің “Жабайы алмасы” оқырмандар тарапынан әлі сұранысқа ие. Ақберен кітабының оқылымды болатын тағы бір себебі – тағдырлы шығарма екендігінде. Бұл кітап автордың прозадағы алғашқы қадамы. Ал енді екінші қадамы қалай болатынын уақыттың еншісінде. Мен жаңа жоғары атап кеткен балалар шығармаларымен мұның эстетикасы, көркемдігі деңгейлес. Ақберен Елгезек прозадағы қадамын осылай сәтті бастады ”, - дейді Ырысбек Дәбей.

Белгілі жазушы Өміржан Әбдіхалық қазіргіден үмітсіздік, торыққан сезім жайлаған қоғамға дәл осындай шығармалар керек деп санайды.

“Ақбереннің “Болмаған балалық шақ” деген кітабы арылу ғой. Меніңше, көп балаларға арналған шығармалар арылу үшін жазылады. Әлем әдебиетінде балалық шақ туралы осы сияқты үлкен шығармалар бар. Бұл кітапты оқи отырып Джек Лондонның “Мартин Идені” еске түседі. Бір жағынан мұны тек балаларға арналған шығарма десек қателесеміз. Біріншіден, жаңа айтып өткенімдей бұл арылу, екіншіден, арылған адам күш-қуаттанады. Рухани күш-жігер алып, өмірге деген құлшынысы артады. Ақбереннің өмірін оқып отырсаң ол Мартин Иденге ұқсайды. Сол шығармадағы оқиғалар көз алдыңа келеді. Сондықтан, оны балаларға арналған шығарма емес, жазушының өз өмірінен алып жазған мемуар деп қарау керек. Мемуар шығармалардың оқырманы әрқашан да көп, өтімді болады.  Ондай болатын себебі, әр адам өмірбақи өзінің балалалық шағына қайта айналып соғып отырады. Адамның балалық шағы – өмірінің бастауы, негізгі энергияның көзі. Ұлы режиссерлер, ақын-жазушылар, суретшілердің ең жақсы шығармалары – балалық шағындағы естеліктері. Сол кейін дамиды, тарау-тарауға ұласады. Сондықтан, Ақберен Елгезек мұнымен тоқтап қалмай жылдар өткен сайын тағы бір осы іспеттес шығармасы жазылады деп ойлаймын. “Мартин Иденді” оқысаң адамға қандай күш-қуат береді. Ақбереннің бұл шығармасы да оқырманға рух береді. Адамды қанаттандырады. Сілкіндіреді. Себебі әрі адам балалық шағын басынан өткереді және содан арылады. Бұл кітаптың қолдан-қолдан өтіп оқылып жатқыны сондықтан. Болашақта Ақберен тағы да проза жазады. “Болмаған балалық шақ” солардың іргетасы болды”, - дейді Өміржан Әбдіхалықұлы.

Кеш соңы автордың оқырмандарға қолтаңба беруіне ұласты

Айта кетейік, “Болмаған балалық шақ” шығармасы 2020 жылы жарық көрді. Былтыр 14 наурыз күні сағат 15.00 де Алматы қаласындағы “Атакент молл” сауда үйінде тұсаукесер рәсімі өту керек болған еді, алайда карантинге байланысты  өтпей қалды.

Т. Раушанұлы