"Қасіретті жылдар – қасиетті жырлар" байқауы мәресіне жетті

"Қасіретті жылдар – қасиетті жырлар" байқауы мәресіне жетті

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі қолдауымен "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КеАҚ үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грантының "Тарих ақтаңдақтары" саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жобасы" аясында "Салауат" Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 2021 жылдың 7-8 қазан күндері аралығында Семей қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған республикалық ақындар мүшәйрасы өтті.

Республикалық мүшәйраға жиналған жас ақындар  шараны Ұлы Абайдың жеріне сапардан бастады. "Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына" жасаған экскурсия жас ақындарға байқау алдында ерекше серпіліс берді.

"Қасіретті жылдар – қасиетті жырлар" атты мүшәйраға еліміздің 17 өңірінен жиналған 25 жас ақын Әлихан Бөкейхан университетінің Алаш қайраткерлері білім алған ғимаратында бақ сынасты. Еліміздің тәуелсіздігін жүрекжарды жырларына қосқан ақындардың тартысты байқауы жиналған қауым мен қазылар алқасын тәнті етті. Шын мықтыны анықтау жауапкершілігі белгілі ақындардан жиналған қазылыр алқасына жүктелді.

Мүшәйра нәтижесі бойынша Қостанай облысының ақыны Жадырасын Дәулет І орынды иеленді.  Түркістан облысының атынан келген Досжанова Рысгүл ІІ орынға тоқтаса, үздік үштік тізімін Талдықорған қаласының намысын қорғауға келген Төлеу Айнұр қорытындылады. Кіл мықтының ішінен оқ бойы озып шыққан үш ақын қаржылай сыйға ие болды. Байқауға қатысқан барлық ақындар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Т. Раушанұлы