Күйші, сыншы және жазушы Таласбек Әсемқұлов туралы 15 дерек

Таласбек Әсемқұлов – жазушы, сыншы, мифолог, кинодраматург, күйші. 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы "Ақтоғай" теміржол стансасында дүниеге келген. Бүгін қазақ сынына тың өзгерістер әкелген сыншы, жазушы Таласбек Әсемқұловтың туған күні. Көзі тірі болғанда қаламгер 63 жасқа келер еді. Назарларыңызға жазушы жайлы 15 дерек ұсынамыз.

1. Таласбек 17 жасында бүкілодақтық "Мелодия" фирмасында "Байжігіттің күйлері" атты жеке дискін жазды;

2. Таласбек Ықылас атындағы Республикалық ұлт аспаптары мұражайының іргесін қалаушыларының бірі;

3. "Қазақтың 1000 күйі" (2010) антологиясына Таласбектің орындауындағы 30-дан астам күй енген. Демек қазақ күй өнерінің 3 пайызы Таласбектің арқасында сақталды;

4. Таласбек Алматыда 27 жыл бойы баспанасыз тұрды, алғаш пәтерін 2000 жылы сатып алды;

5. Таласбектің авторлық 8 күйі бар: "Аққозым", "Азапкер", "Тәттімбет сері", "Қара өткел", "Кемеңгер", "Жеңеше", "Еңлік", "Әбікенді жұбату";

6. Таласбек Францияда 2010 жылы шыққан "Қазақ домбырасы" атты CD-альбомына орындаушы және құрастырушы ретінде қатысқан;

7. Таласбек Югославия (1982, "Сазген" ансамблінің құрамында) және Францияда (2004, Дүниежүзілік музыка мәдениеттерінің фестивалі) өнерін көрсеткен;

8. Таласбек шапқан домбыралармен 1980-ші жылдары Жанібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев сынды өнерпаздар сахнаға шығатын;

9. Таласбектің орындаған күйлердің негізінде 5 мультфильм түсірілді;

10. Таласбек Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған "Қазіргі заманғы Қазақстан романы" байқауының жеңімпазы (2003);

11. Таласбектің көзі тірісінде шыққан жалғыз кітабы − "Талтүс" романы, Сорос қоры қаржыландырды. "Талтүс" 2019 жылы АҚШ-та басылып шықты. Бұл қазақ жазушының батыста Қазақстанның қаражаты шығындалмай шыққан алғашқы кітабы. Американдық сыншы Тимоти Уолш "Әсемқұловтың романы әлем әдебиеті тарихында музыка туралы жазылған ең жақсы романдардың бірі" деп баға берді;

12 Таласбек "Біржан сал" және "Құнанбай" фильмдеріне сценарий жазды, әзірге түсірілмеген 4 киносценарийі бар;

13. Таласбек Оңтүстік Кореяда 2011 ж. халықаралық сценарий байқауының жеңімпазы;

14. Таласбек "Құнанбай" фильмінің сценарийі үшін "Тұлпар" ұлттық кинобайқауының 2016 жылдың жеңімпазы атанды. Фильм ҚР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды;

15. Таласбек қайтыс болғаннан кейін оның 73 күй қамтыған CD-альбомын және 10-томдық жинағын құрастырылды, 5 томы баспадан шықты.