Жеті ғашық жайлы не білеміз?

Жеті ғашық жайлы не білеміз?

Қазақта жеті саны қасиетті саналатыны белгілі. Жеті ата, жеті қазына деп жатамыз. Сондай қасиетті атаудың бірі – жеті ғашық. Сонау шығыс халқынан бастау алған ғашықтық хикая қазақ даласына да жетіп, ғашықтық дастандар деген бөлек атау алды. Егер Еуропада "Ромео мен Джульеттаның" махаббаты аңыз боп айтылса, қазақ жерінде "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" аңызымен бірге шығыс мәдениетінен келген "Ләйлі мен Мәжнүн" дастаны өнеге боп айтылды.

Қазақ даласында тараған жеті ғашық мыналар: Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиқа, Фархад – Шырын, Таһир – Зуһра, Арзу – Қамбар, Уәлік – Ғафра, Уәки – Күлшай.

Ал кей деректерде жеті ғашықтың нұсқасы былай беріледі: Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиқа, Фархад – Шырын, Баһрам – Күләнда, Сейпілмәлік – Жамал, Бозжігіт – Анула (кей нұсқаларда Қарашаш), Зияда – Хорлы (Хорлы – Ғайым).

Бір айта кетерлігі, шығыстың ғашықтық дастандары қазақ жерінде өзгеше сарынмен, бөлек мотивпен жырланған. Сондықтан шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дастандары десек болады.

Ләйлі мен Мәжнүн

Ләйлі мен Мәжнүн хикаясы – шығыс халықтары арасында ең кең таралған ғашықтық қиссасы. Араб елінде VII-VIII ғасырда Каис ибн Муад есімді ақын өмір сүрген. Соның махаббатын жырлайтын дастан.

Оқиға былай болған. Араб жерінде бір перзентке зар болған дәулеті асқан бір бай Алладан жатса-тұрса бала сұрайды. Тілегі қабыл болып, бір ұл көреді. Есімін Қайыс деп қояды. Бірақ сәби өмірге келгенімен, күндіз-түні жылаы береді. Бірақ Ләйлі есімді сәбиді көргенде жылағанын қояды.

Қайыс пен Ләйлі бала кезінде-ақ бір-бірін көрсе ғана уанып, бірге өседі. Он жасында екеуі бір молдаға мектепке барып, сол жерде күнде кездесіп жүріп, ғашықтықтың торына шырмалады. Қыздың анасы елдің қауесет сөзінен қорқып, Ләйліні үйінен шығармай қояды. Қызды көрмесе тұра алмайтын халге жеткен Қайыс есінен танып, ақылынан адасады.

Әкесі жынды адамға қызымды бермеймін деп қызы Ләйліні бөтен біреуге тұрмысқа беріп жібереді. Мұны естіген ғашық жігіт жапан түзді кезіп кетеді. Сөйтіп Қайыс "Мәжнүн" аталады. Елден жырақ кеткен Мәжнүннің көкірегі толған ащы шерді ұшқан құс пен жортқан аңнан басқа ешбір жан түсінбейді.

Ең сұмдығы да сол – Ләйлі де қосылған жарымен бақытты ғұмыр кеше алмай, Қайысты аңдап, құсадан қайтыс болады.

Жүсіп – Зылиқа

Бұл – Жүсіп пайғамбардың ғашықтық хикаясын жырлайтын дастан. Жүсіп пайғамбардың Құрандағы оқиғасын бәріміз білетін болармыз. Жер бетіндегі ең сұлу пайғамбар дәл осы Жүсіп болған деседі.

Жүсіптің дастандағы оқиғасы мынандай. Бір әкеден 12 бауыр тараған Жүсіп ең кенжесі болады. Жүсіптің бір қасиеті – түс көретіні. Түсінде іс көретін Жүсіп 11 бауырының өзіне бас иегенін көріп, мұны бауырларына айтады. Мұны көре алмаған ағалары Жүсіпті құлдыққа беріп тынады.

Жүсіпті құлдық Мысыр билеушілерінің бірі сатып алады. Ол – патшаның уәзірі әрі қазына басшысы болатын. Жас жігітті құлдыққа сатып алып, қызы Зылихаға тапсырады. Жүсіп пен Зылиха үйленіп, он екі ұл көреді.

Бұл оқиға Құран Кәрімде де айтылған деседі. Бірақ мұнда қос ғашықтың бір-біріне үйленгені жайлы сөз жоқ. Бірақ оқиғаның Мысыр жері екені айтылған. Зылиха аты аталмаған, тек әйел деп жазылған. Тәпсірлерде ол әйелді патша уәзірінің әйелі деп жазылған.

Фархад – Шырын

Бұл қос ғашықтың оқиғасы мынадай. Иран елінде бір қарт патша болыпты. Оның Хұсрау деген жалғыз ұлы бар екен. Хұсрау көп оқып, ер жетіп, әдепті жігіт болады.

Хұсрау әділ тапша Мехинбау мен оның сұлу жиені Шырын жайлы әңгімелерді естіп жүріп, Шырынға сырттай ғашық боп қалады. Ақыр соңы екеуі Арменияда кездесіп, Шырын да оған ғашық болады. Екі ғашық екі елдің шекарасында кездеседі.

Бірақ осы сәтте Хұсраудың әкесі қайтыс болады да, еліне қайтуға тура келеді. Алайда еліне оралғанымен, әкесінің тағына отыра алмай, қысым көреді. Содан Шырынның еліне – Арменияға қайтуға тура келеді. Шырын тойға асықпау керегін айтып, жігітке алдымен Иран тағын қайтарып ал деп кеңес береді. Содан Хұсрау жәрдем алу үшін Римге (Византия) барып, Рим патшасынан әскер алады әрі оның қызы Мариямға үйленіп қайтады.

Хұсрау әкесінің тағына отырған кезде Мехинбану дүниеден өтіп, патша тағына Шырын отырады. Шырын мемлекетті әділдікпен, білгірлікпен басқарады. Қалалар бұрынғыдан да гүлдене түседі. Елдің дәулеті артады.

Патша Шырын сол кезде Фархад деген атақты ұста жігітті шақырып, шөл-даланы суландыратын каналдар қаздырады. Сөйтіп жүргенде Фархад Шырынға ғашық болып қалады. Бұған қатты ашуланған Хұсрау қалайда Фархадты құртпақ болады.

Сөйтіп Бесотан тауынан жарып жол салып жатқан Фархадқа Хұсрау Шырын өлді деген хабар жеткізеді. Бұған шыдай алмай Фархад өзін-өзі өлтіреді.

Таһир – Зуһра

Таһир мен Зуһраның ғашықтық хикаясы да басқа лирикалық дастандарға ұқсас. Екеуі де тағдырдың кесірінен қосыла алмай, дұшпандарының кесірінен қаза табады.

Ғашықтық оқиғаның желісі мынадай. Шығыста бір патша мен уәзірі өмір сүріпті. Бірақ екеуінде де бала болмайды. Бір күні екеуі алып бау-бақтың ішінде бір ақсақалға жолығып, жағдайын баяндайды. Ақсақал екі алманы беріп, әйелдеріне жегізуді өтінеді. Әрі қыз бен ұл дүниеге келсе, ұлға Таһир деп, ал қызға Зуһра деп ат қоюын әрі бесік құда болуын өсиет етеді.

Содан патшаның да, уәзірдің де әйелі өмірге сәби әкеледі. Бірақ патша ұлды қалаған екен. Дүниеге келген қыз баланы өлтіруді бұйрық етеді. Ал уәзірдің отбасында ұл дүниеге келеді. Бірақ уәзір бұған қатты қуанып, аттан құлап мерт болады. Содан Таһир аш-жалаңаш өмір сүреді.

Патша қыз баланы өлтір деп бұйрық бергенімен, сарай қызметшілері сәбиді аман алып қалады. Кейін қызының дін-аман екенін білген патша оны қуана-қуана қарсы алады.

Таһир алаңсыз жүргенде, аяқ астынан оған атастырған қыз барын, есімі Зуһра екенін біліп тағат таппай кетеді. Ақыры Зухраны тауып алады. Бірге мектепте оқиды. Аш-жалаңаш Таһирге қызын бергісі келмеген патша ұлды сандыққа байлап салып, өзенге ағызып жібереді. Бірақ тірі қалады. Оны тауып алған басқа патшалықтың қызына үйленіп, сонда қалады.

Зухра да амалсыздан еліндегі бір байға тұрмысқа шығады. Бірақ бір күні түс көріп, Таһирдің тірі екеніне көзі жетеді. Ауыл-аймаққа адам салып, хабар жібереді. Мұны естіген Таһир де, әйеліне бар шындықты айтып, Зухраны іздеуге кетеді.

Бұдан хабардар болған Зухраның ері Таһирді ұстап алып өлтіреді. Қайғылы хабарды естіген Зухра жасырынып барып, Таһирдің қабірінің басына келіп өзіне пышақ салып өледі.

Қ. Слямбек