Мұқағали жырға қосқан Шәміл кім еді?

Мұқағали жырға қосқан Шәміл кім еді?

Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Мұқағали

Өткен ғасырдың 60-жылдарында қазақ әдебиетіне келген таланттар туралы айтқанда көз алдыңа Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов, Т.Бердияров, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, Ш.Мұртаза, М.Мақатаев, Ж.Молдағалиев, М.Мағауин, Қ.Мырза-Әлі, С.Мұратбеков, Т.Нұрмағамбетов, Қ.Жұмаділов, О.Бөкеев, Т.Әбдік, Д.Исабеков, Ө.Нұрғалиев, Ж.Нәжімеденов, Б.Соқпақбаев, С.Бердіқұлов, С.Бақбергенов, Ә.Әлімжанов, Т.Молдағалиев т.б қаламгерлер келеді. Шығармашылығынан бөлек олар арасындағы әңгіме, ізінен ерген аңыздардың өзі бір төбе. Кейіннен бұл туралы Қадыр ақынның "Иірім" атты кітабы да жарық көрді. Бүгін біз "Шәміл-ау, қалың достан қалған сен ең" деп жырлаған Мұқағалидің досы – Шәміл туралы сөз ететін боламыз.

Шәміл деген кім?

Шәміл Мұхамеджанов – 1931 жылдың 16 қазанында Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Торғай ауылында туған. 1956 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

"Жұлдыз" журналында, көп жыл бойы "Жазушы" баспасында қызмет істеген. Алғашқы топтама өлеңі жас ақындардың "Жас қанат" жинағында 1959 жылы басылған. Бүдан кейінгі жылдары ақын қаламынан оннан астам өлең-дастан жинақтары, балаларға арналған кітапшалары дүниеге келді. Аударма саласында М.Лермонтовтың, Я.Райнестің, Л.Украинканың, Т. Шевченконың, Р.Ғамзатовтың, Я.Смеляковтің, т.б. шығармаларын тәржімалауға қатысты. 1980 жылы дүниеден озды.

Қазақтың марғасқалары М.Мақатаев, Ә.Дүйсенбиев, Е. Ибраһим, Ғ. Қайырбековтермен тығыз шығармашылық байланыста болған Шәміл ылғи да өлеңдерінің соңына Шамиль деп қол қояды екен.

Шәміл ақын өлең өлкесінің табалдырығын аттағанда өзгелердей емес, көлемді поэма жазып келген. Оның “Жас қанат” атты поэмасы сол кездегі әдеби ортаны дүр сілкіндірген. Кейіннен де оның қаламынан туған “Қошалақ”, “Сөнбес махаббат поэмалары” көпшілік оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. 

Мұқағали мен Шәмілдің таныстығы 

Мұқағали мен Шәмілдің таныстығы да қызық. Бірде әзіл-қалжыңы жарасқан Әнуарбек Дүйсенбиев пен Мұқағали Мақатаев сөзге келіп қалады. Мұқағалидың сойыл сөздерді сілтеп бет қаратпай бара жатқан кезде, Әнуарбек:

– Сен осымен қоя қой, әйтпесе Шәміл ағама айтып сабатып аламын! - депті.

Мұқағали сабасына түсіп, “еңгезердей” Шәмілді көргісі келіп жүреді. Сөйтсе, ол тым нәзік, бойы сырықтай, қолдары нәзік шыбықтай жігіт екен. Алданғанын сонда біледі. Осыдан соң Шәміл екеуі тез тіл табысып кеткен екен.

Осы таныстық, әдеби байланыс екі ақынның өмірінің соңын дейін жалғасты. Күрең күндердің көлеңкесінде қалып, жалғыздықтан жабырқаған шақта екі дос бір-бірін іздеп тұрды. 

Шәмілді Шәміл Әбілтаевпен шатастыратындар бар

Мұқағалидің "Менің анкетам"  өлеңі:

 Туған жерің?

— Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.

— Туған жылың?

— 1931. Құрдасымын Шәмілдің", - деп басталады.  Осы Шәміл есімі ақынның "Шәмілге жазған хаттардан" сияқты бірнеше өліңінде кездеседі.  Көпшілік оқырман бұл өлеңдегі Шәмілді Шәмшімен немесе Шәміл Әбілтаевпен шатастырады. Мұқаң бұл екі композиторға құрдас емес. Себебі Шәмші 1930 жылы, Шәміл Әбілтаев болса, 1948 жылы туған. Өлеңде айтылатын “құрдас” – белгілі ақын Шәміл Мұхамеджанов. 

Әзілі жарасқан екі дос бір-бірін аз жырға қоспаған. 

“Құрбымен талай тел өстім,
Талаймен дос боп кеңестім.
Сатса да мені баз бірі,
Мен бірін сатқан емеспін”, - десе, Мұқағали да қамығып жүрген кездерінде:

“Шәміл-ау!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?”, - деп досына мұң шағады.

***

Мұқағалидың мезгілсіз бақиға аттануы Шәміл досына тіпті ауыр тиген.

“Мұқаң төсек тартып жатқанда үйге еңіреп келіп, қазақ ұлы ақынынан айрылып қаларын білмей жүр деп, қатты қиналды. Көп ұзамай Мұқаң бақилық болғанда тіптен ішқұса боп теріс қарап жатып алды. Содан көп ұзамай, төрт жылдан кейін өмірден өзі де өтті ғой”, – деп еске алады жары.

Небәрі 49 жыл ғұмыр кешкен Шәміл ақын артына 10-нан астам кітап қалдырыпты. Оның таланты ақын досы Мұқағалидан кем түспеген. Нағыз дос туралы атақты философ Шопенгауер: "Нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза және адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досыңыздың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу  деген сөз.  Осының бәрі адамның табиғи өзімшілдік, өркөкіректік қасиеттерін жояды", - дейді. Мұқағалидың "Шәміл-ау, қалың достан қалған сен ең" деуінің өзі екеуінің арасындағы достықтың қаншалықты шынайы болғанын көрсетсе керек.

Т. Раушанұлы