Әйелдер жайлы 5 детектив триллер

Детектив, триллер, хоррор немесе қатыгездік пен опасыздыққа толы романдардың басты кейіпкері әдетте ер азаматтар болады. Әйел адам образы нәзіктікпен, махаббатпен және мейіріммен астасатыны анық. Бірақ дегенінен қайтпайтын, өзінікін дәлелдеу үшін тәуекелге бел буған, тіпті жауыздыққа дайын әйел адамдар туралы туындылар көбейсе ше? Бүгін назарыңызға бас кейіпкері әйел детектив романдарды ұсынамыз.

"Мен сені көріп тұрмын" / "Я слежу за тобой"
Тереза Дрисколл

Тереза Дрисколл біраз жыл бойы BBC арнасының жаңалықтар бөлімінде қызмет еткен. Британияның криминалға толы өмірі ол үшін таңсық нәрсе емесі анық. Ағылшын журналисі кейін публицистикаға өтіп, өз шығармашылығымен айналыса бастады. Кейін романдар да жазуды қолға алды. Бірақ барлық атақ-даңқ 2017 жылы психологиялық прозадан детектив триллерге өткенде ғана келді.  Оның "Мен сені көріп тұрмын" (I’m watching you) атты романы алғашқы айда-ақ Англия, Аустралия, АҚШ елдерінде бестселлер атанды.

Роман сюжеті бойынша Элла Лонгфилд мына жағдайдың куәгері болады: пойызда екі жігіт жас қыздармен танысады. Әңгіме барысында олардың түрмеден енді ғана шыққаны анықталады. Бірақ қыздарды бұл ақпарат таңғалдыра қоймайды. Келесі күні Элла кездейсоқ танысқан жолсеріктің бірі жоғалып кетеді. Әрине, бұл жерде бір гәп барын сезген ол әрекет етуге бел буады. Бірақ белгісіз біреулер оған қоқаң-лоқы көрсетіп, хат қалдырып кетеді.  

"Жабық есік артында" / "За закрытой дверью"
Бернадетт Энн Пэрис

Грейс пен Джек  бір қарағанда өте жарасымды жұп: әрдайым бір-бірінің жанынан табылады, сымбатты әрі ауқатты. Бірақ Грейс күйеуінсіз есіктен аттап та шықпайды. Уақыт өте тек достарымен ғана емес, туыстарымен де байланыс үзеді. 

Бернадетт Энн Пэрис кітабында тек түрлі құпияға толы оқиғаны баяндап қоймай, адам өзгелердің ойлауына қалай әсер ететінін, оның санасын басқара алатындай күйге жететінін көрсетеді. Джек те әйелін өзінің жекеменшік "затына" айналдырып алады: оның телефонын, кітап, кредит картасын тартып алып, оны торлы терезесі ғана бар бөлмеге қамап қояды. Бұндай адамнан қашқан дұрыс деп ойлайсыз ғой. Дегенмен, барлық адамда қарсы тұруға жетерлік күш болмайды – амалсыз құрбан болу рөлін таңдайды. 

"Ғайып болған" / "Исчезнувшая"
Гиллиан Флинн

Бұл роман алдында Гиллиан Флинн бірнеше бестселлерді өмірге әкелген болатын: "Өткір заттар" (Острые предметы) және "Қараңғы аймақ" (Темные места). Дегенмен экранизацияланған романы автордың еңбек жолындағы үлкен жетістігі болды. Бұл кітаптың жазылуына құрсақтағы сәбиімен бірге өз күйеуінің қолынан қаза тапқан америкалық әйел Лачи Петерсонның оқиғасы себеп болған. Аты шулы қылмыс АҚШ аймағында біразға дейін қорқынышпен талқынған болатын. Флиннің өзі сұхбаттарында "Ғайып болған" романындағы екі бас кейіпкерінен де өз болмысына тән қасиеттерді көретінін айтқан еді. Бас кейіпкер Ник Дан сияқты мазасыз екенін және бір кездері жұмыстан босатылғанын айтса, өз өліміне жұртты сендірген Эми секілді Флинн өзінің бойынан батылдықты, жігерді байқаған.

"Терезедегі әйел" / "Женщина в окне"
А. Дж. Финн

А. Дж. Финн – америкалық автор Дэниэль Мэллоридің лақапаты. Ол William Morrow, HarperCollins басылымдарының директоры. "Терезедегі әйел" — оның алғашқы романы. Бірнеше тілге аударылып, халықаралық бестселлер атанған кітап балалар психологының басынан кешкенін баяндайды. Бас кейіпкер Анна Фокс агорафобиямен ауырады, сол себепті үйінен аттап шықпайды. Үйде интернетте отырады, ескі фильмдерді қайталап көреді және көршілерін бақылаумен болады. Бір күні ол жай бақылаймын деп, қылмыс куәгері атанады. Қанша жерден шырылдаса да, заң қызметкерлері бұның сөзін елемей қояды. Соңында қылмысерді өзі табуға шешім қабылдайды.

"Пойыздағы бойжеткен" / "Девушка в поезде"
Пола Хокинс

Пола Хокинс бір-ақ таңда танымал болып оянды. Бірақ, оған дейін ол журналист ретінде қызмет етті, лақапатпен бірнеше кітап жариялады. Бәрі сәтсіз аяқталғаннан кейін ол детективті триллер "Пойыздағы бойжеткенді" жарыққа шығарды. Жылға жетер жетпес уақытта кітап миллиондаған тиражбен сатылды. Авторға танымалдық сыйлаған романның бас кейіпкері Рейчел күн сайын бір жолмен пойызбен әрі-бері жүреді. Өткен сайын бейтаныс бойжеткеннің өмірін сырттай бақылайды. Жұбымен бірге кешіп жатқан бақытты өміріне тамсанбай қоймайды. Бір күні екеуінің арасындағы жанжалдың куәгері болады, ал келесі күні бойжеткен жоғалып кетеді де, орнына өзге әйел келгеніне куәгер болады. Өз өміріндегі қиын сәттерді бастан кешіп жатқан Рейчел бейтаныс жандардың өмірінде не болып жатқанын түсіну үшін сол күні пойыздан түсіп қалады.