Ақын Әділет Ахметұлының "Жұмжұма сұлтан" атты кітабы жарыққа шықты

Талантты ақын Әділет Ахметұлының "Жұмжұма сұлтан" атты кітабы жарыққа шықты.

XIV ғасырда өмір сүрген Хұсам Кәтибтің туған және қаза тапқан жылдары туралы ғылымда нақты ақпараттар жоқтың қасы. Хұсам Кәтиб – Алтын Орда дәуіріндегі түркі әдебиетінің көрнекті өкілі және "Қисса-и ЖұмЖұма Сұлтан" ("ЖұмЖұма сұлтан туралы әңгіме") атты дастанының авторы.

Кәтибтің қаламынан туындаған поэмасы hижра жылы бойынша 770 жылы, XIV ғасырда (1368-1369) жылдары түркі тіліндегі қыпшақ диалектісінде жазылған.

Зерттеушілердің ғылыми тұжырымдары бойынша бұл дастанды XII ғасырда өмір сүрген Фарид ад-дин Аттардың "ЖұмЖұма-нама" атты шығармасының негізінде парсы тілінен еркін түрде аударып түрік тілінде жарыққа шығарған.

Бұл дастанға інжіл (киелі кітап) мен Құрандағы дене мен жанның дауы арқау болған. Хұсан Кәтибтің "Қисса-и ЖұмЖұма Сұлтан" атты поэмасы үлкен қызығушылықты танытатын түркі-қыпшақ поэзиясының маңызды ескерткіші және XIV ғасырдағы "Алтын Орда" немесе "Қыпшақ" әдебиетінің бірден-бір түркі дәуіріне жататын дастаны саналады.

"Жұмжұма сұлтан" – Алтын Орда әдеби мұраларындағы шоқтығы биік, кесек туынды. Соны нәзиралық (қайталай жырлау) дәстүрімен қазіргі қазақ тіліне аударып, көркем поэзия үлгісінде кітап етіп шығардым. Бұл өзі кішкентай кітап. Бірақ салмағы ауыр мұра. Кітапқа өзге бірнеше поэма, өлеңдерім енді. Бұл еңбегімізді Алтын Орданың 750 жылына және Алтын Орда мұрагері – сіздерге арнаймын!" , - дейді автор.

Күллі түрік жұртына ортақ, тіптен әлемдік деңгейдегі әдеби туындының бірі атанған осы дастанды Әділет Ахметұлы нәзиралық дәстүрмен қайтадан жырлап, кітап етіп шығарыпты.

30-қараша күні Алматыдағы "Ғылым Ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханада онлайн-офлайн форматта бұл кітаптың тұсауы кесіліп, ақынның "Алтын орда аманаты" атты шығармашылық кеші өтеді.

Айта кетейік, Әділет Ахметұлы – 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.  2012 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, Шынжаңдағы "Мұра" журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы Атажұртқа оралған.  Қытайдағы және еліміздегі мерзімді басылымдарда шығармалары жарияланып тұрады. Бірнеше реткі республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. "Әділет" аттым өлеңдер жинағының авторы.