Балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлері қазақ тіліне аударылады

Балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлері қазақ тіліне аударылады
Фото: azh.kz

Балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлері қазақшаға аударылады. Бұл туралы Ақордада өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Massaget.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

"Күні кеше Ұлттық сенім кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: "...мектеп жасындағы балаларды кітап оқу әдетіне үйрету" қажеттігін баса айтты. Сондықтан, біздің министрліктің бастамасымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қатысуымен балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлерінің тізімі жасалып, ішкі қаржылық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, аударманың аудио электрондық нұсқасын жасау туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта оларды басып шығару мәселесі бойынша Білім және ғылым министрлігі өз үлесін қосады деген сенімдеміз", - деді министр.

Оның атап өтуінше, бұл жұмыстардың барлығы – ел ішінде, әсіресе, балалар мен жастардың арасында рухани-адамгершілік тәрбие жүйесін жүзеге асырудың біртұтас жол картасын қалыптастырып, бірнеше мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуымен іске асыруды көздейді.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында "Рухани жаңғыру" бағдарламасын одан әрі тереңдетіп Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы Жол картасын жасау қажет деген шешім қабылданды. Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.

Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қалады.

Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Білім және ғылымды дамыту, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты т.б кешенді іс-шаралар қамтылады.

Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Қ. Слямбек