Абай шығармашылығы әлем тілдеріне аударылды

Елімізде ақын, ойшыл Һәкім Абайдың 175 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып келеді. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 175 жылдығына орай "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласын жариялады. Онда мемлекет басшысы "Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы" деген еді. Абай мерейтойына орай оның шығармашылығы насихатталып, әлемнің он тіліне аударылу жоспарланған болатын.

Ел президентінің бастамасымен Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның шығармалары әлімнің он тіліне атап айтсақ, жапон, француз, ағылшын, испан, итальян, неміс, қытай, араб, орыс, түрік тілдеріне  аударылды. Оның ішінде жапон тіліне алғаш тәржімаланып отыр. Ал ХХ ғасырдың басында-ақ Абай өлеңдері аударылған болса да, жаңа жинаққа оның қара сөздері мен 3 поэмасы және бірқатар өлеңдері аудармашы Михаил Синельниковтің тәржімалауымен қайта жарық көрді. Жинаққа Абайдың 145 өлеңі, 45 қара сөзі және 3 поэмасы енген.

Абай шығармаларының дұрыс аударылуына Әсия Бағдәулетқызы, тарихшы, әдебиеттанушы Зифа Әуезова, аудармашы, журналист Роза Құдабаева, абайтанушы-ғалым Гүлзия Қамбарбаева, аудармашылар Миргүл Қали мен Гаухар Халық қатысты. Ақын өлеңдерінің көркем аудармасын жасау танымал британ ақыны, профессор Шон О'Брайенға, ал қара сөздерін аудару шотландық ақын әрі жазушы, профессор Джон Бернсайд сынды тәжібиелі мамандар атсалысқан.

Абай шығармаларын бастырып шығару әр елдегі беделді ұйымдарға тапсырылған. Мысалы, ақын өлеңдерін испан тіліне аударып, таратуға Сервантес инстуты, италиян тіліне Gruppo Mondadori, француз тіліне Editions Gallimard баспа үйі, араб тіліне ALECSO баспа үйі, неміс тіліне аудару және басып таратуға Alles Druckbar баспасы, жапон тіліне Ханаденша (株式会社花伝社) баспасы, түрік тіліне  түрік әдебиеті қорының баспасы (Türk Edebiyati Vakfi), орыс тіліне Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі жауапты болды.

Шет тілдерде басылып шығатын Абай шығармаларының мұқабасы

Жинақтың барлық тілдегі форматы мен мұқабасы бірдей болмақ. Мұқаба суретінің авторы – танымал суретші Дәурен Қастеев (Әбілхан Қастеевтің немересі).

Абай шығармасының әр тілдегі жинағы 3 мың данамен басылған. Олар әлемнің түкпір-түкпіріндегі жүздеген кітапханаға таратылады.

Бұдан бөлек ақынның мереойтоына орай 10 томдық шығармалар жинағын "Халықаралық Абай клубы" ағылшын, француз, неміс, орыс тілдерінде басып шығарды.

Алдағы уақытта Абайдың бір том шығармалары АҚШ-тың әйгілі баспасы Amazon-нан жарық көрмек.