Тілек Ырысбек: "Менің поэзиям Шинжияң мен Дюшанға жақын"

Тілек Ырысбек: "Менің поэзиям Шинжияң мен Дюшанға жақын"
Фото: Жеке мұрағатынан

Қазіргі жастар арасында ақындығымен де аудармашылығымен де танылып жүрген жас әдебиетшілер аз емес. Соның бірі ақын әрі  аудармашы – Тілек Ырысбек. Ол қазақ тіліне әлем әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар Хулио Кортасар, Сэмюэль Беккет, Томас Элиот секілді т.б батыс авторларының шығармаларын тәржімалаған. Тілектің шығармалары Республикалық БАҚ беттерінде жарияланып жүр. Тілекпен шығармашылығы және қазіргі жастар әдебиетінің жай-күйі туралы сөйлескенді жөн көрдік.

***

–  "Айнаға қараймын айналар ішінен,
Айналар ішінде ағарған шашым бар...
Мен ештеңе ойлаған жоқпын" - деп жазатын ақын Тілек бүгінде не ойлап жүр?

– Теориялық постмодерннің негізігі өкілдері саналатын бірақ өздерін постмодернист ретінде мойындамайтын Ролан Барт, Мишель Фуко, Жан-Франсуа Лиотар, Жил Делөз, Жак Деррида, Жан Бодриар секілді біршама структуралистер мен постструктуралистердің жекелеген еңбектерімен қатар, поэзиядағы өз комплекстерімнің терезелерін ашудамын. Маған сананың бейсаналық ағыны қызық. Маған Марсель Дюшанның эстетикаға деген көзқарасы қызық. Біз өнер дегеніміз не, суреткердің шығармашылығы мен данышпандығы не деген сауалдарға әлі тұйықталумен келеміз. Қиялдағы шындықпен өмір сүреміз, біз өнердің мекен-жайын ғана іздеп жүрген секілдіміз. Қылмыскер түрмеде немесе өліктер молада ғана болмайды.  Өнер де сол секілді барлық жерде бар. Мені толғандыратын ой осы.

–  "Мен дәстүрлі қазақ поэзиясын импрессионистік поэзия деп атар едім. Сезімдерді құбылтып бояу, жарықтан көлеңке іздеу, сөздерден кемпірқосақ жасау. Ал басқа тілге аударылатын болса, баттасқан қалың бояуы өшеді де, алдымызда әппақ кенеп қана қалады" дейсің. Шынында қазақ позиясы сөзді түрлендіруге құмар, кейде ақындар сөзбен сурет саламын деп айтар ойынан жаңылысып қалып жатады. Қазіргі жастар поэзиясы қалай, қай бағытта өрбіп келеді?

– Менің жеке пайымдауымша қазақ поэзиясындағы күңгірт өлең авторлары психоаналитикалық талдауға мұқтаж. Мені дәл қазір концептуалистік поэзия көбірек қызықтыратын секілді. Біз дәстүр мен дәстүрдің айырмашылығын ажырата алмай жүрміз.

– Мартин Хайдеггердің "Дүниеде бар болу аз. Дүниедегі хайуанның болмысы барлығында ғана. Ол одан әрі болмыс жасай алмайды. Адамзат үшін бұл аз, адам бар болумен шектелмеуі керек" деген ойларды айтады. Осы жолда поэзияның жалпы өнердің алатын орны бар ма?

– Бәрі болмыстың ақиқатына келіп тіреледі. Хайдеггер оны поэзияда ғана көрініс табатынын айтып, бізді Тракльдың өлеңдерін оқуға шақырады. Ал философия адам білмегенді білмейді екен. Бары сол.  

–  Жалпы, сен қазір аударма жасап жүрген аз әдебиетшілердің бірісің. Бізде аударманың стандарты қандай? Аударманы түсініп аударған маңызды. Себебі оның ар жағында белгілі бір аңызға сілтеме, Інжілге гиппертекст жатады. Кейде аты дардай шығарманың аудармасын оқып қарның ашып қалады. Қазақ тіліне аударылып жүрген шығармаларға немесе аудармашыларға қазір не жетпейді?

– Аудармашыларға шығармада сөзден бөлек әлдененінің барын сезіну және соны шығармаға бере алу шеберлігі жетіспейтін секілді. Шығармада тек сөз ғана болады деп түсіну қателік. Мәселен, Боб Диланды аудару үшін сен әуелі жүйені де аударуға септесуің керек,  ал сен керісінше сол жүйенің бір мүшесі болсаң, онда ол - булшит.

– Әр қаламгердің әр түрлі жазу стилі бар. Мысалы, Мүсірепов түрегеп тұрып жазған, Бальзак жазу барысында дамылсыз кофе ішкен екен. Сенің шығарма жазарда ұстанатын әдістерің бар ма?

– Маған үйде жалаңаш жүрген ұнайды. Бұл өте қызық.

– Сенің "Ішінен", "Момидзи", "landzhou" (兰州) кеспеханасындағы оқиға" өлеңдеріңді сюрреализм бағытына жатқызар едім. Жалпы, қазіргі қазақ поэзиясы қай бағытта келе жатыр?

Мен кино мен поэзия тілін әр жерден көремін. Сондықтан маған бағыты емес процесі қызық, құдды Кафканың қамалы секілді. Ал сюрреализм туралы айтар болсақ бұл Фройдизм мен мифке тікелей қатысы бар дүние. Далидің ояна салып сурет салатыны бәлкім содан. Ал менің поэзиям Шинжияң мен Дюшанға жақын. Төбемнен қарғалар болып ұшып өтсем, үстімен балалар болып жүгіріп өтем. Көзімді жұмсам бала күнгі кеңістікке тоғытылған экраннан көшпенді қазақ халқының қолындағы қызыл ту мен мойнымдағы қызыл галстук, қара сым, ақ жейде һәм ақ шоқайды елестетем.

Т. Раушанұлы