"Гарри Поттер" Солтүстік Кореяда алғаш рет жарық көреді

"Гарри Поттер" Солтүстік Кореяда алғаш рет жарық көреді
Фото: vk.com

Гарри Поттер Солтүстік Кореяда жариялануы мүмкін. Жас сиқыршы туралы алғашқы кітап Ұлыбританияда 23 жыл бұрын басылып шықса да, КХДР-да танымал жазушы Джоан Роулингтің бірде-бір романы жарық көрген жоқ. Бұл туралы The Daily Mail хабарлады. 

КХДР-да кітап баспадан шығуы үшін Корея еңбек партиясы мен Жазушылар одағының мақұлдауы керек. Жақында ғана Гарри Поттер туралы кітаптарға қатысты осы аталған екі тарап та оң пікір білдірді. Яғни аталған елде романның жариялануы мақұлданды. 

Мақұлдау мақаласында Джоан Роулингтің кітаптары балаларға жағымды әсер ететінін және оларды "өз күштері мен қабілеттеріне сенім артуға" үйрететінін жазады. 

The Daily Mail басылымы Солтүстік Кореяда шетелдік әдебиеттердің таралуы қатаң бақылауға алынғанын жазған. Және осыған байланысты  кей азаматтар өздері қалаған кітаптарды контрабанданың көмегімен алуды әдетке айналдырғанын да атап өтеді.

Т. Раушанұлы