Есбол Нұрахмет: "Аш адамға кітап тамақ бола ма?!"

Есбол Нұрахмет: "Аш адамға кітап тамақ бола ма?!"
Фото: massaget.kz

Қаламақың қалай, қазақ қаламгерлері?!

Құрметті оқырман біз "Қаламақың қалай, қазақ қаламгерлері?!" атты сериялы мақаламызда жазушы, баспагер Арман Әлменбетпен кітап саудасы, оны сату т.б туралы сөйлескен едік. Ол "Жақсы кітап болса, миллион теңге табу қиын емес" деген атпен жарық көрді. Енді ақын, жазушы жақында ғана "Таусылмас түн" новеллалар жинағы жарық көрген Есбол Нұрахметтің ойын ұсынамыз.

Есбол Нұрахмет, жазушы: "Аш адамға кітап тамақ бола ма?!"

– Өткен жылғы Forbes-тің әлемдегі ең табысты 100 адамының қатарына 2 жазушы енді. Оның бірі – Джоан Роулинг. Табысы 92 миллион доллар. Екіншісі АҚШтың бұрынғы президенті Билл Клинтонмен бірігіп кітап жазатын Джеймс Паттерсон. Оның табысы 70 миллион доллар. Елімізде жағдай қалай? Қазақстанда кітап жазып миллион теңге табуға бола ма?

Миллион теңге табуға болады, бірақ одан көп таба алмайсыз. Меніңше, оқырман жоқ емес, бар. Оның 10 пайыздайы ғана кітапты сатып алып оқиды. Олардың да бәрі талғампаз емес, көп жағдайда жарнамаға, әлеуметтік желідегі пікірлерге байланысты өтеді. Жақсы жазушының тұрақты клиенті әлі қалыптаса қойған жоқ. Ол әрине кітаптың, жазушының сапасына да байланысты нәрсе.

– Сіздің биылғы (немесе былтырғы) қаламақыңыз қанша?

– Биыл да, былтыр да ешқандай қаламақы алған жоқпын. Газеттер мен сайттар әдеби шығармаларды ешқашан бағалаған емес, халтураны да, шедеврді де тегін баса береді. Қаламақы бермесең бермеймін деп қасарысатын жазушы мен ақын тағы жоқ. Әйтеу іштен шыққан дүние болған соң оқырманның назарына жол тартқанын, жұрттың оқығанын ғана қалайсың. Шын мәнінде кейбір газеттер мен сайттар сол тегін әңгіме, өлеңнің арқасында жан бағып отыр. Қаламақы төлеу қалай жолға қойылса, солай шығарманың сапасы көтеріледі. Бұл аса маңызды нәрсе.

Есбол мен Скорсезе немесе таксист пен киллер

– Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде кітап сататындар көбейіпті. Бұл құптарлық іс. Қазақ оқырмандары қазақша кітап сатып алып оқуға дайын ба?

– Қазақ қоғамында, менің ойымша, үш түрлі кітап сатып алушы бар.

Бірі, замандас қой, қаламдас қой деп, аз да болсын көмек етейін деген жазарман қауым.

Екіншісі, солардың жарнамасына алданып, көп мақтаған кітапты сатып ала салатын аңғал жұрт, оларды нақты оқырман деуге де келмейді, себебі жұрт мақтаған соң алады да, ұнаса да, ұнамаса да мақтай салады. Оларға ең бастысы "кітап оқитын адам" деген атақ жеткілікті.

Ал үшінші топ, нағыз оқырман, олардың көбі сатып алмайды да, себебі өзімізді менсіне қоймайды. Көбінде біреуден сұрап алып оқуы мүмкін. Олар әлем адебиетінің ең мөлдірін ішіп, әбден құныққан, олар тек сондай талғамға сай келетін, сирек кітаптарды ғана сатып алады. Біздің жазушылар тура солардың сүйікті авторы болуға талпынуы керек. Онсыз іс бітпейді. Ол үшін, әрине, үлкен еңбек, машық және білім керек. Оны қамтамасыз ету үшін ақша керек. Өстіп бірінсіз бірі жоқ, бір тұйық шеңберге қамалып тұрған жайдамыз.

– Еліміздегі "Меломан", "Книжный город" сынды танымал кітап дүкендеріне барсаң орысша кітаптар, орысша шетел аудармалары самсап тұрады. Есесіне алушылар да көп. Қазақша аударма немесе қазақ қаламгерлерінің кітабын іздесең таппайсың. Неге? Әлде қазақ қаламгерлеріне оқырмандар тарапынан шынымен сұраныс жоқ па? Жалпы, Қазақстанда жазушылықпен күн көруге бола ма?

– Кітап дүкендері, әрине, пайданы ғана мақсат қылады, қазақ тілді оқырманды көбейтем деп босқа шығынға бататын ақымақ емес қой. Орыс тіліндегі аудармалар өте сапалы және арзан. Қазақша аудармада не сапа жоқ және қымбат. Соңғы кездегі "Рухани жаңғыру" бағдарламасымен шыққан кітаптардың бірі сапалы болса, бірі не айтып жатқанын түсініп болмайтын шұбатылған бір нәрсе. Оған мемлекет ақша салды, онымен қоймай сұмдық қымбат бағада сатылды. Тура сол кітаптің орысшасы сол дүкенде қатар тұр, арзан және сапалы. Қайсысын таңдайсыз? Орысша түсініп тұрсаңыз орысшасын ала саласыз. Бұның бәрі қаржының мәселесі. Мемлекет өзі бөлген қаржының адам үшін жұмсалуын толық қадағалауы керек. Тек кітап үшін ғана емес, кез-келген саладағы қаржының далаға шашылып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр. Сондықтан, бұл қазір оңала салатын іс емес. Жазушылықпен күн көруге болатынын Санжар Керімбай, Ырысбек Дәбей ағалар дәлелдеп берді. Кітап шығарып, оны сатып күн көруге болатынын Арман Әлмембет дәлелдеп берді.

Арман Әлменбет: "Жақсы кітап болса, миллион теңге табу қиын емес"

Сондықтан жолын тапса болады. Бірақ биыл емес. Биыл пандемияның кеселінен қаншама адам жұмысынан айырылды, қолында қаржы жоқ, бар ақшасын мүмкін болғанша тек пайдалы нәрселерге жұмсау керек деп ойлап отыр. Жердегі ең пайдалы нәрсе – ол нан, ет, сүт, азық-түлік қысқасы. Аш адамға кітап тамақ бола ма? Сондықтан кез-келген басқа бизнестер секілді, кітап бизнесі жақсы жүру үшін де, әуелі халық тұрмысы жақсы болу керек. Тапқан ақшаңның 50 пайыздан артығын тек азық-түлікке жұмсап отырған елде не қылған кітап оқу?

– Бізде халықтың кітап оқуға деген ықыласын оятып, кітап агенттіктерінің жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан қандай істер атқарылуы тиіс?

– Ең түпкі мәселеден бастасақ, халық бай болуы керек. Ішер ас, киер киімін уайым қылмауы керек. Сонда ғана кітапқа назар салады. Ол үшін мемлекетке жаңа жүйе керек, халықты кедейліктен құтқаратын жаңа реформалар мен жаңа экономикалық саясат керек. Бұл істе ақын мен жазушы да барын салып, кірісетін тұсы бар, ол – шындықты айту, елмен бірге болу. Мақтау өлең жазып, оқырманның жағымсыз кейіпкеріне айналмауы керек. Осы елдің, халықтың болмысына бойлап, онымен сырлас болу керек. Ал, болмаса тек кітап бизнесіне ғана арнап жасалған бағдарламалардан түк те өнбейді. Өзіңз айтып отырған АҚШ-тың халқы бай, артық ақшасы бар, оңашада кітап оқып ойланғысы келеді. Бізде ойлануға да уақыт жоқ, санада жалғыз сұрақ – "қалай жан бағам?". Енді өстіп отырған адамға кітап сатып алмадың деу артық болар еді.

Т. Раушанұлы