Мишель Уэльбек: "Әлем коронавирустан кейін басқаша болады дегенге сенбеймін"

Былтыр ғана сәуір айында "Құрмет Легионы" орденімен марапатталған француз жазушысы Мишель Уэльбек коронавирусқа қатысты пікірін бөлісті.

"Бұл пандемия жұрт шулағандай адамзат тарихындағы аса маңызды бұрылыс емес. Карантиннен кейін бүкіл әлем басқаша өмір сүреді дегенге мен бір секунд та сенбеймін. Ол сол күйінде қалмақ түгіл, бұрынғысынан да нашарлай түсетінге ұқсайды. COVID-19 адамзаттың күнәдан арылуға деген ниетін оятуға қауқарсыз вирус, себебі ол тіпті жыныстық жолмен де берілмейді ",- деді жазушы.

Уэльбектің ойынша, бұл пандемияның қандай да бір салдары болса, ол адамдардың бір-бірінен алшақтап кетуі ғана болуы мүмкін. Қашықтықта сөйлесу мен өзін-өзі оқшаулау қалыптасқан қатынас моделін құрдымға кетіреді.

Естеріңізде болса, бір жыл бұрын Францияның ең беделді орденін оған ел президенті Эммануэль Макрон өз қолымен таққаны туралы Le Figaro басылымы хабарлаған болатын. Салтанатты рәсім 18 сәуір күні өтті. Оған Францияның экс-президенті Николя Саркози, жазушы Фредерик Бегбедер ("99 франк"), әнші Жан-Луи Обер қатысты. Уэльбекке марапатты ұсынып тұрып президент жазушыны "Материализм үстемдік құрған заманның романтигі" деп атады. Сондай-ақ Макрон Уэльбектің кітаптары көпшілік айтқандай пессимистік емес, керісінше үмітке толы туындылар екенін айтып өтті.

Мишель Уэльбектің соңғы "Серотонин" аталатын туындысында "сары жилеттер" қозғалысы туралы айтылады. Ал, роман оқиға орын алардан бұрын жазылған еді.