мен ұсынған кітап
Әсия Бағдәулетқызы оқырманға қызық кітаптарды бөлісті
Карантинде кітап оқып, фильм көргісі келген замандастың "не оқыса, не көрсе болады?" деп жиі сұрап жүргені рас. Бұл сұраққа Ұлыбританияда тұратын журналист, сыншы Әсия Бағдәулетқызының берер өз жауабы бар. Жақында байланысқа шығып, кітап/кино туралы сұқбаттасқанбыз. Сонымен, #mustread.
Әсия Бағдәулетқызы
"Нарративте кейіпкердің өсу-өрбу жолы қалай құрылады?", "Голливуд киносында, компьютерлік ойындарда, кітапта, деректі фильмдегі сәтті сторителлинг құпиясы неде?", "Қандай құрал керек, қандай заңдылықтар ескерілуі керек?" дегендей сұрақтарға жауап береді. Тез оқылады, тілі жеңіл, мысалдары айшықты. Бұл кітап барлық оқырманға қызық болатын-болмайтынын білмеймін. Бірақ жазу-сызуға қызығатындарға, жазушылар мен сценаристерге қызық болуы мүмкін. Мейлі, жазбайтын адам болса да, жалпы сторителлинг құпиясы неде, автор ойындағы оқиғаны қалай қызық етіп жеткізе алады деп ойланатындарға да оқуға кеңес беремін.

John Yorke
Into the Woods
Менің сүйікті кітаптарымның бірі. Воннегуттың стилі ұнайды. Оның "Cat's Cradle" шығармасынан кейін осы кітапты оқуды қолға алдым. Автордың адамзат тіршілігінің мәні неде, ғылым мен діннің қызметі қандай, біз өмірге не үшін келеміз деген сияқты фундаментал мәселелерді жай жеткізбей, әзіл-қалжыңмен беретіні ұнайды. Оқиға шынайы өмірден алыстағы фантастика болып көрінер. Сюжеті де соншалықты шытырман болмауы мүмкін. Бірақ "дәл қазір адам қайда бара жатыр?, "болашақ қандай болады?" деген мәселелер туралы тұшымды ой айтады. Осы ғаламдағы адамзаттың орны, және әр адамның еркі, таңдауы туралы ойланатындарға арналған кітап.

Kurt Vonnegut
The Sirens of Titan
Прозаны ғана емес, поэзияны да оқимын.Ұлыбританияда жақсы ақын атанып, қалыптасу үшін ұлтының ағылшын болуы не осы топырақта туып-өсуі міндетті емес. Ағылшын тілін жүре үйренген ақынның шығармалары да оң бағаланып жатады.
Eliot Prize атты сыйлық бар, жыл бойы әлемнің түкпір-түкпірінде ағылшынша жарияланған өлең жинақтарынан онын таңдап алып, бірі үздік шығады. Жүлденің тапсырылуының өзі екі күнге созылатын, маңызды әдеби оқиға. Былтыр сол сыйлықты тапсыру рәсіміне барған болатынмын. Сонда сахнада өз өлеңдерін оқыған он ақынның бірі Anthony Anaxagorou-дің шығармалары ұнады. Өлеңдерінен әкесімен, отбасымен қарым-қатынасы, ішкі психологиялық шиелінісін көруге болады. Адам күтпеген, жүрегіңді тіліп кететін образдар береді. Бұл жинақ ізденісте жүрген ақындарға қызық болады деп есептеймін.

Anthony AnaxagorouAfter the Formalities
Британдық ақын өте жеңіл әзіл формасында өлең жазады. Оны "Туиттердің бас ақыны" деп атайды. Заманауи Еуропада тұратын адам күнделікті көретін, еститін дүниелеріне дер кезінде юмормен жауап береді. Туиттерде аккаунты бар. Осы карантин кезінде "Күніне 1 өлең" деген акция жариялаған. Қазір сол күніне бір өлеңін Туиттерден оқып, күліп отырамын.

Brian Bilston
You Took the Last Bus Home
Қазақстанда ағылшын тіліндегі бұл кітаптарды табу қиын, әрине. Оның үстіне жоғарыдағы, менің қазір оқып жатқан кітаптарым. Сол үшін оқырманға өзім TOP-5 деп бағалайтын жазушыларымды атап өтейін
TOP-5
1
Ф. Достоевский.
"Ағайынды Карамазовтар" ("Братья Карамазовы"), "Албастылар" ("Бесы"), "Идиот" ("Нақұрыс") романдары ұнайды, одан кейін "Қылмыс пен жазаны" ("Преступление и наказание") ұсынамын.
2
Рюноскэ Акутагава
Жапон Рюноскэ Акутагаваны әлемдегі ең мықты жазушылардың бірі деп санаймын. Барлық шығармалары ұнайды, әсіресе "Расемон қақпасы", "Мұрын", "Нанкиннен шыққан Христос" шығармаларын ұсынамын.


3
Габриэль Гарсиа Маркес
Габриэль Гарсиа Маркестің барлық жазғаны ұнайды.
4
Мұхтар Әуезов
Қазір Мұхтар Әуезовті қайта оқып жатырмын. "Қаралы сұлу", "Кінәмшіл бойжеткен", "Көксерек", "Қараш-Қараш оқиғасы"... Бұрынырақта оқыған шығармалардың шын әлеуетін ұмытып қаламыз ғой кейде. Мен Әуезовтің әңгіме, повестерін қайта оқып, қайта сүйсініп, қайта ғашық болып жатырмын
5
Э. Хэмингуей
Э. Хэмингуейдің стилі ұнайды. Нақты жазады және "айтпай-ақ айтудың", подтекстпен берудің шебері. Әсіресе, біздің ("менің" деп түсінсеңіздер болады) "ақтабан шұбырындыдан" бастап жазуды үйреніп қалған санамызға Хэмингуейдің салтын үйренуге болады
Қазақ қаламгерлерінен мен үшін Бейімбет Майлиннің, Оралхан Бөкейдің, Мұхтар Мағауиннің, Қалихан Ысқақтың, Тынымбай Нұрмағанбетовтің, Дидар Амантайдың орны бөлек.
ТҮЙІН
Міне, оқырман, сіздерге осындай тізім ұсындық. Тек карантин кезінде емес, кез келген уақытта кітап оқу маңызды. Сөмкеңізде бір кітап жүрсе де, сізді көп нәрсеге тәрбиелейді, сеніңіз.
Ал, сіздің TOP-5 жазушыңыз қандай?
Не оқып жатсыз?
Дайындаған:

Берік Гүлжанар, шығарушы редактор