Дәрігерлер жайлы жазылған көркем туындылар

"Адам деген – әлем бағы, түсінер мұны олардың данышпаны" деп Омар Хайям айтқандай, "адам" дейтін әлемнің қалың бағын жайқалту "дәрігер" дейтін данышпанның алтын қолында іспетті. Ақ халатты абзал жандар туралы әлем жазушылары да қалам серіпкен. Кей жазушы Нобель сыйлығын да иеленген. Назарыңызға дәрігер туралы кітаптардың бір тобын ұсынамыз. Әсіресе, үйде қол бос болған кезде оқып шығуға тұрарлық туындылар.

Ш.Мұртаза. "Дәрігердің үшінші қаруы"

Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз. Ал бұл әңгімеде бас кейіпкер Әшім дәрігердің үшінші қаруын қолданып, науқас өмірін сақтайды. Ауыр дертке шалдығып, өмірден баз кешкен жас келіншектің төсекке таңылған ғұмырын сақтап қалуға қолдан келгеннің бәрін істейді. Жас дәрігер Ибн Синаның мына бір сөзімен келіншектің көңілін жұбатуға тырысады: "Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді. Сондықтан сіз мені жақтауға міндеттісіз" дейді. Осы сөздерді естіген жас келіншек дәрігер жанарынан үміт отын байқайды. Автор әңгімеде дәрігердің қызметіне деген адалдығын көрсетеді.

Сидни Шелдон. "Ештеңе мәңгі емес"

Кітапта Сан-Францискодағы қарапайым ауруханада қызмет ететін жас әйелдің өмір жолы суреттелген. Бүкіл әлемді өз жүрегіне сыйдырған "қарапайым әлем" деп аурухананы жеке әлемге теңей отырып, шытырман оқиғаны кітапқа арқау етеді. Кітап қылмыстық іске негізделген. Науқастың кісі өліміне қатысы, не себепті ондай әрекетке барғаны расымен-ақ, қызық. Прокурордың өлімді не себепті "ойластырылған" деп топшылағаны туралы білгіңіз келсе, кітапты оқуға кеңес береміз.

Артур Хейли. "Соңғы диагноз"

Бұл – аурухана. Өмірге деген құштарлықтың буы қайнаған аурухана. Мұнда адамдар емделіп қана қоймай, өмір үшін күреседі. Ендеше бұл аурухана "әлемнің ауруханасы" емес пе? Ол жерде адамдар достықтың, махаббаттың, тіпті сатқындық пен тәуекелдің, ғашық бола тұра, махаббатынан айырылудын не екенін үйренеді. Демек бұл аурухана – соңғы диагнозды қоюшы нүкте.

Юрий Герман. "Сіз қызмет ететін жұмыс"

"Сіз қызмет ететін жұмыс" – Юрий Герман трилогиясының бір томы. Басты кейіпкер, талантты хирург – Владимир Устименко, "дәрігерлік қызметіме мәңгі адал боламын" деген позицияны ұстанып, алғашқы қадамдарын жасайды. Автордың сөзінше, өмірде өзі іске асыруға тырысқан барлық қалауын басты кейіпкердің өмір жолына негіздеген.

Борис Пастернак. "Дәрігер Живаго" 

Борис Пастернак 1958 жылы "эпикалық роман жазу дәстүрін жалғастырғаны үшін" Нобель сыйлығын иеленді. Премия "Дәрігер Живаго" романы үшін берілді. Көлемді эпопея орыс әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасы саналады.

Фёдор Углов. "Дәрігер жүрегі"

"Дәрігер жүрегі" – XX ғасырдың үздік медициналық романы. Автордың роман жазуға деген қызығушылығын көрген фильмдері мен оқыған кітаптары арттырған. Кітап шындығы шығарманың алғашқы сөзінен соңғы нүктесіне дейін бедерленген. Кітаптың форматы күнделік негізінде құрылған. 

Жан Ақжанов. "Дәрігер жолы"

Автордың сөзінше, "Дәрігер жолы" кітабын жазуға 4 жыл уақыты кеткен. Кітаптың құндылығы да осында. Еңбектің ішінде ауру түрлері, дәрі-дәрмек түрлері түгелімен қамтылған.