Кітап оқудың 10 ережесі

Кітап оқудың 10 ережесі
Фото: vk.com

Кітап оқығанда маңыздысы сан емес, сапа екенін ескеруге тиіспіз. Егер саны мен сапасы тең болса, кітапқа бөлген уақытыңыздың текке кетпегені. Бастысы, оқыған кітабыңыз санада сақталып, уақыт өте келе ұмытылатын өткінші ақпаратқа айналмаса болғаны. Сондықтан сіздерге оқыған кітаптың мазмұнын есте сақтауға көмектесетін 10 ережені ұсынамыз.

  1. Кітаптар тізімін жасау

Оқып болған кітаптарыңыздың тізімін жазуды дағдыға айналдырыңыз. Біз көп жағдайда сатып алған кітапты бір оқығаннан кейін сөреге қоюмен шектелеміз. Екінші рет қайта оқуға құлықтылардың қатары көп емес. Сондай-ақ, тым көп кітап сатып алудың да қажеті жоқ. Біре-екеу алсаңыз, жеткілікті. Қалған кітаптар күте тұрсын.

2. 50 бет қағидасы 

Кітап қызықтырмаса, соңына дейін оқудың қажеті жоқ. Кіріспе ұнамаса, жауып, енді қайтып жоламаңыз деуден аулақпыз. Әуелі кітабыңыздың алғашқы 50 бетін оқып шығыңыз. Мүмкін, ойыңыз өзгеріп қалар. Егер ойыңыз өзгермесе, бұл кітапты жауып, келесі кітапқа көше беруге болады.

3. Кітаптың авторы жайлы мағлұмат алыңыз

Кітапты оқымастан бұрын, авторы жайлы аз болса да мағлұмат білген жөн. Кітаптың қысқаша мазмұнымен танысып шығу да артық етпейді. Алдын ала бұл кітаптан не күтетініңізді жазып қойыңыз. Мәселен, белгілі бір салаға қатысты (кәсіп, психология) кітап оқымаққа бекіндіңіз делік. Бұл кітапты оқу арқылы қандай сұраққа жауап алғыңыз келеді? Ұмытпай тұрғанда сұрағыңызды қойын дәптерге түртіп қойыңыз. Осындай мақсатты әрекеттер таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, кітап мазмұнын көпке дейін есте сақтауға көмектеседі.

4. Балама нұсқалар

«Кітап – менікі емес» деген ой жай ғана сылтау. Мүмкін өзіңізге лайық нұсқаны таңдамаған боларсыз. Тіпті болмаса, жанрдан жаңылысқан шығарсыз. Заманауи қоғамда кітаптың аудио, подкаст секілді түр-түрі бар. Егер қағаз кітап, онлайн оқу сияқты нұсқалардан тез жалықсаңыз, аудио нұсқаны таңдауға болады.

5. Қарындашпен оқу

Кітапты қарындашпен оқуды әдетке айналдырыңыз. Егер кітаптың қажет тұсын белгілеп, қоршап отырмасаңыз, ондағы құндылықтардың сізге тигізер пайдасы шамалы. Әсер қалдырған, ой салған дәйексөздерді жазып қойыңыз. Осылайша, құнды қазынадағы маңызды дүниелер есіңізде жақсы сақталатын болады.

6. Күніне 30 беттен кем оқымау

Әр адамның өз оқу жылдамдығы бар. Біреулер бір кітапты айлап оқыса, енді біреулерге бір кітапты аяқтау үшін бір апта немесе санаулы күндер жеткілікті. Сіз өзіңізге ыңғайлы нұсқаны таңдаңыз. Десе де, ең тиімдісі – күніне 30 бет оқу. Бұл үшін әрі кетсе 1 сағатыңыз кетер. Осылайша, сіз бір кітапты бір аптада бітіретіндердің қатарына барып қосыласыз. Яғни бір жылда 60 кітапты оп-оңай бітіріп тастайсыз деген сөз.

7. Жанрларды араластыру

Әр адамның жанына жақын, сүйіп оқитын жанры бар. Егер сіз тек бір бағыттағы кітапты оқи беретін болсаңыз, ерте ме, кеш пе, бәрібір жалығасыз. Мұндай жағдайда жанрды ауыстырып отыруға кеңес береміз. Мәселен, фантастикалық кітаптарды жақсы көретін болсаңыз, оны классикамен уақытша алмастыра тұрыңыз. Кітапты араластыру арқылы миыңызды шынықтырып қана қоймай, ойлау деңгейіңіздің дамуына жағдай жасайсыз.

8. Оқығаныңды жазып отыру

Жүйелі түрде оқитын болсаңыз, санаңызда шашылып жатқан дәйексөздерді, құнды мағлұматтарды жинастыратын кез келді. Сол үшін жазыңыз демекпіз. Жеке күнделігіңізге ой салған қанатты сөздерді жазып, есте сақтаңыз. Оқып шыққан кітабыңыз жайлы пікіріңізді әлеуметтік желіде бөлісіңіз. Бұл арқылы сіздегі пайдалы ақпараттардың қоры толыға түссе, достарыңыз үшін пайдалы болары анық. Пікіріңді білдіру үшін жазушы болудың қажеті шамалы.

9. Қажет тұсын қайта оқу

Оқып шыққан кітабыңыздың белгіліп қойған тұстарын қайта оқып шығыңыз. Бұл жүйе арқылы кітаптың айрықша тұстары мен негізгі идеясы үнемі жадыңызда жаңғырып тұратын болады.

10. Көпшілікпен бөлісу

Оқыған дүниеңіз есіңізде жақсы сақталуы үшін достарыңызға, жаныңызға жақын жандарға айтыңыз. Өзара талдап, пікір алмасқанда мағлұмат есте жақсы сақталады. 

zhasorken.kz

Т. Раушанұлы