Мен көрген Мұқағали

Мен көрген Мұқағали
Фото: facebook.com

“ЖЫНДЫ”

1973 жылы қысқа салым Алматыда жас ақын-жазушылардың кеңесі өтті. Семинарларға бөле бастағанда мен Қадыр Мырзалиевтің секциясын таңдадым. Жазушылар одағының бірінші қабатындағы кең кабинет. Қадекеңнің көмекшісі ретінде ақын Аян Нысаналин шетімізден тізімдеп отыр. Әрқайсысымыз орнымыздан тұрып, қай облыстан келгенімізді, қайда оқып, қайда жұмыс істейтінімізді сайрап жатырмыз. Бір мезетте таудай денесімен Мұқағали Мақатаев кіріп келіп, шүңірек көзін жағалата барлай қарап тұрды...

– Сен қай баласың? – деді оған Қадыр аға. Күліп жібердік. Мұқаң жымиып, езуін жиғанша Аян ағамыз да әзілмен:

– Мұқағали Мақатаев. Мәскеу. Студент! – деп шұқшиып тізімге енгізген болды. Тағы да ду күлдік. Сөйтсек, Мұқағали аға шынында да Мәскеуден келіпті. М. Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғары әдеби курстарында оқып жүрген кезі екен. Ол:

– Мына жас перілердің өлеңдерін тыңдауға келдім, – деп, ұсынған төрге шықпай, бір шетке отыра салды.

Ретімен өлең оқимыз. Алма-кезек талқылау. Мұқағали да бар ынты-шынтымен тыңдап отыр. Көкшетаудан келген Жәркен Бөдешев, Жезқазғаннан Жүрсін Ерманов ерекше жырларымен көзге шалынды. Қадыр ағамыз бір жас ақынның (атын ұмыттым) өлеңдері туралы айта келіп:

– Сөз саптасында еркіндік бар. Табиғилық сезіледі. Тура Мұқағалиша жазады екен, – деп мақтаңқырап еді, Мұқағали ағамыз:

– Әй, Қадыр, сен мынау бала екеумізді бір қапқа салып қойдың ғой. Сыя қояр ма екенбіз?.. – деп орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті.

Түскі үзіліс кезінде Мұқағали аға кездесіп қалып, манағыдай емес, сәл қызыңқырап алған екен:

– Қызталақтар, бері келіңдер. Қадырдың семинары бітсе, енді менің семинарым басталады, кәне, өлең оқыңдар, – деп бізге де оқытып, өзі де оқи бастады. Ол күркіреген даусымен бір өлеңін оқып тұрған кезде кеудесі талыстай, мойны бітеу, дөй қара біреу келе сала, ай-шай жоқ, Мұқағалидың арқасынан жуан жұдырығымен бар күшімен дүңк еткізіп бір қойды. Өлең оқып тұрған Мұқаң ыңқ етіп қатты ауырсынып қалып, мол денесімен бұрылып:

– Өй, жынды, сенбісің? Жөншілікпен өлең де оқытпайсыңдар. Мен бұл жерде өз семинарымды ашып тұрсам... Өкпемді аузыма түсіре жаздадың ғой. Жынды... – деп кеңк-кеңк күле берді де, бізге. – Бұл Рамзай ғой... Рамазан Тоқтаров деген прозаик ағаларың, – деп таныстырып, – “Ертіс мұхитқа құяды”, – деп қосып қойды. “Ертісіміз” қарқ-қарқ күліп, “мұхитына” қарай жөнелді.

Қайсысы “жындырақ” екенін айыра алмай қалдым.

“РЕКВИЕМ” ҚАЛАЙ ТУҒАН?

Кейінірек, содан он шақты жыл өткенде, Мұқағали алты ай оқыған сол Мәскеудегі Әдебиет институтының Жоғары әдеби курсында Рамазан Тоқтаров аға екеуміз де екі жыл бірге оқыдық. Жетекшіміз, орыстың белгілі ақыны Александр Межировтың алғашқы дәрістерін тыңдағанда-ақ мен Мақатаевтың “Реквием. Жан азасы” поэмасының қалай туғанын түсіндім. Орыс ақындары құрметтеп “мэтр” атайтын Межиров алғашқы бірнеше сабақты қатарынан Пушкиннің “Моцарт пен Сальериіне” арнады. Алдымен спектакль мәтіні жазылған күйтабақ ойнатты. Опера арияларын магнитофон таспасынан тыңдатты. Өзі әр шумақ, әр сөзіне терең талдау жасап, жанын сала түсіндіруге тырысты.

Соңынан атақты бір театр әртісін шақырып әкеліп, поэманы мәнерлеп оқытты.

Моцарт:

Так слушай.
Недели три тому, пришел я поздно
Домой. Сказали мне, что заходил
За мною кто-то. Отчего – не знаю,
Всю ночь я думал: кто бы это был?

что ему во мне? Назавтра тот же
Зашел и не застал опять меня.

На третий день играл я на полу
С моим мальчишкой.
Кликнули меня;
Я вышел. Человек, одетый в черном,
Учтиво поклонившись, заказал
Мне “Requіem” и скрылся. Сел я тотчас

стал писать – и с той поры за мною
Не приходил мой черный человек;
А я и рад: мне было б жаль расстаться
С моей работой, хоть совсем готов
Уж Rеquіеm. Но между тем я...

Сальери:
Что?

Моцарт:

Мне совестно признаться в этом...

Сальери:

В чем же?

Моцарт:

Мне день и ночь покоя не дает
Мой черный человек. За мною всюду
Как тень он гонится. Вот и теперь
Мне кажется, он с нами сам – третий сидит.

Бұл үзіндіден Пушкиннің бұл шағын трагедиясының Мұқағалиға “Реквиемге” ғана емес, орыс ақыны Сергей Есенинге де “Қара кісі” поэмасын жазуға түрткі болып, қозғау салғаны анық байқалады.

Тағы бір сабақтарда неміс ақыны Райнер Мария Рилькенің “Дауыстар” атты поэмасындағы “Жетімдер жыры”, “Жесірлер жыры”, “Соқырлар жыры”, “Қайыршының жыры”, “Алапестер жыры” сияқты толғаулары сөз болды. Мұқағали ағамызға Пушкин мен Рилькенің осы шығармалары қоса-қабат қатты әсер етіп, “Реквиемді” туғызғаны айдан анық.

Бұл жауһар туындыларды мен де оқып, мен де тыңдадым. Маған да әсері ерекше болды. Алайда, Мұқаңның “Реквиеміндей” тылсым сырлы дүние менің қаламыма орала қоймады...

Тверь бульварындағы институттың біз оқитын корпусында үлкен қара диван тұратын. Оқу бөлімінің меңгерушісі Вера Аверьяновна Малюкова: “Бұл – Қазақстанның диваны”, – дейтін. Оның себебін кейін түсіндім. Александр Межиров бірде үзіліс кезінде: “Мына диванда бізде тыңдаушы болған қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев кейде ұйықтап жататын деп естідім. Оны жұрт ішеді десті. Бірақ ол менің сабағыма ешқашан ішіп келген емес. Жойқын талант еді. Оны неге сақтай алмадыңдар?” – деп сұрады.

Бұл маған ғана емес, бүкіл ұлтымызға, қоғамымызға, мемлекетімізге қойылған сұрақ еді.

“БАТЫР БАЛА БОЛАТБЕК”

Бірде ақын Дәуітәлі Стамбеков екеуміз бас поштаның тұсынан өте бергенде:

– Әй, батыр бала Болатбек, бері кел! – деген зор дауысқа жалт қарасақ, еңгезердей, ақ көйлегі алқам-салқам бір кісі Дәуітәліні саусағының ұшымен шақырып тұр екен.

– Мұқағали аға ғой, сәлем берейік, – деді Дәуітәлі. Жақындап, жарыса сәлем бердік.

– Әй, батыр бала Болатбек, менде атаңның басы бар, сенде не бар, қосылмаймыз ба? – деп ол қалтасынан Лениннің бейнесі бедерленген бір сомдық сөлкебайды шығарып, алақанында салмақтай секіртті. Біз соңғы ақшамызды жұмсап қойған едік, қалтамыздан ондай «атамыздың басы» да табылмай, қибыжықтап, тезірек жылыстай жөнелдік.

– Ағамыз қойған атың жақсы екен, – дедім жолда.

– Менің “Балдырғанға” Болатбек туралы өлеңім шыққан еді, содан бері мені Мұқаң “Батыр бала Болатбек” деп атайтын болды, – деді Дәуітәлі.

ҚОЛТАҢБА

Бір күні ҚазМУ-дегі сабақ үстінде есік сарт ашылып, аудиторияға курстасымыз, әнші Жәнібек Кәрменовпен бірге Мұқағали Мақатаев кіріп келді. Стилистикадан дәріс беретін ұстазымыз Бәри Манасбаев:

– Айналайын Мұқағали, мен сабақ өткізіп жатырмын ғой. Болмайды. Кейінірек үзілісте келерсің. Бара тұр... – деп шыр-пыр болды.

– Әй, Бөри, – деді Мұқағали оның есімін бұрмалап, – сен ылғи оқытып жүрсің ғой, мына жас ақындарға мен де бір рет сабақ беріп көрейін.

Бізге қызық керек:

– Оқытсын, оқытсын! – деп шуылдап, өре түрегелдік. Бәри ағай амалсыз келісіп, мінбедегі орнын босатып беруге мәжбүр болды.

Мұқағали мінбеге шыққаннан кейін қолтығына қысқан кітаптарын алып шығып, жоғары көтере көрсетіп:

– Мынау – менің баспадан жаңа ғана шыққан «Аққулар ұйықтағанда» деген өлең жинағым. Бояуы кепкен жоқ, сатуға әлі түспеген. Менен басқа ақындар осындай кітабы шыға қалса, ең алдымен бастықтарға, редакторларға, өзін мақтап жазатын сыншыларға жағымпазданып апарып сый-лайды. Ал мен ондай атқамінерлерге емес, өздеріңе әкеліп отырмын. Авторға тиесілі он данасын жаңа ғана алдым, соны енді сендерге таратамын, – деп қолына қалам алып, қолтаңба беруге ыңғайлана бастады.

Жігіттер: “Маған! Маған!” – деп ұмтылысқанда арасына мен де қыстырылып, кітапқа қол созып жатыр едім, ең алғашқы болып автограф алған Жәнібек Кәрменов қолымнан тартып: “Бері шық”, – деп жұрттан жырып алып шықты.

– Ақын ағаның кітабын тегін таратып алғанымыз ұят болады. Сен екеуміз жігіттерден ақша жинап жіберейік, – деді. Біз тиын-тебен жинап болғанша Мұқаң да қолтаңба беріп, кітаптарын таратып үлгерген еді.

Біреуден бір сом, біреуден үш сом, бес сом деп жүріп, қалтамыздағы барымызды жинап, Жәнібектің қолына ұстаттық. Ол бүктеп апарып, Мұқағалидың кең шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді. Ақын ағамыз кітаптағы өлеңдерінің бір-екеуін оқып беріп, бізді де қарық қылып, өзі де разылықпен қоштасты.

Мұқаңа ақша жинаймын деп жүріп кітапсыз, қолтаңбасыз қалдым. Бәрібір бәрімізге түгел жетпейтін еді.

Түстен кейін сабақтан шықсақ, университет қарсысындағы “Аққу” кафесі тұсындағы арқалықты ұзын орындықта манағы Мұқағали ағамыз қолы салбырап, шашы шашырап, шалқасынан, беймарал ұйықтап жатыр екен. Қасынан өткен милицияның бірде-бірі оған тиіспеді. Таңырқап, қарай-қарай айналып өттік.

“ЖЕЗДЕ”

ҚазМУ мен “Алматы” қонақүйінің ортасындағы жұрт “гармошка” атап кеткен “Гүлдер” кафесінде сыра ішіп, өлең оқып отыр едік, Мұқағали аға кіріп келді. Төрімізге шығарып, сыйлай бастадық. Ішіміздегі еті тірі ересегіміз Серік Байхонов ол кісімен бұрыннан аралас-құралас екен. Бізбен таныстырды.

– Ақын болса өлең оқысын,– деді Мұқаң.

“Ымыртта ызғын қолатта”, – деп жайлап бастап оқып шықтым. Ол сәл тұнжырап отырды да:

– Тағы оқы! – деді. Бірнеше өлеңді тағы жатқа соқтым. Мұқағали аға ықыласын жасырмады.

– Маған алғы сөз сұрап талайлар келеді. Несіпбек Айтовтан басқасына жазған жоқпын. Ол да талант. Қайсыбіреуге жазғанша осы саған неге жазбаймын? Саған сәт сапар тілеп, алғы сөз жазып берейін, – деді.

– Ұлықбекке “сәт сапар” керек емес. Қадыр Мырзалиев жазып қойған, – деді менің “адвокатым” Байхонов.

– Ә, Қадыр тағы алдымды орап кеткен екен ғой, – деген ол, – сен осы ақын Есдәулет Кәндековтің кімісің? Баласы емеспісің? – деп сұрады. Ондай қарт ақынның болғанынан хабардар едім, көзәйнекті, үшкір селдір сақалды суретін де көргенмін. Мен жауап беріп үлгергенше, аузы жылдам Серік Байхонов:

– Дәл өзі! Ұлықбек сол Есдәулеттің баласы, – деп жіберді. Менің үнім шықпай қалды.

– Алғашқы өлеңіңді қайта оқышы, – деді Мұқағали. Қайта оқыдым. Байқаймын, әсер еткен сияқты.

– Жаңа өлеңдерімді жатқа білмей тұрғаным. Сенің мына өлеңдеріңе жауап беретіндей жырлар үйдегі қара дәптерде. Үйге жүріңдер, өлең оқимын, – деді Мұқағали.

– Барамыз! – деді Байхонов. Құрқол бармайық деп, жолда бірер шөлмек шарап алдық.

Алакөлеңке ортаңғы бөлменің терезе пердесін ысырып еді, самаладай жарқырап кетті.

– Мынау менің жазу үстелім, ал мынау тұрған менің Абайым, – деді Мұқағали кірген бетте. Үстел үстінде ақ гипстен сомдалған ұлы ақынның бас мүсіні тұр екен. – Осындағы “Мен – абайтанушымын” деп кеуде қағып жүргендердің ешбіреуінің үйінде мұндай Абай мүсіні жоқ. Менде ғана бар! Көрдіңдер ме? Егер мен үйге кейде сілтеңкіреп келсем – Абай атам теріс қарайды, ал сау келсем – оң қабағын береді. Сондайда мен жазуға отырсам – Абай атам диктовать ете бастайды. Менің жазып жүргендерім – өз өлеңдерім емес, Абайдың диктовкасы, – деді Мұқағали Мақатаев ағамыз.

Біз мүсінді тамашалап тұрғанда Мұқаң мені шынтағымнан ұстап, асүйге жетелеп әкеліп, әйеліне:

– Лашын, сүйінші, міне, мен сенің бауырыңды тауып әкелдім. Бұл – Ұлықбек деген сенің Есдәулет атаңның баласы екен, өзі де тұқымына тартқан, мықты ақын, – деді. Сол-ақ екен, Лашын жеңгей мені бас салып құшақтап, көрісе жөнелді:

– Айналайын бауырым, бармысыңдар?! Менің де артымнан іздеп келетін туыстарым бар екен ғой! Жездеңнің жүрісі болса мынау, осының етегінен ұстаймын, бабын табамын, баласын бағамын деп жүріп төркінімнен ажырап қалдым. Қалай, ел-жұрт, ауыл-аймақ аман ба? – деп көзінен жасы мөлтілдеп, ет жақындарының аттарын атап сұрап, жік-жапар болды. Мұндайды күтпеген мен абдырап, сасып, аузымнан сөзім түсіп, күмілжіп тұрмын. Не айтарымды білмей, біресе бас шайқап, біресе бас изеп, мұрнымнан міңгірлей бердім.

Мұқағали менің сасқан түрімді байқады ма, тез ажыратып ала жөнелді де “үйіріме” әкеліп қосып кетті. Ол қайта айналып келген кезде мен:

– Мұқа, сіздің әлгі айтқан Есдәулетіңіз кім еді? – деп сұрадым.

– Есдәулет Кәндеков деген ақынды естуің бар ма? Сен соның баласы емес пе едің?

– Жоға... бәрін бүлдірген анау Серік Байхонов қой. Мен сонау Өскеменнің Зайсанында туғам, Есдәулет деген бабам екен, көрген де емеспін, ол кісі басқа адам, сіздің Кәндековке сорпасы қосылмайды.

– О, қызталақ, мен сенің әкеңді Қаскелеңнің Есдәулетімен шатастырғам ғой. Ондай-ондай бола береді. Ештеңе етпейді. Ең бастысы, кімнен тусаң да сен ақынсың.

– Оған түк қатысым жоқ. Лашын апайдан ұят болды ғой. Мен ол кісіге барып айтып, ешқандай да туысы еместігімді түсіндіріп келе қояйын, – деп асүйге ұмтылып едім, Мұқаң:

– Енді болар іс болды, тыпырламай отыр. Менің байқауымша, қазанға қазы-қарта түсті, тоңазытқышқа көп жұлдызды коньяк келіп қалды. Соның бәрі Лашынның төркінінен келген “інісі” – сенің құрметіңе. Сен – балдыз, мен жезде болдым. Осы туыстықты жуу керек. Әйтпесе, қазір барып шыныңды айта қалдың дейік, одан не ұтамыз? Онда жеңгең ашуланып, мына мол дастарқаннан түк татырмай, өзіңді үйден қуып шығады. Сенімен қоса мені де қуады. Сондықтан енді қыңқ етпе! – деп басу айтты. Өтірік айта алмайтын кезім еді, ілкіде нәумезденіп отырып, біраздан соң, қыза келе, «балдыздың» рөліне кіріп кетіп, Құдай бере салған «жездеммен» қылжаққа бастым. Тіпті бір сәтте: “Өлең оқи алмайсың, олай оқымайды, былай оқу керек!” – деп қолындағы қара дәптерін жұлып алып, шырылдап оқып тұр екенмін.


– Әй, мынау балдыз тентек қой өзі, – деп Мұқаң кеңк-кеңк күле береді. Кейін естісем, Мұқағали Мақатаев радиода диктор болып істеген, жырды мәнерлеп оқудың хас шебері екен. Оны мен қайдан білейін?!

ШЫТ ОРАМАЛ

Сол бір тұста Алматыда қалың тұмау өршіп тұрған. Бізді қойып, Мәскеудегі Брежневтің өзі тұмаудан қажып, КСРО Ғылым академиясының президентін шақырып алып: “Грипке қарсы бомба ойлап табыңдар!” – деп бұйырыпты деп естіген кезіміз. Бір уақта, мұрным біте берген соң, қалтамнан беторамалымды шығарып едім, Мұқағали аға байқап қалып:

– Орамалың жақсы екен, қайдан алдың? – деп сұрады. Оның дардай басымен қайдағы бір түкке тұрмайтын беторамалға көзі түскені таңырқатып:

– Осы жолы ауылға каникулға барғанда... Бір нағашымыз қайтыс болып, жаназада жыртысқа тиген, – дедім.

– Қаншаға келіп еді?

– Жүз төртке келіп қайтты, – дедім мен.

– Жүз төртке деймісің? Апырым-ай, ә?! Ұзақ жасаған екен. Алжымай өлді ме? – деп Мұқаң ынтыға түсті.

– Жоқ, алжымай өлді. Оны жүзден асты деп ешкім де ойлаған жоқ. Өйткені өле-өлгенше ауланың қарын күреп, сыпырып-сиырып, тыпыңдап, тыным алмай жүріп, ауырмай-сырқамай жүріп кетіпті. Пысық шал болатын.

– Қане, бере тұршы, – деп Мұқаң қолын созды. Ұстата бердім. Беторамал дегенім ақзу шыт матаның қиығы болатын, әдемі теңбілдері бар. Мұқағали оны қолымен аялай ұстап, бетіне, маңдайына тигізіп, умаждап-умаждап қойды да:

– Әй, балдыз! Мен кейінгі кезде өліп қаламын ба деп әлденеден қарадай қорқып жүрмін. Сен мына орамалды маған бер. Ырым болсын. Жүз жасаған нағашыңның жасын берер ме екен? Ал сен менің орамалымды ал. Айырбастайық. Жассың ғой. Алдымен менің жасыма жетіп ал. Арғы жағын тағы көре жатарсың, – деп, қалтасынан өз орамалын суырып алып, маған ұстата салды. Шыты шылқылдаған тер екен. Бірден қалтама сүңгіттім...

Біраз уақыттан кейін үйге қайтып келе жатып, тұмаудың кесірінен тағы да мұрын сүртуге тура келді. Қалтамнан алып шыққан шыт орамалды тұмсығыма апарар-апармастан бірден тыжырындым: ащы тердің қоңырсыған күлімсі иісі мүңк етіп, қолқамды ұрды, өзі шылқ-шылқ! Кірпияз емес едім, сонда да болса жағымсыз жат иісті жақтырмай, жиіркеніп, жолға лақтырып жіберіп, кете бардым.

...Күндер өтті. Бірде Жазушылар одағында Жарасқан Әбдірашевті күтіп тұрсам, бір сақалды орыс маған қарап:

– Сен кімсің? – деді.

– Мен – ақынмын! – дедім шіреніп.

– Қандай ақынсың?

– Мықты ақынмын.

– Атың кім сенің?

– Ұлықбек Есдәулетов.

– Ондай ақынды естімеппін...

– Естімесең – естисің!

– Ал мен сенің ақындығыңды бірден тексере аламын.

– Қалай тексермексің? Мен орысша жазбаймын. Түкті де түсінбейсің ғой.

– Қазір менің бір досым осында келуі керек. Соған тексертемін. Ол бәрін дәл сынайды.

– Ол кім?

– Келгенде білесің.

– Өзің кімсің?

– Ақын Сергей Киселевпін.

– Тоқта, сен Өскеменненсің ғой. Естігенмін. Екеуміз жерлеспіз.

– Мені білемісің? – деп сақалды орысым кәдімгідей қуанып қалды. Сосын:

– Міне, менің әлгі айтқан досым келді, – деді. Қарасам – келген Мұқағали Мақатаев екен.

– Мұқағали, досым, – деді Сергей, – мына жас жігіт мықты ақынмын дейді. Сынап берші.

– Сен, Сергей, әлі күнге дейін Ұлықбекті танымайсың ба? Мен оны білемін. Балдыз, сен сыйлаған орамалды мен әлі сақтап жүрмін. Міне, көрдің бе? – деп ол ақшұбар беторамалды қалтасынан көлең еткізіп суырып алды да, – менің саған берген орамалым қайда? – деп сұрады.

– Мен... оны... – деп күмілжіп барып, “...лақтырып жібергенмін” деп айтып қала жаздап, – басқа киімнің қалтасында қалдырып кетіппін... – деп құтылдым.

“Несіне лақтырдым екен?”. Осы ой мені әлі күнге дейін мүжиді. “Тым болмаса жуып алуға болар еді ғой…”

Ақын аға қайтыс болғаннан кейін, жетісі өткен күні, күйіктен ішкен оның досы Сергей Киселев: “Мукагали, постой!” – деп айғайлап, биік балконнан секіріп өлді деп естідік...

“МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВҚА ЖОЛ БЕРІҢДЕР!”

Бірде ақын досым Ерлан Бағаев екеуміз тротуарда келе жатыр едік, соңымыздан:

– Жол беріңдер! Жол беріңдер! – деп айғайлаған зор да-уыс естілді. Аңтарылып тұра қалдық. Күркіреп келеді.

– Жол беріңдер! Жол беріңдер! Мұқағали Мақатаевқа неге жол бермейсіңдер? Әлде оның еңбегі сіңген жоқ па? Жол беріңдер! Жол беріңдер!

Әлгінде ғана “Шахта” деген асханада қос қолын қайшылап, шашы төгіліп: “Әлдиле, өлім, әлдиле”, – деп өлең оқып отырғанын көрген едік. Барып сәлем бергенбіз. Шарабын әпергенбіз.

– Жол беріңдер!

Ығысып жол бердік. Күндей күркіреп, бұлттай бұрқырап қасымыздан өте шықты. Соңымыздан мырс-мырс күлкі естілді. Мойын бұрсақ, жоғары курс студенттері Сауытбек Абдрахманов пен Заманбек Әбдешев екен. Мысқылшыл Сауытбек:

– Үлкен ақын келе жатқанда кішкентай ақындар жол береді екен ғой, – деп түйреді.

Сәл жүре түскенде Алматының қазіргі Абылай хан және Бөгенбай көшелерінің қиылысында әлгінде ғана екпіндей озып кеткен Мұқағали ағамыз тұр екен.

– Әй, балалар, бері келіңдер. Мына қаптаған машиналардың біреуі мені басып кетер немесе мен біреуін басып кетермін. Көшеден өткізіп жіберіңдер, – деп Ерлан екеумізді құшағына алды. Сөйтіп қолтығына кіре берген бізге алма-кезек қарап қойып:

– Сенің әкең Ұзақ маған көп жақсылық жасаған. Сен менің өз бауырымсың. Оны білемісің? – деп Ерланның бетінен сүйді де, маған бұрылып, көзін алайтып:

– Сен қызталақ қайдан жүрсің? – деді көшеден өтіп болған кезде. – Қазір Жазушылар одағына барамын. Мен кіргенде ондағы отырғандардың бәрі қашып, індеріне тығылады. Тіпті кабинеттерін кілттеп алады. Бірге жүріңдер, қызық көресіңдер, – деді. “Іздегенге – сұраған”, біз екеуміз елеңдеп, елеурей бастап едік, Мұқаң Жазушылар одағының табалдырығына жете бере кілт тоқтады. – Жоқ, “қызық көрсетем” деп сендерге зияным тиіп кетер. Әлі жассыңдар. Болашақтарың алдарыңда. Менімен жүргендеріңді біреу-міреу көріп қалса: "Бұл екеуі Мұқағалимен бірге ішіп жүрген", – деп ағаш атқа теріс мінгізер. Қайтыңдар, қызталақтар! – деп екеумізді өз қолымен кері бұрып, сауырымыздан сипап қоя берді де өзі ішке еніп кетті. “Қайт” дегенге қайта қояр деген, ізінше біз де кірдік.

Мұқағали аға кіреберістегі айна алдына барып, шашын тарап, костюмінің жағасын, өңірін түзеп, түймесін салып, салиқалы-салмақты болып шыға келді. Сол-ақ екен, іштен шығып келе жатқан бірнеше жазушы бұрыла қалып, онымен жамыраса амандасып жатты. Біз жақындамай, сырттай бақылап тұрдық. Әлгі жазушылардың біреуі:

– Әй, Мұқағали, сен енді адам болыпсың ғой, – деп қалып еді, Мұқаң бірден шарт кетті:

– Сен, немене, мені бұған дейін адам емес, есек деп пе едің?!

Ағамыз нілдей бұзылып, бұрқан-талқан ашуланып, «Қаламгерге» қарай тартты. Әлгі абайсыз ба, қасақана ма, айтылған бір ауыз сөзден-ақ жараланып қалғаны анық еді...

ҚАЗ ҰРЛАУ

“Жазушы”баспасына Нарынқолдан ақын Еркін Ібітанов келді.

Оның есіміне мектеп оқулығына кірген «Қойшылар» поэмасы мен курстасым, нарынқолдық ақын Батық Мәжитұлының дәріптеулері арқылы қанық едім. Қолжазбасының жайын сөйлесіп отырғанда үстімізге екпіндей басып Бекен Әбдіразақов кірді. Амандық-саулықтан соң:

– Әй, Еркін, күнде келіп жатқан жоқсың, былай шығып, жүз грамм әпермейсің бе? – деді ол.

Еркін аға шырт етті:

– О ненің ақысы?

– Біз сенен күнде ішіп жүрген жоқпыз ғой...

– Ауылға келсеңдер: “Бұлар астанадан келіп қалды”, – деп біз жайылып жастық, иіліп төсек боламыз, мал сойып, алдарыңа арақтан дария ағызамыз. Енді қалаға келсек тағы да солай, біз сыйлаймыз. Сонда әділет қайда? “Дүние – кезек” деген бар емес пе еді? Қонақжайлықты ұмыттыңдар ма? Қайта Алматыға анда-санда бір келгенімде менен дәмете бермей, бір уақыт өздерің де бірдеңе әперулерің керек емес пе?

– Еркін, бері қарап, сөз тыңдашы. Алла тағаланың өзі бізді мынау аш қалаға қамап қойғанда, бізді асырап, басымызды жазып беріп тұру үшін сендерді берекелі ауылда қалдырған. Сендер – ауылда, біз – қалада. Ауыл қаланы асырауы керек. Бұл – тағдырдың жазмышы, Құдайдың бұйрығы. Одан қашып құтыла алмайсың. Ауылдан келген екенсің, қаладағы достарыңа жүз грамм әперу – ақындық парызың. Бұған тоқтамасаң өзің біл. Әйтпесе маған мына Ұлықбек інім-ақ әпереді.

– Жас балаларда қайдағы ақша? Бауырларыма салмақ салғанша өзім-ақ көтерейін. Ал, кәне, жүріңдерші, – деп Еркін аға «Қаламгер» кафесіне қарай жол бастады.

Әңгіме ағытылып қоя берді. Мен реті келгенде сөз желісін өзі бірге өскен Мұқағали ақынмен достығына бұрдым. Бұрынырақ Батық Мәжитұлынан тыңдап, құлақта қалған кей әңгімелерді өз аузынан естігім келді.

– Бір күні аудандағы маған ауылдағы Мұқағали телефон соқты. “Осылай да осылай, жеңгең төркінімді сағындым деп ауылына кетті, балалардың бәрін нағашыларын аралатуға ертіп әкетті. Үй де бос, қол да бос. Жалғыз қалдым, іш пысты, бәрін тастап тез жет!” – деді ол.

Жұмыс орным – Нарынқолдың аудандық газеті, аты “Советтік шекара”, редактордан ауылдың бір науқанын жазып келуге сұранып, Қарасазға тарттым. Мұқағали онда мектепте мұғалім. Жаз кезі, оқушылар каникулда. Тау қандай, ауыл қандай, салқын самал, құлпырып тұр. Екеуміз бірер күн көрмесек сағынысып қалатын едік. Келсем Мұқағали ағам қазанға былқытып ет асып қойып, күтіп жатыр екен. Портфеліме бірер шөлмек сала келгем. Соны шығарып жатсам, Мұқағали:

– Ондайды өзің келетін болған соң жәшігімен алып қойғанмын, несіне әуре болып жүрсің? – дейді. – Екеумізге жетеді, ешкімді шақырғам жоқ, керегі де жоқ. Басқалар біздің әңгімені түсінбейді.

Содан басталды дейсің! Буда-буда өлең оқимыз. Балалық шақтың әңгімелерін айтысамыз, поэзия туралы, ақындар туралы, оқыған кітаптарымыз туралы, өзіміз туралы, болашақ туралы... таусылмайтын тақырыптар... Армандарымызды айтысамыз, сыр шертісеміз. Әзіл-қалжың, әңгіме мен өлеңді де, арасындағы жүз грамды да үзгеніміз жоқ.

– Еркін, сенің жасың кіші болғандықтан менен кейін өлесің. Кейін екеуміз туған ауылға алдымен кеткен менің атымды қояды. Сонда саған ауыл жетпей қалатын болды ғой...

– Оқасы жоқ, Мұқаш, ауылды сенің атыңмен-ақ атай берсін, маған ауданның аты да жетеді, – деймін мен.

Сонымен көзді ашып-жұмғанша дуылдаған төрт күн өтіпті. Сол төрт күн бойы үйден аттап шықпаппыз. Төртінші күні қарасақ, есіміз кіресілі-шығасылы. Арақ әлі жеткілікті болғанмен үйдегі азық таусылған. Қарын аш. Аш өзегімді жалап барады. Ішкен у ішті күйдіре бастады. Байқаймын, Мұқағали да оңып отырған жоқ.

– Мұқаш, шипа бітті, асқазан күйіп барады. Бұдан әрі закускасыз ішуге шамам жоқ. Қайдан тапсақ та тамақ тауып жейік. Шіркін, сорпа болса... – деймін ішім қыжылдап.

– Кеш түссін, Еркін, – деді Мұқаш ағам, – көз байланғанша тіскебасарсыз-ақ лаждай тұрайық, сосын сыртқа шығамыз, бәрі де болады...

Оның “сыртқа шығамыз” дегенін мен қас қарая біреудің үйіне қонаққа барамыз деп ұғындым. Кеш түсіп болмады. Аш қарынға ақаң жүрмейді, сонда да тауып-тауып тост айтып, ар жағымызды алдарқатып, зорланып жөнелтумен болдық. Өлең оқуға шама болмай қалды. Содан әупірімдеп кешке дейін жеттік. Ел орынға отыра Мұқағали орнынан түрегеліп, ауладан екі таяқ тауып әкеліп, бірін маған ұстатты, бірі – өз қолында.

– Ал, кеттік! – деді.

Таяқтың не керегі барын түсінбедім... “Шамасы, бос жүрген қабаған иттерден қорғанатын болармыз…” Ішек түгел шұрылдайды, қарын ұлиды. “Кімнің үйіне барар екенбіз?” Көз алдыма дайын дастарқан елестейді.

Төрт күн, төрт түн бойы тапжылмай ішкіліктің түбін түсірген адамның түрін де, жағдайын да өздерің білесіңдер. Бетіміз шалбар-шалбар, маңдайымыз мыж-мыж, қолымыз қалт-қалт... Көшеге көрініп, басқа жора-жолдас, туған-туыстың үйіне баратын бет жоқ. Сонда да қалтырап-дірілдеп ауладан шықтық.

Ауылдың маужыраған қоңыр кеші. Үйді айнала бергенде, қайдан кездескені белгісіз, алдымыздан қырқылдаған екі қаз көлденеңдеп шыға келді. Сол-ақ екен, Мұқағали:

– Мынауы – менікі, анаусы – сенікі, ұр таяқпен! – деп бір қаздың қылқиған ұзын мойнынан періп қалды. Мен де жалма-жан құлаштап, екіншісінің сорайған мойнына таяқ сілтедім. Қатып-семген қатты таяқ қоя ма? “Қырқ” етуге шамасы келмей, қылжың етіп екеуі де құлады. Тыпырлаған екі қазды бас салып, жұмарлап қойынға тықпыштадық. Жүгіре басып, салақтатып аулаға әкеліп, қараңғыда жан дәрмен бауыздап жіберіп, құшақтап үйге кірдік.

– Өшір шамды, өшір! Көршілер көріп қоймасын... Жүнін жұламыз, – деді Мұқағали.

Перделер түсірілді. Жалп етіп шам өшті. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда бытырлатып қаздың жүнін жұлып отырмыз. Екеумізде де үн жоқ. Дүрс-дүрс жүрек, пыс-пыс мұрын мен сытыр-сытыр қауырсынның дыбысы ғана естіледі. Ұрлық қылып көрмеген адамға оңай ма?

“Иесі кім болды екен? Енді, мейлі, кім болса да... Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ. Құдай өзі кешірсін…”. Осы ойымды жиғанша болған жоқ, тастай қараңғыдан Мұқағалидың:

– Жақ шамды, жақ! – деген ышқынған даусы естілді.
– Е, неге? Не боп қалды?
– Жақ деген соң жақсаңшы енді... – деді даусы бәсеңсіп. Орнымнан тұрып барып, қараңғыда қақтығып жүріп, қабырғаны сипалап, шамды жақтым. Қарасам...

Біз отырған бөлменің іші бұрқырап ұшқан аппақ мамық. Құдды қарлы боран. Сол бұрқыраған аппақ мамықтың ортасында аруақтай ағарып, шөккен түйедей Мұқағали отыр. Қолындағы қаздың мойнында қарғыдай тағылған ала жібі бар екен, соны саусағына іліп алып, көтеріп:

– Ай, мынау Лашынның төркінінен тұқымға әкелген қаздары ғой. Мойнындағы жібінен танып тұрмын. Асырап көбейтемін деп жүрген. Неше күн бойы қамаусыз қалыпты. Қалай естен шығып кетті екен, ә?.. Оны білгенде кеш түсуін күтпей-ақ, әлдеқашан сойып алатын едік қой... Ұрланбай-ақ... – деп Мұқағали орнынан серпіліп көтерілді...

Сөйтіп, Мұқағали ағаң екеуміз “ұрлап” қаз сойып, сорпасын ішіп, әл жинағанбыз, – деп Еркін Ібітанов ағамыз әңгімесін аяқтады.

Менің көзіме аппақ мамық ішінде ағара мұнартқан ақынның алып тұлғасы елестеді.

Ұлықбек Есдәулет

"Әбілхаят" кітабынан

Т. Раушанұлы