Ақын Әділет Ахметтің "Әділеті" оқырманға жол тартты

Ақын Әділет Ахметтің "Әділеті" оқырманға жол тартты
Фото: Күлтегін Аспанұлы

Алматыда ақын Әділет Ахметұлының "Әділет" атты тұңғыш жыр жинағының тұсауы кесіліп, жыр сүйер оқырманға жол тартты. 

Еуразия Ғылыми-зерттеу институтында өткен тұсаукесер шарасына қазақ поэзиясының шоқтықты өкілдері Жәркен Бөдеш, Ғалым Жайлыбай, Мұрат Шаймаран бастаған ақындар мен Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл-білім институтындағы ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері және жыр сүйер жастар қатысты. 

Ақын Ғалым Жайлыбай жас ақынға сауғасы мен батасын берді.

Шараның басталу сөзінде Еуразия Ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер мырза түркі халықтарындағы ортақ поэтикалық сарындар және "әділет" ұғымы туралы ойларын айта келіп, автордың алғашқы жиыр жинағына сәт сапар тіледі. 

Бұдан кейін кезегімен сөз алған ақындар мен жазушылар, этнограф ғалымдар және тіл мамандары автордың жаңа еңбегі жайында, сондай-ақ бүгінгі қазақ поэзиясының беталысы жайында толғамды ой, тамаша пікірлерді ортаға салды. 

Айталық, қазақтың белгілі ақыны Ғалым Жайлыбай: "Астанадағы форумда қазақтың үлкен қаламгері Дулат Исабеков модернизм дегеннің кез-келген өнерді халтураға бастайтынын айтып еді... Менің Әділетке келгенің өлең деген – адамның өзі, жүрегі, ал қазақтың ақыны деген жусанның иісін, жылқының дүбірін сезіне алуы керек, қазақ деген халықты сезіне алуы керек, Әділеттің өлеңінен мен бұларды көре аламын" – деді. 

Аға буын ақындар Әділет Ахметұлының "алғашқы жыр жинағына берілген баға мен пікірлердің бәрі де қарыз екенін" үміт-тілектерді өтеу алдағы күннің еншісінде екенін айтып, жыр сапарына ақ батасын берді. 

Тұсаукесер поэзияға арналған талқыға ұласты. Талқы-конференциясына ұқсас поэзия туралы еркін талқылаулар, пікір сайыстармен өткен тұсау кесерде автордың құрбылас өнер өкілдері әннен шашу шашса, күйші Аршын Кәсімбайұлы жорық күйлерімен кеш айбынын асырды. Шараның соңы "Әділет" жыр жинағының тұсаукесеріне арналған салтанатты дастарханға ұласты. 

"Әділет" жыр жинағының шығуына автордың айналасындағы дос-жарандары демеушілік етіп,  "Отандастар" қоры тікелей қолдау көрсеткен.

Айта кетейік, Әділет Ахметұлы – 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.  2012 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, Шынжаңдағы "Мұра" журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы Атажұртқа оралған.  Қытайдағы және еліміздегі мерзімді басылымдарда шығармалары жарияланып тұрады. Бірнеше реткі республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.  Қазір А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкері. 

Т. Раушанұлы