"Үмбетәлі Кәрібаев оқулары" өтті

"Үмбетәлі Кәрібаев оқулары" өтті
Фото: massaget.kz

Биыл – халық ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбылдан бата алып, өлеңнің "Қара жорғасы" атанған Үмбетәлі Кәрібаевтің туғанына 130 жыл толды. Осыған орай Алматы облысы Үмбетәлі Кәрібаев ауылында кезекті "Үмбетәлі  Кәрібаев оқулары" өтті.

Үмбетәлі Кәрібаев ауылында өтіп жатқан байқауға аудандағы 18 мектеп үкілеп 22 қатысушысын алып келіпті. 5-11 сынып оқушылары қатысқан байқау 4 кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар Үмбетәлі Кәрібаевтің қанша өлеңдерін жаттағанын көрсетсе, екінші кезеңде ақынның шығыс қиссасының желісімен жазылған "Үш өнерпаз" дастанын қай деңгейде жаттағандарын паш етті. Үшінші кезеңде қатысушылар ақынға жазған арнау өлеңдерін оқыды.

Соңында қатысушылар қазылар алқасы алдында Үмбетәлі Кәрібаев шығармасы мен өмірі бойынша құрастырылған сұрақтарға жауап берді.

Жүзден жүйрік шыққандарды қазылар алқасы бағалап отырды. Оның құрамында Жамбыл ауданы білім бөліміндегі тәрбие саласының бас маманы Зейноллаева Әлия, Үмбетәлі ақынның қызы, ұлағатты ұстаз Әлия Үмбеталина және ұстаз Ергедіров Байкенже Тұрсынұлы болды.

Ауыл және аймақтық байқаулардан сүрінбей өткен қатысушылар аудандық "Үмбетәлі Кәрібаев оқуларына" жоғары дайындықпен келгенін көрсетті.

Жүзден жүйрік шыққан қатысушыларды марапаттау үшін Жамбыл ауданы білім бөлімінің тәрбие саласы бойынша бас маманы Зейноллаева Әлия сахнаға шығып, алдымен барлық қатысушыны құттықтады. Байқауды жоғары деңгейде өткізген мектеп директоры Асымханова Оксанаға және мектеп әкімшілігіне алғысын білдірді.

Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлық және дипломмен марапатталды.

Алғыс хат алған қатысушылар: Ахметқызы Дана (Қарғалы мектебі), Темірбек Мирас (Әсеметов мектебі), Нұржанқызы Әсем (Бердіқұлов мектебі).

ІІІ орын: Жұмабеков Әлихан (Т.Бокин мектебі). Жүлделі үшінші орынға ақынның немересі, Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Ысқақов Әуелбек атындағы сыйлық тағайындалған екен.

Бұдан бөлек үшінші орынға Серікбай Айдана (Тарғап мектебі) және  Төменғали Айдана (Үмбетәлі Кәрібаев мектебі) лайық деп танылды.

ІІ орын: Нұртаза Қанат (Ақтерек мектебі). Екінші орынға ардагер ұстаз Нөсербаева Жібек атындағы сыйлық тағайындалған. Аталған сыйлықты ардагер ұстаздың ұлы, "Effective Media Liaison" (Tengrinews.kz, Vesti.kz және Massaget.kz) ЖШС директоры Сұңқар Қарабалин тапсырды.

Тағы бір екінші орын алған Мәмиев орта мектебінің оқушысы Бұрхан Арунаға Майлыбаев Асылхан атындағы жүлдені мектеп директоры Оксана Тастанқызы табыстады. 

І орын: Әбілқасым Мерейге (Үмбетәлі Кәрібаев мектебі) бұйырды. 

Ал бас жүлдені Қасымбек мектебінің оқушысы Жомартова Жадыра жеңіп алды. 

Байқау соңында мектепті аралап, ардагер ұстаз Нөсербаева Жібек атына берілген "Қазақ тілі мен әдебиеті" кабинетіне арнайы бас сұқтық. Жібек Жанайбекқызы қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ бере жүріп, Үмбетәлі ақынның шығармашылығына терең бойлап, ақын турасында зерттеген. Бастапқыда оның шығармашылығын таныту мақсатында сыныпта бұрыш ашылса, кейін мектеп дәлізінде стенд қойылған. Әр жылдары Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі Кәрібаевтың 90 және 100 жылдығына орай салтанатты шаралар ұйымдастыруға белсенді араласады. 80 жылдары Жібек Нөсербаеваның бастамасымен ақынның музей-үйі ашылып, кейін ол мемлекеттік музейге айналды. 2015 жылы 40 жылдық ауданның ағарту ісіне сіңірген еңбегі мен Үмбетәлі Кәрібаев шығармаларын болашаққа жеткізуге қосқан үлесі үшін Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының аты берілген.

Айта кетейік, биыл Үмбетәлі Кәрібаевтің 130 жылдығына орай облыс, республика көлемінде бірнеше іс-шара өтті. Бұл туралы ақынның немересі, Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры Ысқақов Әуелбек егжей-тегжейлі айтып берді.

"Биыл Үмбетәлі Кәрібаевтың 130 жылдығына орай көптеген іс-шара өтті. Солардың ең негізгілерін атап айтып берейін. Қазан айында "Жастар жылына" байланысты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Оны Үмбетәлі атындағы мұражай ұйымдастырды. Ал қарашада республикалық ақындар айтысы өтті. Бұдан бөлек ақынның музейінде "Ақындар мен батырлар елі" деген сурет көрмесі өтті. Бұл сурет көрмесін кейін "Ақындар бейнелеу өнерінде" атты тақырыппен Жаркентте, Қарасау ауданындағы "Атамекен" Президент орталығында, Алматыдағы Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінде өткіздік", - деді ақынның немересі.

"Жырдың қара жорғасы" атанған халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың 130 жылдығына орай, 25 қазан күні Алматы облысы, Жамбыл ауданында жас ақындар арасында облыстық ақындар айтысы өткенін, оған қасиетті Жетісу өңірінің түкпір-түкпірінен 14 айтыскер ақын мен 2 термеші қатысқанын жазған едік.

Т. Раушанұлы