Мемлекет басшысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке "Алтын жұлдыз" белгісін табыс етті

Мемлекет басшысы халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті қабылдап, “Қазақстанның Еңбек Ері” атағының “Алтын жұлдыз” айрықша ерекшелік белгісін табыстады.

Қазақстан Президенті көрнекті жазушының ұлттық әдебиетіміздің әлемдік деңгейге көтерілуіне қосқан елеулі үлесіне тоқталып, қазақ әдебиетінің абызын 95 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздегі жоғары наградамен марапаттағанын атап өтті.

– Сіз халқымызға керексіз. Сондықтан сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әбдіжәміл Нұрпейісов Мемлекет басшысына алғыс айтып, Тәуелсіз Қазақстанды өркендету жолындағы жұмысына табыс тіледі.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. 

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған “Курляндия” романын жазуға кіріскен. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл  Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. 

1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың  иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 

Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Қан мен тер” трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.  Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. 

Жазушы ретінде “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі”, Қазақстан мемлекетінің “Отан” орденімен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.