Ақмола облысы қаламгерлерінің аудиокітаптары шығады

Ақмола облысы қаламгерлерінің аудиокітаптары шығады
Фото: vk.com

Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен “Рухани жаңғыру” Өңірлік жобалық кеңсесі мен “EL Jastar” театры бірлескен “Ақмола облысы ақын-жазушыларының аудиокітаптары” сериясының шығармалар тізімі белгілі болды. Бұл туралы олыстық “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесі өкілдері хабарлады.

Атап айтсақ, тізімге Сәкен Жүнісовтің “Ақан сері”, Төлеген Қажыбай “Айбозым”, Сәбит Мұқанов “Балуан Шолақ”,  Естай Мырзахметов “Медет”, Ілияс Есенберлин “Қаһар”, Кәкімбек Салықов “Үкілі Ыбырай”, Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық әлемі, Ерік Асқаров “Арманымның ақ құсы”, Шоқан Уәлихановтың “Ертегілер” атты”  шығармалары енді.

“Ақылдастар алқасының қатарына Қуаныш Оспан, Гүлназ Бөкен, Мұхамед Қоңқаев, Сәрсенбай Хасенов, Мерген Тоқсанбай, Бақытбек Бекмұрат, Табысбек Үсен, Нұрболат Әлменов, Талапкер Уәлиев, Хакім Хасамбай, Қайрат Сейтқазин енген болатын. Осы ақылдастар алқасының шешімімен аудиокітап болып жазылатын шығармалардың тізімі бекітілді”, - дейді өңірлік "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі мамандары.

“Мұндай жоба Ақмола облысында алғаш рет қолға алынып отыр. Басты ерекшелік - қаламгер шығармасындағы әр кейіпкер жеке-жеке дыбысталып, кәсіби мамандар жұмылдырылмақ. Аудиокітаптардың сапасына баса мән беріледі”, - дейді жобаны ұйымдастырушылар.

Кітапттардың аудио нұсқасы "ZhаkonDRA Films" студиясында жазылады. Жақын арада бірінші аудиокітаптың тұсауы кесілмек.

Т. Раушанұлы