Дидар Амантай. Мизам шуақ (Таласбек Әсемқұлов туралы)

Дидар Амантай. Мизам шуақ (Таласбек Әсемқұлов туралы)
Фото: Yernar Almabek

Эссе

Күз. Елеусіз енген қыркүйек айында, баспаханада, ұялы телефондарымыздың дауысын төмендетіп қойып, терімші екеуміз кезекті кітаптың қатесін түсіріп отырған едік, бір қарасақ, Ерлан Төлеутай бірнеше мәрте қоңырау шалыпты.

Күллі әлем шомылған күн нұры терезеден үздіксіз құйылып тұр. Үлкенді-кішілі үстелдер үстіне, жағалай қаптата тізіп, компьютерлер қойған баспахана бөлмелері әдеттегідей жап-жарық. Кітап қарпі, фотосуреті, мұқабасын басқанда қолданылатын техникалық майлы бояудың қалың иісі тұс-тұстан аңқып мұрынды жарады. Мен кері телефон соқтым. Әр жақтан Ерекеңнің үзік-үзік құмығып шыққан тарғыл дауысын естідім.

Содан бері – өміріміз күрт өзгерді. Бейбіт, бірқалыпты ғұмырбаянымыз бұрын және кейін деген екі мерзімге бөлінді.

– Әй, Дидар, – дейтін ол, – сені көрсем, қарқаралылықтардың жүректің қылын шерткендей аса бір нәзік, талғампаз халық екені жадыма оралады.

Керісінше, Тәкең (Таласбек Әсемқұлов) қашанда жастық шағымды есіме түсіріп тұратын. Қайда барсам да, қасыма Шынарды ертіп жүруші едім. Бас сарашымыз – Жұмағаң (Жұмабай Шаштайұлы), жампоз Талғат Ешенұлы екеуміз оқшау майдан ашқан ержүрек шеріктердей алғы шепте ұлт мүддесін, жұрт мұратын қорып жүретінбіз. Бұл уақыт – апта сайын құлаш-құлаш мақала жазып, көлдей эсселерге қалам тартқан, бақыт кешіп, бақ сынаған, жайма-шуақ, аяулы кездер еді.

– Бір күні суисың, – деді Тәкең.

Әлі есімде, бұл сөзді айтқанда, біз Абай даңғылы бойымен, Шагабутдинов көшесін қиып бара жаттық. Зымыраған такси жол үстінде құстай ұшып келеді. Мен Тәкең сөзіне мән бере қойған жоқпын. Талғат Ешенұлы:

– Ол жасқа жеткенше, қайда, – деп күлді.

Тез екен. Таксиден бұрын жеттік. Дөңгеленген, шыр айналған дүние. Қас-қағым сәт, жылдамдатқан күй, алдамшы жаратылыс.

– Тағы бір қызық әңгіме айтып берейін бе?

– Біз келдік, –дедім, – келесі жолы.

Тәкеңе таң қалатынбыз. Тегінде, әрдайым тегі-сойын іздеп, қолқа салғанда, аса бір маңызды мәселелерді еш күрделендірмей, әңгіме шертіп тұрып, бір уақ көңіл бөліп, елеусіздеу түсіндіріп, жай ғана айта салатын. Біліміне, білігіне құрмет сұрап, сойынан терең мән танып, мәнінен жоғары мәртебе дәметіп, елден мақтан күтіп, жұрт назарын өзіне аудартып жатпайтын. Сосын, бізге қарап:

– Бір анекдот айтып берсем, уақыттарың бар ма? – дейтін.

Біз күлкіге дайындалып, жабыла бас шұлғимыз. Сөйтсек, Тәкеңнің өз уақыты тапшы екен.

– Баяғыда, – деп бастайтын ол, – жас шағым, тұратын тұрғылықты жерім жоқ, орнықты емеспін.

Біз жаңа бір уақиға арнасын аңғарамыз. Бірақ, мұңлы естелік екен. Әңгіме ауаны, баян аңғары көңілімізді уайым-шерге қарай бұрды.

– Бір пәтерден екінші бір пәтерге көшіп-қонып жүретін кезім.

Тұлғасына, сұңғыла бітіміне, біліміне қарап, біз Тәкеңе сене қоймайтынбыз, себебі қоғам көп оқыған, шындық шегіне, ізденіс мұратына, ой тереңіне елден бұрын қол созған ақылмандар қадіріңе ерте жетіп, ерте бағалайтын тәрізді көрінетін. Сөйтсек, өкінішке қарай, оқымыстының бәрін жұрт дер кезінде, дәл уақытында тани бермейді екен. Әділ баға, адал құрмет кешеуілдейтінін білдік.

– Көбіне, – дейтін Тәкең, – өзім қызмет жасайтын консерваторияның музейіне түнеймін, күнде кешкі сағат алтыда ел құралпы жұмыстан шығамын, сосын, санап, соңғы қара бақыр тиындарыма көшеден самса сатып алып, кезекші әйелді аңдимын, байғұс, бірақ, олар қашанда мейірімсіз һәм қатаң жұрт еді, орнынан тұрып, баспалдақпен жоғары көтеріліп, үстіңгі қабаттың дәлізімен алыстап кетіп бара жатқанда, жүгіріп барып, жалма-жан есіктің құлпын бұрап аша бастаймын, кенет, күтпеген жерден мен есептеген уақыттан ерте кері бұрылады, енді ту сыртымнан сөйлеген дауысы тақаған сайын асығамын, әйтеуір, қинала басып, сүйретіліп төменгі қабатқа түскенше, мен де баспалап бөлмеге кіріп үлгеремін, жарық жақпаймын, терезеден биік көтерілмеймін, екі орындық арасына газеттер тартып, кітаптармен  шеттерін үстінен басып, ағаш еденге киіз төсеп, екі-үш көрпе тастап, көмескі шам жарығы астында, алдын ала оқуға дайындап қойған ұлы романдарға бас қойып, тараудан тарауға көшіп, әлсіз сытырлаған парақтарын дембіл-дембіл ауыстырып, аса көп қозғалмай, үнсіз жатушы едім. Таңды таңға асырып талай туындыны тауыстық. Жоспарлы түрде емес, көне замандардан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы, қолыма түскен кез келген кітапты алып, жүйесіз оқи беретін едім. Шығарма кейіпкелеріне ілесіп бірге дүние кезіп, қатар саяхат жасайтынмын, зәулім, заңғар сарайларға қонып, сүйек орнатып, былғарыдан қаптаған алып сапиян кереуеттерде аунап-қунап, көл-көсір ағаш астаулардан ас та төк тамақ ішіп, ағыл-тегіл сусын, шырын жұтамын, көшпелі кедейдің жаппасында, отырықшы халықтардың алтын тағында отырамын…

Достоевский туралы айтып жатқанда, өзі Достоевскийге ұқсап кететін.

– Білесің бе, оның қаһармандары уақиғаларға қатысып жүрген әдепкі персонаждар емес.

– Енді не?

– Бір-бір идеяны, мазмұнды білдіретін ұғым-түсініктер.

– Сонда, сюжеттік желілері идеялар тартысын аңғарта ма?

– Иә.

– Қызық екен.

– Белгілі бір топтардың өзара күресі, задында, белгілі бір ой қақтығысын бейнелейді.

– Дәл.

– Бұл жылдары Ресей сан алуан революциялық қозғалыстардың орталығы, нешетүрлі авантюристердің мекені еді.

– Рас.

Тәкең деректерге мұқият, дәйектерге тиянақты еді. Бір сөзін жазу үшін орталық кітапханаларға жүз рет баратын. Ақыры, іздеген құжатын тауып, керек мәтінін көшіріп алып қайтатын.

Қаламгерлігі қандай болса, ғалымдығы, күйшілігі, аудармашылдығы сондай керемет еді. Екі тілде қатар жазатын. Қос тілді терең меңгергендігі соншалық, кейде оның – шығармасын қай тілде жазғанын, өзің қай тілде оқығаныңды – шатастырып аласың. “Жезтырнақ” деген туындысын Самарқанд (Мараканд немесе Афросиаб) қаласынан Ташкентке келе жатқанда, жолда, пойызда оқыдым. Мен оны қазақша оқыдым деп жүрсем, сөйтсем, орыс тілінде танысыппын.

Біз жұмыстан шығып, Тәкеңе еріп, үйге қайтпас бұрын, тұшпара дайындайтын кафеге соғатынбыз. Ол жерден жүз грамм ішіп тарқасатынбыз. Тәкең естеліктерін айтады, біз ұйып тыңдаймыз. Әсіресе, жазушылық өмірдің талайынан, шығармашылық қызметтің қызықтарынан көп мысал келтіретін.

Бірде, терезе ашықта, біреу баспа үйінің есігін жұлқып кіріп келеді, сонда, үстел үстінде қаланып тұрған қолжазба парақтары пыр етіп ұзынынан шашылады, авторына ескертпей, қауқылдасып отырған қызу жұрт өндіріске жіберілуге дайын қағаздарды қайта жинап алып, бірінің үстіне бірін – қалай болса, солай – жиып қоя салады, сонда, сол бетінше, басуға ұсынылған шығарманың оқиғалары қабысып жүре берген екен деп күлдіретін.

Тәкеңді мен арманға толы қылшылдаған жас күнімде көрдім, талғам-талабымыз бір болды, шығармашылық түсініктеріміз тоқайласты, көзқарастарымыз ұқсады. Жақсының көзі, асылдың сынығы, кіші Тәкең (Талғат Ешенұлы) бар, бәріміз достасып кеттік.

Біз сұмдық газет жасадық. Эссе жазып танылдық – жұлдыз болдық. Жұмағаң жазғандарымызға қол тигізбейтін. Әрі теруге кедергісіз жөнелте салатын.

Еркін жаздық – еркін жүрдік.

Басылым аз уақыт ішінде беделді мінберлердің біріне айналды. Саяси-әлеуметтік тақырыптардың кеңінен қамтылуы, заманауи пәлсапалық ағымдар жайлы жарияланымдардың жиілігі, батыл қалам, ұйысқан ұжым табыс кілті болды.

Бөлмелерде, дәліздерде Тәкең бастаған, біз қоштаған, интеллектуалдық әңгімелер өрбитін. Ұлт руханияты, алаш мұраты, қазақ мүддесі туралы сұқбаттарымыз біртіндеп әлем әдебиеті, классикалық романдар, кемел мәтіндер хақындағы ой-тұжырымдарымызға жалғасатын.

Тәкеңнің оқымағаны жоқ. Қай кітапты айтсаң да, Тәкең оқыған болып шығады.

Телефон шалып, Дидар, маған звондашы, дейтін. Звондасаң – екі сағат сөйлеседі. Әңгімелері қызықты еді. Пайдалы кеңестері, ақпар-мәліметі көп. Тәкең телефон шалғанда, жайдан жай сөйлеспейтін. Ол әдебиет, мәдениет, өркениет проблемаларын қозғайтын. Таным методологиясын талқылайтын.

Әдіс-тәсілі, жазу мәнері ерекше-тұғын. Көсіліп, төгіп-төгіп жазушы еді. Сөз байлығы, тіл құнары, ой қуаты – ғажап еді, шіркін.

“Бесін” шығармасы – шыңға шыққан туындыларының бірі еді. Ол Кобэ Абэнің “Жат келбетін” үздік тәржімеледі.

Досағаңмен (Досхан Жолжақсынов) тізе қосып, киноға қатар қызмет еткен жылдары Тәкеңнің екінші тынысы ашылды. Сәтті тандемнің арқасында ұлт жауһары, халық қазынасына айналған таңғажайып фильмдер дүниеге келді.

Досағаң, шын мәнінде, Тәкең тағдырын, жауапкершілігін өз мойнына жүктеді. Өз қолына алды. Оны жан-жақты қолдады, қамқорлық жасады, жанашырлық танытты. Туған бауырындай көрді. Тәкеңді алты алаштың құнына баға жетпес ұлттық құндылығындай, асыл қазына-байлығындай көрді. Өнерпаз жаңа өріс тапты. Тарлан талант, өрелі ойшылдың кеңістігі кеңейді, көкжиегі ашылды. Оны байқаған Тәкең кино өнеріне жан-тәнімен берілді. Сценарийдің бірінен соң бірін жазды.

Мысалы, “Тұмар ханымды” аяқтап қойды. Қазақтың аяулы перзенттері Абай, Абылай хан, Бөгенбай батыр туралы жазуға дайындалып жүрді.

Тарихи қаңлы халқы жөнінде тамаша еңбек жазды.

Досағаң сомдаған “Біржан сал” да, “Құнанбай” да кино өнері шежіресіндегі үлкен құбылыс болды. Кино кейіпкерлер қазақтың құнарлы ойы, қуатты тілімен сөз жарыстырып, би-шешен салтымен қаулай, жүйрік, жорға сөйледі.

Асыл образдар бейнесі әлі есімде. Біржан, Құнанбай, жас Абай, Барақ, Бөжей, Зере, Ұлжан және тағы басқа тарихи персонаждар экранда нанымды шықты, көркем, озық кейіптелді.

Қайран Тәкем шаршамайтын, жүктелген іске енжар, немқұрайды қарамайтын, өнердің ақ пейіл, ақ адал бейнетқор қайраткері еді. Жасанды қылық, жалған мінез, ғайбат сөз, қулық-сұмдық, қиянат-қорлыққа жаны қас-тұғын.

Жауапкершіліктен қашпайтын, әділетке жақ тұлға ретінде ел есінде қалары сөзсіз.

Біз жиырма жылдай дос болдық. Білімі ұшан-теңіз, өмірге, өнерге деген көзқарасы терең, сұңғыла, бірақ, – мінез-құлқы, адамгершілік қасиеті айрықша, ерекше қарапайым – адам екендігіне сан рет көзім жетті.

Пафосты жек көретін. Фальшті төзбейтін. Құтқаратын жолы – бір бітпейтін, таусылмайтын анекдоттары еді.

Жорта маңызды адамның өз басын, сөлекет сөзін, томпақ іс-әрекетін күлкіге ұшыратып отыратын.

Ірі суреткер. Шебер жазушы. Ұлттық бояуы қанық қаламгер.

Тәкеңнің кез келген кәсіпті игеріп, кез келген мамандық иесі болып кете алатын зор қабілеті бар еді.

Біз Тәтекең (Тәттімбет) туралы деректі фильм түсіргенде, аға достан (Тәкең) көп сұқбат алдық. Негізгі жұмыстарды, бар шаруаны Ерекең (Ерлан Төлеутай) атқарды.

Сонда, байқадық, ол күй табиғатын, тарихын, орындаушылық шеберлігін жете меңгерген тұлға. Білімі – энциклопедиялық, білігі жан-жақты Тәкең, шынымен, кім?

Абыз.

Оның бірде, мизам шуақ туралы айтқаны бар. “Бабье лето” дегеніңіз – осы мизам шуақ, деп еді.

Енді бірде, қазақтың “екі жастың біріне келмей” деген данагөй сөзі туралы ой қозғап еді. Бұл жерде алаш алпыс жасты айтып отыр. Түркі күнтізбесі бойынша, алпыс – аса маңызды сан…

Тағы да. Бірде, “самоидентификацияны” қазақшаға аудардым, деді. Ойланып тұрып:

–“Тектестік”, – деп қуана езу тартты, – ал “подсознание” – түпсана.

Келістім.

Түпсана – абыздың мекені. Жалғыз өзі билейді. Сөніп жатқан оттарды, ұйқыдағы белгілерді, көне дүниені оятады. Тұлға түпсанадан туады.

Тәкең – тектестігін тапқан адам. Аштық жылдары жұрт қырылып жатқанда, ағайын-туған бетіміз ауып, тәуекелге бел байлап, қасиетті өлке Қарқаралыдан жаяу-жалпылап Семей өңіріне көштік дегенді кейінгі кез жиі айтып жүрді. Өнер ордасы Қарқаралының бағы тайды: дәулескер күйшілер мектебі ойрандалды. Ертеде екінің бірі он саусағынан өнер тамған өнерпаз, асқан күйші еді.

Аса қадірлі, аяулы Тәке 2014 жылы 23 қыркүйекте, мизам шуақ күндері, екі жастың біріне келмей, қайтыс болды.

19.10.2019

Т. Раушанұлы